Елордада Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күні қалай атап өтіледі?

Редакция таңдауы
view 141
news

Жеңіс күні мен Отан қорғаушы күніне орай елордада 50-ден астам түрлі іс-шара жоспарланып отыр, деп хабарлайды janabastau.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 6-9 мамыр аралығында елорданың барлық ауданында мерекенің басты рәміздерінің бірі – естелік төсбелгілер мен Жеңіс ленталарын тарату акциясы өтеді. 8 мамырға дейін Әскери-патриоттық музейде оқушыларға тегін экскурсиялар өткізіледі. Отан қорғаушылар күніне орай мектептер мен колледждерде ертеңгіліктер, бірыңғай сынып және кураторлық сағаттар, «Отан үшін от кешкендер» әскери қызметшілермен тақырыптық кездесулер ұйымдастырылады. 5 мамыр күні «Демеу» қайта әлеуметтендіру орталығы Отан қорғаушылар туралы фильм көрсетеді. 7 мамырда мерекелік концерттер «Бәйтерек» – «ОТАНЫМ – АМАНАТЫМ» монументінің жанында - сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін және Nomad City Hall - «Жеңіс жолы» ғимаратының жанында сағат 12:00-де өтеді. Сағат 15:00-де және 19:00-де Музыкалық жас көрермен театры «Гауһартас» музыкалық драмасына шақырады. 7-9 мамыр аралығында Үркер тұрғын алабында №5573 әскери бөлімнің үрмелі аспаптар оркестрінің далалық асханасы мен концерті ұйымдастырылады. Осы күндері «Ақжол» аула клубы айтулы екі мерекеге орай концерттік бағдарлама дайындап отыр. 8 мамыр күні кешкі сағат 19:00-де Nomad City Hall-да көрермендер Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» драмасын тамашалай алады. 2-10 мамыр аралығында «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Жеңіс күніне арналған әндер, өлеңдер мен қолөнер байқауы өткізіледі. 5-8 мамыр аралығында білім беру ұйымдарында «Арамыздағы ардагер» челленджі іске қосылады. Ал №50, 60, 80 және 52 мектептерде «Қанды соғыс туралы шағын әңгімелер» атты танымдық дәрістер өтеді. 5 мамыр күні сағат 11:00-де «Үміт» дағдарыс орталығында Жеңіс күніне орай тәрбие сабағы жоспарланып отыр. Сағат 15:00-де белсенді ұзақ өмір сүру орталығы көркемөнер ұжымдарының қатысуымен «Ерлік ізі өшпейді» концертіне шақырады. 7-9 мамыр аралығында әскери оркестр ардагерлерді өз үйінің ауласында Жеңіс күні мерекесімен құттықтайды. Айта кетейік, 8 мамырда Астанада ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері үшін қала аулаларында дәстүрлі жылжымалы концерт ұйымдастырылады. Сағат 18:00-де Qazaqstan ОКЗ сахнасында Еркеш Шакеевтің Eastwest in Astana мерейтойлық авторлық концерті басталады. Сәкен Сейфуллин мұражайында 5-8 мамыр аралығында Отан қорғаушы күніне арналған «Ел қорғаны - Ұландар» көрмесі, ал 8-11 мамыр аралығында Қ.Қайсеновтің 105 жылдығына және Жеңіс күніне арналған «Ұлы жеңіс батырлары және Қасым» атты экспозиция жұмыс істейді. Жеңіс күні, 9 мамырда «Отан Ана», Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Иван Панфилов ескерткіштеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған монументалды кешенге гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Кешкі сағат 19:00-де музейде «CHANEL № 5» деректі драмасы ұсынылады. 14:00-ден 17:00-ге дейін Есіл жағалауындағы амфитеатрда «Отанға қызмет - ұлы құрмет» концерттік бағдарламасы ұйымдастырылады. 9 мамырда спортсүйер әуесқойлар Триатлон паркіндегі жеңіл атлетика эстафетасына қатыса алады. 11 мамыр күні кешке «Жастар» сарайының залында «Астана» эстрадалық симфониялық оркестрі өнер көрсетеді. 11 мамыр күні сағат 12:00-де «Ардагер» халық хоры Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Біз бұл күнді есте сақтаймыз» концертімен өнер көрсетеді. 17 мамыр күні сағат 12:00-де «Соғыста да ән шырқалған» әдеби-музыкалық композициясы өтеді, ал 23 мамыр күні сағат 15:00-де тыл еңбеккерлерімен кездесу ұйымдастырылады. Естеріңізге сала кетейік, Жеңістің 78 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, әскери іс-қимылдарына қатысушыларға, Астанада тұратын тыл еңбеккерлеріне біржолғы төлем аударылады. Сондай-ақ осы санат үшін мамыр айында №8 емханада тегін медициналық тексеруден өту ісі қарастырылған. «Қамқорлық мекенжайы» акциясы аясында оларға азық-түлік себеттері беріледі, аулалары қоқыстардан тазартылады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *