Елордада көп маманның орнын алмастыратын суперкомпьютер таныстырылды

Жаңалықтар
view 138
news

Фотосурет: Ақорда

Астанада Қазақстандағы алғашқы автономды NeuroBox суперкомпьютері таныстырылды. Ол құрылғы мемлекеттік органдар, компаниялар мен зерттеу орталықтарына ЖИ-мен толық автономды, қауіпсіз режимде, интернетке қосылмай жұмыс істеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат порталы.

Таныстырылым барысында ЖИ мүмкіндігінің жобалық құжаттаманың нормативтерге сәйкестігін тексеру, мемлекеттік сатып алуларға арналған спецификацияларды талдау сияқты мемлекеттік қызметтерді жылдам атқаруға жеткілікті екені көрсетілді.

Өзіміз тест жасадық. Суперкомпьютер функционалды түрде көп нәрсені алмастыра алады. Мысалы, толықтай регламенттелген функцияларды жасанды интеллектке беруге болады. Қазір ол өте жақсы жұмыс істейді. Соған қарамастан оны бақылау қажет. Соңында, әсіресе мемлекеттік мекемелерде бәрібір бір адам «бәрі дұрыс, жақсы жасалған» деп қол қоюға тиіс, – дейді NeuroBox компаниясының негізін қалаушылардың бірі Төлеген Омарбеков.

Осы орайда ол басты артықшылық жылдамдық екенін жеткізді. Айтуынша, қазір мемлекеттік немесе мемлекеттік емес компанияларда қандай да бір құжат немесе шешім қабылданатын болса, оның нәтижесі айларға созылып кетеді. Себебі адамның ойлануы, ақпаратты қорытуы, қосымша деректер іздеуі, салалық мамандарды жалдап, қорытынды алуы керек.

Ал нейробокс осының бәрін секундар ішінде жасап, сізге дайын шешім ұсынып, сіз тек соңғы сөзді айтып, басшы ретінде шешім қабылдайсыз, – дейді маман.

Сондай-ақ ол суперкомпьютер мемлекеттік қызметтегі мамандардың қысқаруына әкеп соқса да толықтай қысқарту болмайтынын алға тартып отыр. Өйткені кезінде интернет шыққанда да жұрт жұмыс істейтін адамдардың саны қысқарады деп ойлаған. Сол сияқты, жасанды интеллект – жаңа болашақ, одан қашып құтылу әсте мүмкін емес.

Төлеген Омарбеков «суперкомпьютер барлық мамандықты алмастыра алады» деген халықаралық теорияны да жоққа шығарып отырған жоқ. Алайда ол теория әзір толыққанды шындыққа айнала қоймайды деген сенімде.

Іс жүзінде олай болмай жатыр және таяу онжылдықтарда да болмайды. Өйткені жасанды интеллект әлі де дамуға тиіс, – деп нақтылады сөзін арнаулы маман. 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *