Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір!»

Редакция таңдауы
view 514
news

Елорда төрінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұлықтау салтанатты рәсімі өтті. Айтулы іс-шарада Мемлекет басшысы ант беріп, президенттік қызметіне ресми кірісті. Қазақстан Республикасы Президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің алдағы 7 жылдық қызметін халықпен бірге абыроймен атқаруға сенімді екенін жеткізді. Мемлекет басшысы көк туды сүйіп, дана халқының алдында бас иіп елдің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт берді. Ол ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант етті. Халқымыздың арғы-бергі тарихында ел-жұрттың бірлік туының астына ақ ниетпен жиналып, ел тізгінің ұстаған тұлғаның құрметіне ұлықтау рәсімін өткізудің мәні де, маңызы да жоғары. Ал, осынау жаһандану заманында егемен елдің еңселілігін көрсетіп, дербестігін паш етіп, әлем көз тіккен бас қалада салтанатты түрде ұлықтау рәсімінің жоғары деңгейде өткізілуін – халқымыздың сан ғасырдан бері қалыптасқан салтқа берік болып, бекем бірлік пен көркем тірлікті ұштастыруы деуге болады. Ұлықтау рәсіміне Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, орталық мемлекеттік басқару органдарының басшылары, Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, діни конфессия өкілдері, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, президенттікке үміткер болғандар, саяси партиялардың басшылығы, Республикалық және аймақтық қоғамдық штабтардың мүшелері, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, іскер топтар өкілдері, көрнекті ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты. Кезектен тыс сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел жұртшылығының үлкен қолдауына ие болып, айқын басымдықпен Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануы – егемендікті баянды ету жолындағы ең биік белестің бірі болды. Ел Қасым-Жомарт Кемелұлына елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артты. Бұл саналы таңдау болды. Себебі, Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясат нәтижелі және жемісті болып отырғаны белгілі. Сол сенім жүгі елді абыройдың биігіне шығарып, өсу мен өркендеуге, жаңару мен жаңғыруға негіз болмақ. ҚР Президентін ұлықтау шарасындағы байрақ пен берген антының мәні мен мағынасы бұл жолы ерекше деп атауға болады. Бұрын ол Назарбаевтан сол Назарбаевқа қайта көшетін. Содан кейін де болар, бұған дейін де өзіне тиесілі болып келген билік символын табыстаудан қандай да бір өзгешелік сезілмейтін. Енді оның келесі президенттерге және одан кейінгі президенттерге қалай өтетінін елестетуге болады. Иә, сондай мүмкіндік те туды бізге. Енді әркезде әркім оны өзінше толқып, тарих алдындағы жауапкершілігін түйсіне отырып, қабылдайды. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Президент өз сөзінде «Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын» деп атап өтті. Елдік мұрат жолында ерге жүктелген міндеттің салмағы жеңіл емес. Ұлт болып ұйысқанда, бір қолдың саласындай болып біріккенде ғана алдағы асу бағынады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең бірінші Жарлығын ауылдың дамуына арнауынының өзі жақсы нышанның белгісі. Халықтың тең жартысынан жуығы ауылдық жерде тұрады. Қала тұрғындарының көпшілігі ауылмен тығыз байланыста өмір сұріп жатыр. Еліміз үшін ауыл шынымен де ерекше маңызға ие. Егер оның келбетін өзгерту, ауылдағы өмір стандарттарын қазіргі өркениет нормаларына жақындату мүмкін болып жатса, бұл елеулі жетістікке айналады. Ондайда келесі қадам аграрлық секторға жоғары технологиялық кадрларды тарту, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және елімізді азық-түліктің ірі экспорттаушыларының біріне айналдыру болмақ. «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидасы бойынша жұмыс жасалады. «Әлілетті мемлекет, әділетті экономика, әділетті қоғам құруда алда үлкен жұмыстар тұр. Біз оған бірлесе жұмыс істеп жетеміз. Ең басты тірегіміз – халық!»- деді Тоқаев. Cалтанатты ұлықтау рәсімінен кейін Мемлекет басшысы отандық өнер жұлдыздарының концертін тамашалады. «Қазақстан» орталық концерт залының сахна­сында еліміздің танымал әншілері Роза Рымбаева, Димаш Құдайберген, Рухия Байдүкенова, Алишер Каримов, Біржан Хасанғалиев, Ұшқын Жамалбек, Тамара Асар, сондай-ақ «Астана балет» театры, Contrast, Terra би ұжымдары мен тағы басқа мәдениет қайраткерлері өнер көрсетті.

Мадина Сарбалаева

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *