Еңбек ететін адамның әлеуметтік қорғалуы: еңбек құқықтарынан зейнетақы кепілдіктеріне дейін

Жаңалықтар
view 43
news

Фото: Ресми дереккөзден

Жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде Қазақстанда "Еңбек күні" аталып өтеді. Бұл әр адамның өміріндегі еңбектің маңыздылығын және азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын сақтаудың маңыздылығын еске түсіруге себеп. 

Ресми жұмысқа орналасу — бұл тек жалақы алу мүмкіндігі ғана емес. Ол жұмыскердің заңнамада көзделген еңбек және әлеуметтік кепілдіктерге ие болуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ болашақ зейнетақымен қамсыздандырудың негізін қалыптастырады.

Еңбек құқықтары: Әрбір жұмыскердің қауіпсіз еңбек жағдайларына, еңбегіне уақтылы және тиісті ақы төленуіне, демалуға, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына және еңбек заңнамасында көзделген басқа да кепілдіктерге құқығы бар.

Егер еңбек құқықтары бұзылған жағдайда, азамат өзінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.
Әлеуметтік кепілдіктер: Ресми түрде жұмысқа орналасу адамның әлеуметтік қорғалуында маңызды рөл атқарады. Заңнамада белгіленген жағдайларға сәйкес жұмыскер үшін міндетті әлеуметтік және зейнетақы аударымдары жүзеге асырылады.

Бұл төлемдер азаматтың мемлекеттік әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне қатысуын қамтамасыз етеді.
Болашаққа қамқорлық бүгіннен басталады
Болашақ зейнетақы төлемдерінің мөлшері тек еңбек өтіліне байланысты емес. Зейнетақы тағайындау кезінде еңбек қызметінің кезеңдері, зейнетақы аударымдары жүргізілген табыс мөлшері, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуы және заңнамада көзделген басқа да көрсеткіштер ескеріледі. 

Сондықтан еңбек қызметі туралы мәліметтерді, сондай-ақ зейнетақы аударымдарының толықтығы мен дұрыстығын алдын ала тексеріп отырған маңызды.
Өз құқықтарыңызды біліңіз!

Әлеуметтік қорғалу — азаматтың өз құқықтарын білуінен басталады. Еңбек құқықтарын білу, еңбек қатынастарын ресми түрде рәсімдеу, әлеуметтік және зейнетақы аударымдарына жауапкершілікпен қарау — заңда көзделген кепілдіктерді уақтылы пайдалануға мүмкіндік береді.
Лайықты еңбек — бұл бүгінгі жұмыспен қамтылу ғана емес, адамның болашақтағы әлеуметтік қорғалуы.

 

Халықты әлеуметтік реттеу және
бақылау комитетінің Ақмола облысы
бойынша департамент басшының м.а.
Гүлмира Ысқақова

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *