ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНА – ЖАҢА КӨЛІКТЕР

Редакция таңдауы
view 62
news

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов қалалық полиция бөліміне 3 Chevrolet Cobalt және 1 JAC Sanrar маркалы автокөліктің кілттерін табыстады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз хатшысы Ардақ Зұлқажапқызы хабарлады. Шаһар басшысы Гайдар Қабдуллаұлы құттықтау сөзінде Қосшы қаласындағы полиция бөлімі биыл жаңа ғимаратқа орналасқанын атап өтті. Президент тапсырмасына сәйкес, құқық қорғаушылардың қоғамдық тәртіпті сақтаудағы міндеттерінің артуына сай келуі үшін материалдық-техникалық базаны нығайтудың тиімді шаралары қабылданып жатыр. – Еліміздің Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов және Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаев арнайы келіп, Қосшы қалалық полиция бөлімінің материалдық-техникалық базасымен танысқан еді. Үш қабатты нысанда тәртіп сақшыларының тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай бар. Жедел басқару орталығы жұмыс істеп тұр. Қосшы қаласы бойынша барлығы 128 камера іске қосылған, сондай-ақ, «Автоураган» жүйесінің 4 камерасы орнатылған, – деді Гайдар Қабдуллаұлы. Бұған қоса қала аумағында «Сергек» кешенін енгізу бойынша «Көркем Телеком» ЖШС-мен бірлескен жұмыс атқарылып, бір камера Республика көшесінің бойындағы «Восточный двор» мейрамханасының жанындағы бағдаршамға, екіншісі Лесная поляна тұрғын алабындағы орталық көшеге орнатылған. Қазір олар пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Кешендерді орнату оң нәтиже беруде. Бақылаулар нәтижесінде жол қозғалысына қатысушылар арасында тәртіп сақтау деңгейі жақсарғаны байқалады. Сонымен қоса «Қорғау» жүйесі іске қосылды. Соның нәтижесінде полиция қызметкерлері планшетке түскен мәліметтер арқылы жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтап, дереу шара қолдануда.  

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *