ЕҰУ-да академик Сейіт Қасқабасовтың 85 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Жаңалықтар
view 49
news

Фотосурет ЕҰУ

Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Фольклортану мен әдебиеттану ғылымы: өзекті мәселелер және жаңа парадигмалар» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

2025 жылдың 14 қараша күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, филология факультеті, қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен көрнекті фольклортанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик, қоғам қайраткері Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Фольклортану мен әдебиеттану ғылымы: өзекті мәселелер және жаңа парадигмалар» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Арнайы іс-шара Қазақ әдебиеті кафедрасының «Көрнекті әдебиеттанушылар» галереясына академик Сейт Қасқабасовтың портретін ілуден басталды. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына отандық және әлемдік фольклортану, тіл және әдебиет саласының белгілі мамандарымен қатар Түркия, Польша, РФ Татарстан, Башқұртстан, Хакасия және Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің жетекші ғалымдары қатысты.

Пленарлық мәжілісті Филология ғылымдарының кандидаты, Филология факультетінің деканы Дүйсенғазы Серікзат Мақсұтұлы жүргізді. Алқалы жиын Басқарма төрағасы-ректор, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың құттықтау хатымен ашылды. Құттықтау сөзді Проректор Ардақ Бисембаев жеткізді. Ерлан Бәтташұлы өз құттықтау сөзінде ғалымның ғылыми еңбегін баяндай отырып, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, қоғам қайраткері, ғалым, академик Сейіт Қасқабасовтың сексен бес жылдығына орай университетімізде өтіп отырған «Фольклортану мен әдебиеттану ғылымы: өзекті мәселелер мен парадигмалар» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның маңызы орасан зор. Академик Сейіт Қасқабасов қазақ ғылымын академиялық бағытта дамытуға, оның теориялық және методологиялық деңгейін жаңа биікке көтеруге бар саналы өмірін арнаған. Айтулы ғалымның ғылыми-педагогикалық ғұмырының белесті кезеңдері біздің университетімізбен тығыз сабақтас. Сейіт Қасқабасов 1997-2001 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Еуразия» ғылыми орталығы мен шығыстану факультетін құруға белсене араласып, нәтижелі жұмыс атқарды. Шығыстану факультетімен қатар 2012–2019 жылдары Қазақ әдебиеті кафедрасын басқарып, университетіміздің ғылыми әлеуетін арттыруға, білікті мамандар мен білімді ұстаздар даярлауға зор үлес қосты. Өзіне де, өзгеге де өрелі талап қоя білетін ұлағатты ұстаздың ғылыми жетекшілігімен 27 кандидаттық, 13 докторлық және 3 PhD диссертация қорғалды. Қазіргі уақытта қай ғылым саласы болмасын негізгі талап – жаңашылдық. Бұл тұрғыда академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов шын мәнінде жаңашыл ғалым болатын», – деді. Сондай-ақ, академик Сейіт Асқарұлының ұлттық фольклортану, әдебиеттану мен руханиятына, отандық білім беру жүйесі мен білікті мамандар дайындауға қосқан зор үлесін атап көрсетті. Ғылыми еңбектерінің фольклортану мен әдебиеттанудағы жаңалығы мен маңызын, өзектілігі мен жасампаздығын зерделеді. ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлы сөз алып, байсалды ойларымен конференция жұмысына сәттілік тіледі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың құттықтау хатын Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан жеткізді.

Сонымен қатар конференция жұмысына арнайы жолданған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай, Түркі академиясының Президенті Шаһин Мұстафаев, Шәкәрім университетінің басқарма төрағасы-ректоры Думан Орынбеков құттықтаулары оқылды. Конференцияда академик Сейіт Қасқабасовпен сыйлас болған замандастары, әріптестері мен шәкірттері жылы лебіздерімен бөлісті. Атап айтқанда, Татарстан ғылым академиясының академигі Хатип Миннегулов, Қазан федералды университетінің профессоры Флёра Сайфуллиналардың ой-толғаныстары, жүрек жарды пікірлері жылы қабылданды.

Пленарлық мәжілісте ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов «Фольклортану феномені» тақырыбында баяндама жасады. Ол ғалымның ғылыми еңбегін зерделей келіп, «Қай республикаға барсаңыз да, әдебиетші не фольклортанушы қауыммен сөйлесе қалсаңыз, олардың Сейіт Қасқабасовты қалай бағалайтынын анық көресіз. Биылғы жазда Уфаға барған едім, сонда да бірқатар кісілермен әңгімелесу сәті түсті. Одан бұрын Ташкентте болдым, Түркияда да, Мәскеуде де түрлі ғылыми ортада болып жүрміз. Сол барған жерлердің барлығында ғылым адамдарынан Сейіт Қасқабасов туралы жылы пікір, жоғары құрмет естисіз. Жаңа ғана Хатип Миннегулов «Это для нас тоже большая утрата» деген сөзін естідіңіздер. Ол: «Татар халқы үшін де бұл – үлкен қайғы» деп тебірене айтты. Шынында да, Сейіт Қасқабасовтың еңбектеріндегі талай түйіндер әрі таңдандырады, әрі шын мәнінде жанды елжіретеді. ысалы, Сейіт аға қазақ ертегілерінде жетім бала мотивінің өте аз кездесетініне назар аударады. Неге бұлай деген сұраққа жауап іздей отырып, ол бұл құбылыстың сырын қазақтың әрменгерлік салтымен байланыстырады. Яғни, мұндай жағдайда бала жетімге жатқызылмаған. Сондай-ақ, бала асырап алудың жиі кездесуі жетімдердің санын азайтқанын айтады», –деп баяндады.

Пленарлық мәжілісте М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҰҒА академигі Кенжехан Матыжанов «{алық мұрасын қастер тұтқан ғұлама» (Алматы, Қазақстан), ҚР Президентінің кеңесшісі, ҰҒА академигі Бауыржан Омаров (Астана, Қазақстан) «АКадемик Сейіт қасқабасов және көне шығыс сюжеттерінің трансформациясы», Ұлттық құрылтай мүшесі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің Бас директоры, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы «Алаш қайраткерлері ел әдебиеті туралы» (Астана, Қазақстан), Еге университеті Түркі дүниесін зерттеу институтының профессоры, PhD Метин Екижи (Измир, Түркия) «Seit A. Kaskabasov ve türk dünyasi folklor çalişmalarina katkilari», Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиев (Астана, Қазақстан) «Академик Сейіт Қасқабасов: рухани-тілдік құндылық мәселелері», Еге университеті Түркі дүниесін зерттеу институтының доценті, PhD Фазиль Оздамар (Измир, Түркия) köroğlu (goroğlu) destani araştirmalarinda Alexander Chodzko’nun yeri, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстан филиалы, филология кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Галина Власова (Астана, Қазақстан) «золотая жила академика С.А.КаскабасовА», Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Абат Пангереев (Ақтөбе, Қазақстан) «Баллада жыр: зерттеу тәсілдері», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жанат Аймұхамбет «Сейіт Қасқабасов зерттеуіндегі қазақ мифологиясы» (Астана, Қазақстан), А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықов (Қостанай, Қазақстан) «Ұстаз жолы: ерік-жігер пен парасат бірлігі» атты тақырыптарында ғылыми негізделген, маңызы жоғары баяндамалар жасалды.

Конференцияда «Академик Сейіт Қасқабасов және қазіргі фольклористика міндеттері», «Сейіт Қасқабасов мұрасы және мемлекетшілдік мұрат», «Сейіт Қасқабасов зерттеулері және пәнаралық ықпалдастық» атты секциялар жұмысы жүргізілді. Оларда С.Қасқабасов ғылыми еңбектерінің қазіргі фольклортану, филология саласы мен гуманитарлық білім беру жүйесіндегі маңызы талданып, рухани және мәдени құндылықтар хақындағы ой-толғамдарының өзектілі сараланды. Ғалым Сейіт Қасқабасов ғылыми мектебі өкілдерінің фольклортанудың, қазіргі әдебиеттанудың жаңа парадигмаларын зерделеудегі ізденістері талқыланды.

Конференция жұмысы қорытындыланып, арнайы қаулы қабылданды. Қаулыда ҚР Үкіметінен Астана қаласындағы мектепке, көшеге көрнекті қоғам қайраткері, фольклортанушы, әдебиеттанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың есімін беру мәселесі пысықталды.

Сонымен қатар көп жыл білек сыбана еңбек еткен, алғаш рет солтүстік, солтүстік-шығыс аймағында білікті ғылыми-педагогикалық кадр даярлау мақсатында отандық және шетел ғалымдарының басын қосқан біріккен диссертациялық кеңес ашқан, ҒЗИ директоры, факультет деканы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарып және ұстаздық еткен осы университетте «Академик Сейіт Қасқабасов» атындағы аудитория ашу мәселесі көтерілді. 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *