«BAL BALA» БАЛАБАҚШАСЫ - ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР МЕН ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ДӘРІПТЕЙДІ
Редакция таңдауы
2015
Қосшы қаласында ұлттық құндылық пен дәстүрді дәріптеуді қолға алған «Bal Bala» балабақшасы екі жылдан бері жұмыс істейді. «Тәрбие тал бесіктен» деген халқымыздың дана сөзіне сүйенген, мектепке дейінгі білім беру ұйымының ұжымы балалар арасында ұлттық ойындар өткізіп, қазақи нақыштағы киім үлгісін киюді жұмыс кестесіне арнайы бекітіп қойған. Мектеп жасына дейінгі баланы тәрбиелеуде ұлттық ойынның алатын орны ерекше. Бала ойын арқылы шапшаңдыққа, тапқырлыққа, мергендікке, еңбексүйгіштікке үйренеді. Осы орайда «Бал бала» балабақшасында ұлттық тәрбиені насихаттауға байланысты ұйымдастырылатын іс шара жоспары кез-келген ата-ананы қуантары сөзсіз. Ерекше үлгіде, заманауи талапқа сай салынған мектепке дейінгі білім беру мекемесі туралы толық ақпарат білу үшін, болашақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуді көздеген құрылтайшы Айман Диханованы сұхбатқа тарттық. Әңгіме барысында бұл тәлім мекемесі кәсіпкердің ашқан жеке меншік балабақшаның алғашқысы емес екенінен хабардар болдық.
Балабақша өмірдің алғашқы әліппесін үйрететін қастерлі шаңырақ. «Bal Bala» балабақшасы Қосшы қаласында 2020 жылы ашылған. Заманауи талапқа сай салынған мектепке дейінгі білім беру ұйымына бүлдіршіндер 2 жастан бастап қабылданады. Бүгінде балабақшада 250 бүлдіршін тәлім алуда. Жас ерекшелігіне қарай жалпы 10 топ жұмыс істейді. Заман талабына сай салынған мекеменің жұмыс бағдары да айқын. Балабақша ұжымы бүлдіршіндердің бойына ұлттық құндылықты дарытып, рухани байлықты дамытуға арналған бағдарлама жоспарын әзірлегенін айтады. Бүгінде мұнда тәрбиешілер құрамы жауапкершілігі мол. Олар өз қызметін тек қана мамандық немесе кәсіп түрі деп қарамайды. Себебі ұрпақ тәрбиесі тұтас ұлттың болашағын айқындайтын игі іс. Мектепке дейінгі білім беру ұйымының тағы бір ерекшелігі - бүлдіршіндерді өнер мен спортқа баулу шарасы болып табылады. Балалар түске дейін стандартқа сай бекітілген іс әрекеттерді орындаса, түскі ұйқыдан соң «балет», «каратэ», «би», «шахмат», «шашка» секілді қосымша үйірмеге қатысады. Осылайша мекеме құрылтайшысы бүлдіршіндердің логикалық ойлау қабілетін дамытып, денсаулығын шынықтырып, өнерге баулу шарасын да назардан тыс қалдырмаған.
«Балабақша ашудағы басты мақсатым - балалардың заман талабына сай тәрбиеленіп, білім мен өнерді қатар алуын қаладым. Кәсіпкер ретінде Қосшы қаласында 2011 жылы «Айналайын» балабақшасын ашқан болатынмын. Ал 2020 жылы стандартқа сай жасақталған «Bal Bala» балабақшасы бүлдіршіндер үшін есігін айқара ашты. Мектепке дейінгі білім беру ұйымында қосымша үйірме саны да көп. Сондай-ақ балабақшада ұлттық құндылық пен дәстүрімізді, ана тілімізді дәріптеу басты назарға алынған. Мекеме ұжымы мен ата-аналар келісіп әр дүйсенбі және сәрсенбі күндері түрлі топтағы балалар ұлттық нақыштағы киімді киіп келеді. Сондай-ақ, балаларға ұлттық ойындар туралы ақпарат беріліп, танымдық сайыстар да ұйымдастырылады. Осылайша мұндағы мамандар балаға қазақтың тілі мен дәстүрін дәріптеп жүр. Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы. Мұны баба жұрт әлдеқашан білген. Содан болар «бала-болашағымыз» дейміз. Балабақшада баланың денсаулығын басты назарға алғандықтан, ас мәзіріне дәруменге толы тағамдар енгізілген»,- дейді Айман Маратқызы.
«Bal Bala» балабақшасында балалардың дұрыс тамақтануы басты назарда. Диетолог медбикесі мұнда ас мәзірі алдынала жасалатынын алға тартады. Бүлдіршіндер 5 мезгіл ыстық, дәруменге толы сапалы тағаммен қамтамасыз етілген. Арнайы диетбикелер бала ағзасына қандай тағам пайдалы екенін жақсы біледі. Мұнда аптаның әр бейсенбісінде «еттен жасалған манты» немесе «қазақша ет» құнарлы тағамдары беріледі. Тіпті қажетті азық-түліктер күнделікті балғын түрінде алынады. Аспаздар қолдан тәттілер пісіріп, таңертеңгі асқа құймақ жасауды әдетке айналдырған. Сондай-ақ, мамандар тамақтағы калорий мөлшерін бағалайды, ыдыс-аяқтардың санитарлық нормада сақталуын қадағалайды. Жалпы, асханадағы тазалық пен сапа қатаң бақылауда. Балабақша асханасындағы тағы бір ерекшелік, ол барлық топтағы бүлдіршіндерге құнарлы ас бамбуктан жасалған ыдыстарға құйылып беріледі. Яғни экологиялық таза өнімнен жасалған ыдыстардың бала денсаулығына тигізер пайдасы мол. Сонымен қатар оның сыртында түрлі мультипликациялық кейіпкерлердің бейнесі бар. Бұл бүлдіршіндердің тәбетін ашып, жақсы көңіл күймен тамақтануына септігін тигізеді. Яғни аталған мектепке дейінгі білім беру ұйымында әр бағыт бойынша тыңғылықты жұмыс атқарылып жатыр. Ұрпақ саулығын жоғары бағалайтын балабақша құрылтайшысы тәрбиешілердің біліктілігін арттыру жұмысы да назардан тыс қалмағанын айтады.
«Жалпы балабақша ұжымы креативті болғандықтан олар тәрбие беріп отырған бүлдіршіндерде түрлі сайыстарға қатысып, белсенділік танытып жүр. Мәселен біздің балалар балет, шахматтан өткен сайыстарда топ жарып, жүлделі орындардан көрінген. Жуырда біздің мектепке дейінгі білім беру ұйымында каратэден арнайы турнир өтті. Балабақшада арнайы спорт және музыка залы тиісті материалдық базамен толық қамтылған. Сондай-ақ,балабақша педагогтарының мектепке дейінгі білім беру стандартына сәйкес топтарда заттық дамытушы орта құруға негіз болатын теориялық білімдерін тиянақтауды мақсат еткен семинарда ұйымдастырылып тұрады. Тәрбиешіге қойылатын талап жоғары. Сондықтан мұндағы мамандар біліктілікті арттыру үшін түрлі оқытудан өтеді. Сондықтан да ұйымдастырылған іс әрекеттерді ерекше ойындар арқылы өтіп, балаларды қызықтырады. Олардың білімге деген құштарлығын ашады»,- дейді балабақша құрылтайшысы Айман Диханова.
Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, мұнда арнайы логопед маманы да жұмыс істейді. Қазір бүлдіршіндер ұялы телефон, теледидарды шамадан тыс көргендіктен тілі кеш шығып, кейбір дыбысты айталмайтындары да кездеседі. Осы тұста логопед маманы арнайы артикуляциялық жаттығу жасатып, «құм» және «арт» терапиясында жүргізеді»,- деді Айман Маратқызы.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымында «құм» және «арт» терапиясы педагог тәжірибесінде қолданылып жатыр. Ол баланың тілінің шығуына, шығармашылық қабілетін дамытуға, оның бойындағы жақсы қасиеттерін әрі мүмкіндігін ашуға сеп болатын тәсіл. Бұл-терапияларды балабақша тәжәрибесіне енгзудің маңыздылығы баланың өз қатарласымен, ата-анасымен, тәрбиешілерімен, жалпы қоғаммен қарым –қатынас орнатуын жеңілдетеді.
Құрылтайшының Қосшы қаласындағы білім саласына қосқан үлесі мұнымен тоқтамайды. Себебі бүгінде қала орталығында тағы бір заман талабына сай соңғы үлгідегі балабақша құрылысы жүріп жатыр. Су жаңа мектепке дейінгі білім беру ұйымында 280 бүлдіршін тәлім алады деп күтілуде. Алдағы уақытта мұнда стандартқа сай бағдарламадан бөлек, ақпараттық технологияларға негізделген жобаларда енгізіледі. Сондай-ақ жұмысқа білікті мамандар тартылады. Жақсының жақсысын айт нұры тассын, демекші білім саласының дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкер, Айман Маратқызы қайырымдылық шарасына да жиі қатысады. Мұқтаждарға демеу беріп, қолдап келеді.
Ел болашағы - жас ұрпақтың жақсы тәрбие мен жоғары деңгейде білім алып шығуында. Сондықтан балабақшадағы тәрбиешілер балаларға тәлім беру ісінде аянбай еңбек етіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, тәлім орнында балақайлардың заман талабына сай тәрбие-білім алып, ой санасын жетілдіруіне барлық жағдай жасалған. Осылайша, «Bal Bala» балабақшасының құрылтайшысы Айман Маратқызы бастаған ұжым «Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі» қағидасымен келешекке қадам баспақ.
Азиза Өтеулиева
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)