Ең төменгі жалақы көтерілсе де айлығыңыз өспейді – Ұлттық банк төрағасы
Фотосурет: janabastau.kz
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Үкіметке ең төменгі жалақы көлемін 120 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Алайда Ұлттық банк төрағасы оған кереғар уәж келтіріп отыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Ұлттық экономика министрлігі өзі үшін ешқандай жауапкершілік алмай, бізге баға ұсынады. Олар тағы үш жыл күте тұрайық дейді. Қазір ең төменгі жалақы көлемі 120 мың теңге болуға тиіс. Күтетін ештеңе жоқ. Қабылданып жатқан құжаттарға сәйкес әрекет етуіміз керек, - деді депутат Үкімет кулуарында.
Оның пікірінше, Дүниежүзілік еңбек ұйымының конвенциясына сәйкес ең төменгі жалақы көлемі елдегі медиандық жалақының 50%-ынан кем болмауы керек. Ал қазір елімізде ең төменгі жалақы – 85 мың теңге, биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша, медиандық жалақы – 300 мың теңге.
Алайда Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда 85 мың теңге ең төменгі жалақыны ешкім де алмайтынын алға тартып отыр. Сонда да келесі жылы ол көлем өзгеріссіз қалады.

Ең төменгі жалақы – жай ғана көрсеткіш. Меніңше, мұндай жалақы Қазақстанда жоқ, бәрі одан көп алады. Орташа жалақы – 460 мың теңге, медианалық жалақы – 300 мың теңгеден сәл асады. 85 мың теңге – негізінен статистика үшін есептік көрсеткіш. Егер оны көтерсең, Қазақстандағы бүкіл жалақы деңгейі көтеріледі дегенге мен келіспес едім, - дейді бас банкир.
Оның айтуынша, ең төменгі жалақының көтерілуі мемлекеттік қызметтегі еңбекақының өсуіне әсер еткенмен, халықтың басым бөлігіне қатысты болмайды. Ал нарықтық секторда жалақы еңбек өнімділігі артқан жағдайда ғана көтеріледі.

Сондықтан ең төменгі жалақыға тым қатты мән берудің қажеті жоқ. Біз жоспарлы экономикада өмір сүріп жатқан жоқпыз. Сондықтан ең төменгі жалақы көтерілді екен деп сіздің басшыңыз (мейлі ол ЖШС директоры, жеке кәсіпкер болсын) өз қызметкерлерінің жалақысын міндетті түрде көтереді деу – қате түсінік, - деп салды Ұлттық банк төрағасы.
Пікірлер (0)