Ғарифолла Әнестің ғылыми еңбектерінің таныстырылымы өтті
Фотосурет: дереккөз
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Қабдолқайырұлы Әнестің ғылыми еңбектерінің тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Арыс» баспасы және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды.
«Ғылым. Қоғам. Кітап әлемі» тақырыбымен өткен жиын қазақ руханиятына, алаштану мен мәтінтану саласына, сондай-ақ ұлттық мұраны жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу ісіне елеулі үлес қосқан тұлғаның еңбегін кеңінен танытуға арналды.

Шара барысында Ғарифолла Әнестің шығармашылығы мен ғылыми мұрасына арналған бейнебаян көрсетіліп, ғалым еңбектерінің таныстырылымы мен ғылыми басылымдардың тұсаукесері өтті.
Салтанатты жиынды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов жүргізді.
Жиында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омаров кіріспе сөз сөйлеп, Ғарифолла Әнестің ұлттық ғылым мен руханиятқа сіңірген еңбегіне тоқталды.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Бағдан Момынова ғалым еңбектерінің ғылыми маңызы туралы баяндама жасады.
Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен оқырман қауым қатысты. Басқосуда Ғарифолла Әнестің қазақтың ғылыми ойы мен рухани жадын жаңғырту жолындағы еңбегі айрықша аталып өтті.
Әсіресе оның Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеу, жүйелеу және жариялау бағытындағы қызметі, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Жұбанов сынды тұлғалардың еңбектерін қайта әзірлеп, ғылыми жұртшылыққа ұсынудағы рөлі ерекше бағаланды.
Жиында ғалымның жетекшілігімен жарық көрген «Алаш. Алашорда» энциклопедиясы, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының көптомдық толық жинақтары, сондай-ақ «Алаш – 100» атты 100 томдық мегажоба секілді іргелі еңбектер қазақ ғылымы мен руханияты үшін құнды мұра ретінде танылды.
Сонымен қатар ХХ ғасыр басындағы көптеген басылымды араб қарпінен қазіргі жазуға көшіру арқылы ұлттық мұраны жаңғыртуға қосқан үлесі де ерекше назарға алынды. Шара аясында Ғарифолла Әнес еңбектерімен бірге «Арыс» баспасының жаңа басылымдары да таныстырылды.
Бұл басқосу ғылыми мұраны жариялау, кітап мәдениетін дәріптеу және ұлт руханиятына қызмет еткен тұлғалардың еңбегін кейінгі буынға таныту ісіндегі маңызды мәдени-ғылыми алаңға айналды.
Ғарифолла Қабдолқайырұлы Әнестің ғылыми және баспагерлік қызметі қазақ қоғамының тарихи жады мен зияткерлік кеңістігін байытуға бағытталған іргелі еңбектермен сабақтас. Осы тұрғыдан алғанда, аталған тұсаукесер тек жаңа басылымдарды таныстыру шарасы ғана емес, ұлттық ғылымның, қоғамдық ойдың және кітап әлемінің өзара байланысын айқындаған мазмұнды рухани кездесу болды.
Пікірлер (1)
Тіл саясаты комитеті қазақ тілін дамыту үшін қандай шара ұйымдастырып жатыр? Әр жыл сайын Тіл саясаты комитетіне қазақ тілінің мәртебесін көтеру, дамыту үшін ел бюджетінен миллиондаған қаржы бөлінеді. Оның барлығы қайда кетіп жатыр? Бұл сауалдың жауабы - біреу. Тіл саясаты комитетінің қазіргі төрағасы Ербол Тілешов - әккі жемқор.