Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл науқан ерекше әділ, ашық өтті»
Редакция таңдауы
190
Жұрт болып күттен маңызда науқан кезектен тыс президент сайлауы да өз мәресіне жетті. ОСК сайлаудың ресми қорытындысын жариялады. Бұл туралы орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы барысында мәлімдеді.
Күн тәртібінде 20 қарашада өткен кезектен тыс сайлау қорытындысын жариялау мәселесі талқыланды. Осыған дейін 21 қарашада президент сайлауының алдын-ала қорытындысы жарияланған болатын. Exit poll нәтижесі бойынша Тоқаевтан басқа бірде-бір кандидат дауыстардың 5% да ала алмады. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тапсырысы бойынша «Ашық қоғам» халықаралық аймақтық зерттеулер институты жүргізген сауалнама нәтижесі жарияланды. Онда «Ашық қоғам» жүргізген президент сайлауына байланысты сауалнама нәтижесі сағат түнгі он екіден кейін белгілі болды. Сауалнама алушылар 1062 сұхбатты 354 учаскеде жүргізген. Сауалнама бойынша, сайлаушылардың келуі 67,8 пайызды құраған.
Нәтиже мынадай:
Қарақат Әбден – 2,54%;
Нұрлан Әуесбаев – 2,17%;
Жигули Дайрабаев – 3,33 %;
Мейрам Қажыкен – 2,23 %;
Қасым-Жомарт Тоқаев – 82,45%;
Салтанат Тұрсынбекова – 2,08%;
Бәріне қарсымын – 5,2%;
Еске сала кетсек, Қазақстанда бүгін Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауы өткізілді. Сайлау күні белгіленгеннен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беретінін» айтқан. Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталып, оннан аса үміткер президенттікке ұсынылған. Алайда олардың алтауы іріктелді. Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге, сайлауға Салтанат Тұрсынбекова, Мейрам Қажыкен, Нұрлан Әуесбаев, Қарақат Әбден, Жигули Дайрабаев түсті.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Exit poll-дың қорытындысы нәтижесі жарияланғаннан кейін Республикалық қоғамдық штаб мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде сол күн ерекше, тарихи науқан өткенін атап өтті.
«Бұл науқанның біздің тарихымызда қалатыны сөзсіз. Exit Poll-дың алдын ала нәтижесі шықты. Әрине, ресми қорытындыны күтеміз. Дегенмен қазірдің өзінде халқымыз маған Президент ретінде және баршаңызға үлкен сенім артты деп айтуға болады. Халықтың сенімі – бұл ең құнды нәрсе. Сондықтан халықтың сенімін бәріміз ақтауымыз керек. Бүгін, міне 21 қарашадан бастап бәріміз жұмысқа кірісуіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар мықты мемлекет құрамыз десек, ең алдымен, әділдік орнату қажет екенін, онсыз ешқандай да реформа болмайтынын айтты. Оның айтуынша, бәріміз бір ұлт, бір қоғам болып іске кірісуіміз қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне үлкен сенім артқаны үшін коалицияға ризашылығын білдірді.
«Қоғамдық штабқа, сенімді өкілдеріме, еріктілерге рақмет айтамын. Сіздер еліміздің әр түкпіріне бардыңыздар. Ауыл-аймақтар, шалғай елді мекендер назардан тыс қалған жоқ. Ел арасында үгіт-насихат жүргіздіңіздер. Бұл – үлкен жұмыс. Оны мен ешқашан ұмытпаймын. Сол себепті бүгінгі көрсеткіш – бәрімізге ортақ жеңіс, – деді Мемлекет басшысы.
Оның пікірінше, сайлау заңға сәйкес өтті. Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді.
«Олар аймақтарды емін-еркін аралады. Сайлаушылармен кездесіп, үгіт-насихат жүргізді. Яғни, ешкімге шектеу қойылған жоқ. Әрбір сайлаушыға өз таңдауын жасауына еркіндік берілді. Сондықтан бұл науқан ерекше әділ, ашық өтті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол президент сайлауы жаңа саяси дәуірге жол ашатынын айтып, алдағы уақытта басты билік институттары түгел жаңғыртылатынын жеткізді.
«Конституциялық реформаны толығымен және нақты жүзеге асырамыз. Еліміздің саяси құрылысын жаңа қалыпқа түсіреміз. Экономиканы түбегейлі өзгертеміз. Халқымыздың әл-ауқатын арттырамыз. Соның бәрін ойдағыдай атқару үшін бізге бірлік керек. Сондықтан әрдайым бірге болайық!», – деді Президент.
Сөз соңында ол шараға қатысушыларды Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырды.
Ресми қорытынды
Ал ресми Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров соңғы мәліметтерді былай таныстырды таныстырды.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы отырысында кезектен тыс президент сайлауының түпкілікті қорытындысы жарияланды.
ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің дерегінше, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 456 392 сайлаушы немесе олардың 81,31%-ы дауыс берген. «Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 немесе 5,8% сайлаушы таңдаған.
Сонымен бірге Жигули Дайрабаевқа 271 641 немесе 3,42 пайыз, Қарақат Әбденге 206 000 немесе 2,6 пайыз, Мейрам Қажыкенге 200 907 немесе 2,53 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа 176 116 немесе 2,22 пайыз және Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берілген.
Нақтыланған сайлаушылар тізімдеріне сай, жалпы сайлаушылар саны 11 953 465 адамды құрады. Оның 8 300 046 адамы немесе 69,44 пайызы дауыс беруге арналған бюллетень алды. Дауыс беру күні ҚР президенттігіне кандидаттардың 11 мыңнан аса сенім білдірген адамдары, шетелдік халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса байқаушысы, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан аса байқаушы сайлауды бақылауды жүргізді. Сайлау учаскелерінде 1 225 қазақстандық БАҚ өкілдері, 23 елдің 41 шетелдік БАҚ-тың аккредиттелген журналистері ақпарат таратты.
Сонымен қатар шет мемлекеттердегі Қазақстан өкілдіктері жанындағы 68 учаскесі жұмыс істеді. Сайлау күнінде Сан-Францискодағы сайлау учаскесі соңғы болып жұмысын аяқтаған.
Осылайша, 2022 жылғы 20 қарашадағы кезектен тыс сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып тағы да жылға сайланды. Отырыс барысында мемлекет басшысына куәлік табысталып, орталық сайлау комиссиясының төрағасы өз құттықтауын жеткізді.
Сайлауға қосшылықтар да белсенді қатысты
Қосшы қаласы бойынша 6 сайлау учаскесі үш мектепте орналасқан. Ауа райының салқындығына қарамай қала тұрғындарының сайлауға деген белсенділігі өте жоғары болды. Сайлау учаскелері ашылғаннан бастап ағылып келіп жатқан азаматтардың қарасы мол болды. Сайлауда қосшылықтар ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті.
«Біз сайлау учаскесі ашылғалы бақылау жұмыстарын бастап кеттік. Қосшы қаласына орналасқан 6 сайлау учаскесінде біздің қоғамдық бірлестіктің тәуелсіз бақылашулары болды. Байқағанымыздай 6 учаскелерге тіркелген сайлаушылардың тек жарымынан астамы сайлауға қатысты. Тіпті жасы сексенге келген қария да келіп дауыс бергенініне куә болдық. Үлкендердің көбі ел тыныштығы үшін қазіргі президентке дауыс бердік десе, жастар жағы қоғамда өзгеріс болатынна сенім артып дауыс бергенін айтады. Көптің осындай сеніміне селкеу түспесе екен деген бізде тілек бар. Жалпы Қосшы халасы бойынша ешқандай заң бұзушылық әрекет тіркелген жоқ. Саяси науқанға қатысқан барлық қала тұрығындарына рахмет айтамыз », – дейді тәуелсіз бақылаушы Жарқынбек Жұмәділ.
Ант беру рәсімі
ҚР Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент ретінде тіркеді. Тоқаев 26 қарашада Қазақстан халқына ант береді деп хабарлады.
ОСК мүшелері 2022 жылғы 20 қарашадағы кезектен тыс Президент сайлауының қорытындыларын анықтау туралы қаулыны бірауыздан қабылдады.
«Орталық сайлау комиссиясы халық сайлаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті ретінде тіркеді және заңнамада белгіленген тәртіппен сайланған Мемлекет басшысына тиісті куәлік тапсырылады. Сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру күні 2022 жылғы 26 қараша болып айқындалды», – деді комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)