«Жаңа қала – жаңа мүмкіндіктер»: Қосшыда кәсіпкерлердің бизнес-форумы өтті
Редакция таңдауы
406
Қосшыда осы аптада кәсіпкерлікке арналған қала тарихындағы ең ірі іс-шаралардың бірі – «Жаңа қала – жаңа мүмкіндіктер» бизнес-форумы өтті. Қосшы қаласының Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі ұйымдастырған форумға қаланың ірі кәсіпкерлері, шағын және орта бизнес субъектілерінің өкілдері және жаңадан іс бастаған азаматтар да қатысты. Игі шараға қала әкімі Гайдар Қасенов, сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдайтын республикалық акционерлік қоғамдардың, қаржы институттарының өкілдері де келіп, қолдау тетіктерін, несие алу жолдары мен шарттарын таныстырды.
Қосшы – жаңа мүмкіндіктер қаласы!
Форум Қосшы қаласындағы «Aruzhan Plaza» мейрамханасында өткізілді. Алдымен жиынға келгендер Қосшы қаласының тауар өндірушілерінің қолынан шыққан өнімдермен танысты. Бұл күні мұнда «Алтын Қазық» ЖШС-ның ет өнімдері, «Kaiser Engineering» компаниясының кәріз құбырлары, «Sky Express Elevator KZ» кәсіпорнының лифттері, «Рауан» кәсіп иесінің вафельді өнімдері, «Кәусар» кәсіп иесінің метал касеттері мен торлары, «Kazyna-SR» компаниясының жиһаз өнімдері, «Әлихан» кәсіп иесінің ұлттық музыка аспаптары және тағы басқа ондаған қосшылық өнімдер қойылған. Қала әкімі Гайдар Қасенов тауарлар мен өнімдердің түр-түріне, олардың сапасына жоғары баға беріп, кәсіп иелерінен өндірісті ұлғайту үшін қандай көмек керектігін сұрады. Форумның мақсаты да сол. Кәсіпкерлердің басын қоса отырып, әкімдік қаладағы шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосып, инвестициялық климатты ірі инвесторларға таныстырып, кәсібін жаңа ашқан кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді көздейді. Осы мақсатта жиынға әкімдік несие беретін ірі қаржы институттары мен акционерлік қоғамдарды да шақырған. Іс-шараға «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «ҚазАгроФинанс» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «First Heartland Jusan Bank» АҚ өкілдері келіп, кәсіпкерлікке қай бағытта көмек-қолдау көрсете алатынын айтып берді.
Жалпы бизнесті қолдау мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әрдайым көтеріп келеді. Осы жылдың мамыр айында кәсіпкерлермен кездесу барысында Президент бизнестің өзекті мәселелерін талқылау жақсы дәстүрге айналып келе жатқанын атап өткен. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздің келешегі экономиканың мықты болуына байланысты және кәсіпкерлер мемлекет мүддесін жоғары қоя білуі керек.
«Жалпы, жұмысты дұрыс жүргізу үшін мемлекеттік органдардың есебі жеткіліксіз. Елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалар туралы сіздердің пікірлеріңізді білу аса маңызды. Мен, ең алдымен, бір мәселені нақты айтқым келеді. «Ойын ережесі» әділ әрі бәріне бірдей болатын ашық экономика саясаты жалғаса береді. Бұл – менің берік ұстанымым. «Майшелпек орындар» мен жайлы қызметтерді үлестіруге жол берілмейді», – деген еді сол кездесуде Президент.
Ел басшылығы осылайша кәсіпкерліктің дамуына баса назар аударып жатқан кезде Қосшыдағы кәсіп иелерінің де қамы мен қажеттілігі, сұранысы мен талабы әрдайым ескерілетінін қала әкімі Гайдар Қасенов атап өтті.
«Қосшы – жаңа мүмкіндіктер қаласы! Бизнес-форумның «Жаңа қала – жаңа мүмкіндіктер» деп аталып отырғаны да сондықтан. Тұңғыш рет өткізіліп отырған форумға қаламыздағы барлық бизнес өкілдерімен қатар бірнеше қаржы институттарын арнайы шақырдық. Қала әкімдігі сіздермен ашық байланыс орнатуға әрдайым дайын! Жас қаламыздағы жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, елге еңбек етуге шақырамын! Бірлік бар жерде, тірлік бар! Береке бастауы – бірлік!» – деді қала әкімі Гайдар Қасенов форумның ашылуында.
Шаһар басшысы осы жиынды пайдалана отырып Қосшы қаласында кәсіпкерлер қауымдастығын құруды ұсынды. Бұл бастама кәсіптен нәсіп тауып жүрген азаматтардың көңілінен шыққанын байқадық. Бәрі бір мезетте қол соғып, қала басшысының бастамасына қолдау білдірді.
Қосшы қала атанғалы ШОБ
субъектілері екі есе өскен
Осыдан кейін қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы шаһар экономикасы жайлы мазмұнды баяндама жасады. Оның айтуынша, форумның маңызы зор, себебі дәл осындай жиындарда биылғы жылдың нәтижелері жинақталып, кәсіпті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар талқыланып, келер жылға жарқын жоспарлар айқындалады.
«Біздің қаламыздың экономикасы еркін нарықтық қатынастарға негізделген. Қосшы облыстық деңгейдегі қала мәртебесін алғалы, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны екі есе өсті. Бұл қаламызда бизнес үшін қолайлы климаттың қалыптасқанына бірден бір дәлел», – дейді Берген Жұмкейұлы.
Айтса айтқандай, бүгінгі таңда қалада 2140 шағын және орта бизнес өкілдері кәсібін дөңгелетіп отыр екен. Оның ішінде заңды тұлғалар саны 475 болса, жеке кәсіпкерлер 1624, шаруа қожалықтарының саны 41. Биылғы жылға жоспарланған бағдарламалардың да жүзеге асу қарқыны баршылық. Олардың нәтижелері айқын дейді Берген Жұмкейұлы. Бұған әлеуметтік-экономикалық дамудың макроэкономикалық көрсеткіштері, экономиканың жетекші салаларының үдемелі дамуы және әртүрлі салаларда тіркелген оң динамика дәлел бола алады.
Мәселен, 2022 жылдың 10 айында қаланың негізгі капиталына 140 пайыз өсіммен 23,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Өндіріс өнімінің көлемі 121 пайызға өсіп, 6,1 млрд теңгеге жеткен. Өндіріс саласында Қазақстанның үздік тауары байқауының облыстық кезеңінде «Сапа су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз атанған. Қазіргі уақытта «Алтын қазық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Алтын сапа» республикалық байқауына қатысып, сонымен қатар, шет елдерге ет экспорттаушылар тізіліміне еніп, 3 келісімшартқа қол жеткізген. Нарықта 11,6 млрд теңгеге көтерме сауда, 3,2 млрд теңгеге бөлшек сауда айналымы жүзеге асырылған.
«Бұл көрсеткіштер – сіздер атқарып жатқан жұмыстың нақты жемісі деп айта аламыз», – дейді қала әкімінің орынбасары.
Қоғам билік пен бизнестен бірегей жауапкершілікті талап етеді
Қала билігі сонымен қатар шаһардың 2022-2025 жылдары әлеуетін арттыру мақсатында инвестициялық жобалар пулына жалпы құны 86,1 млрд теңге болатын 18 жоба енгізіп отыр. Жобалар аясында 1015 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
«Шағын және орта бизнесті дамыту – еліміздің ХХІ ғасырдағы индустриалдық және әлеуметтік дамуының басты құралы екені мәлім. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары қала экономикасындағы бизнестің үлесін ұлғайтуға бағытталуда, себебі бизнес үдемелі дамыса, қаланың әлеуметтік дамуы тұрақты бола түспек. Биыл индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға жер телімі бөлінді. Бизнестің жол картасы шеңберінде 3 кәсіпкер жалпы сомасы 12 млн теңге мемлекеттік грант иегері атанды. Жаңа кәсіп көздерін ашуға бағытталған жобаларды кең қолдау мақсатында 7 жас кәсіпкерге және 6 әлеуметтік-осал топтар өкілдеріне мемлекеттік бір жолғы грант берілді. Бүгінгі біздің форумның спикерлері де сіздердің назарларыңызға кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын ұсынбақ, бұл да бизнесті дамытуға қосар үлесіміз деп білеміз», – деді Берген Жұмкейұлы кәсіпкерлерге қарата.
Расында да, бүгінгі қоғам билік пен бизнестен бірегей жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, кәсіпкер үшін қоғам алдындағы әлеуметтік жа- уапкершілігін ұлғайту – басты маңызға ие. Берген Жұмкейұлы дегенмен соңғы уақытта қаламызда заңсыз кәсіппен айналысу, бағаны негізсіз өсіру, салық кодексінің нормаларын бұзу фактілері жиі орын алатынын жасырған жоқ. Алайда әр кәсіп иесі, заң бұзушылыққа жол бергені үшін жауапкершілік жүктелетінін ұмытпағаны абзал деп те ескертті. Биыл белгіленбеген орындарда заңсыз сауда жасаушыларға 19 әкімшілік хаттама толтырылған.
«Қаламыздағы өзекті мәселенің бірі бизнес нысандарын әрлеу, безендіру, жарнамалау – тіл заңының талаптарына сай келмеуі. Сауатты жарнама – қала келбеті екенін әр кәсіпкер жадында сақтағаны жөн. Қаламызда көрнекі ақпараттың жай-күйін зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 534 бизнес нысаны қамтылды, оның 358-і ғана тіл нормаларына сәйкес болса, 176 көрнекі ақпарат тіл заңнамасына мүлдем сәйкес келмейді. Қадыр Мырза Әлидің «Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте» дегеніндей, ана тілімізге деген қамқорлық – сауатты жарнамадан басталуы керек деп ойлаймын», – деп тағы бір мәселені қозғады Берген Жұмкейұлы.
5 млрд теңгеге дейін инвестиция құя аламыз
Осыдан кейін Қосшыға қонақ болып келген қаржы институттары мен ірі компаниялардың өкілдері өз кәсіпорындары кәсіпкерлерге қандай көмек беретінін айтып берді. Мәселен, Baiterek Venture қоры Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторларындағы әлеуеті зор компанияларға іске қосу, өсу және өтеу кезеңдерінде тікелей инвестицияларды ұсынады. Қордың инвестициялық менеджері Дәурен Келбетов қор танымал халықаралық қаржы институттарымен серіктесе отырып жобаларды жүзеге асыратынын, тікелей инвестиция нарығында белсенді жұмыс істейтінін атап көрсетті.
«Біздің қор қаржыландырудың жеңілдетілген бағдарламасымен де, стандартты бағдарламасымен де жұмыс істейді. Капиталда 49 пайыздық деңгейде қатыса отырып, біз жобаларды жеті жылға дейін қаржыландыра аламыз. 1 млрд теңгеден 5 млрд теңгеге дейін инвестиция сала отырып, инвестициялар, айналым қаражатын толықтыру, кредиторлық және қаржылық қарыздарды өтеу, экспорттық операциялармен айналысамыз», – деді Дәурен Келбетов.
Baiterek Venture Fund 2014 жылы құрылған. «Бәйтерек» ҰБХ тобына кіретін және «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ-ның 100% еншілес ұйымы болып табылатын жеке капитал қоры саналады.
Тауарды экспортқа шығаруға KazakhExport көмектеседі
Форумға келген «Бәйтерек» холдингінің тағы бір еншілес компаниясы KazakhExport өкілі қаржылық сақтандыру тетіктерін таныстырды. Компанияның сақтандыру департаментінің бас менеджері Самат Ыбырай KazakhExport өз кезегінде экспорт тауарларын қолдау бойынша сақтандырудың қаржылық шараларын ұсына отырып, Қазақстанның шикізаттық емес тауарларды өндірушілерді және қызметтерді жеткізушілерді сыртқы нарықтарда қолдайтынын атап өтті. Сонымен қатар компания шетелдік сатып алушылардың сенімділігіне көз жеткізеді. KazakhExport-тың Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстанда өкілдіктері бар.
«Біз кәсіпкерлерге экспорт циклінің барлық сатысында көмектесеміз. Экспорттық несиелер мен дебиторлық берешекті сақтандыру, KazakhExport жабатын инвестициялық несиені тарту, аккредитивті сақтандыру және шетелдік сатып алушыны қаржыландыру, KazakhExport бойынша айналым қаражатын тарту (несие, аванс, факторинг) – біздің міндетімізде», – дейді ол.
Самат Ыбырай сауданы қаржыландыру жағынан KazakhExport кәсіпкерлерге төлем нысаны бойынша аккредитив шеңберінде екінші деңгейлі банктер арқылы шетелдік контрагентті жанама қаржыландыруды ұсыну, сонымен қатар қазақстандық тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу үшін кепілдік қамтамасыз ету болмаған жағдайда банкте шетелдік контрагенттен қаражат алу мүмкіндігі барын атап өтті. Яғни, егер Қосшының қандай да бір кәсіпкері өз ісіні ілгерілетіп, кәсіпкерлігінің іргесін бекітіп, тауарын шет елдерге шығарам десе, KazakhExport компаниясының көмегіне жүгіне алады.
«Даму» қоры қандай көмек ұсынады
Кез келген азамат кәсіп ашамын десе, ең бірінші кезекте есіне «Даму» қоры түсетіні белгілі. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан Қосшыға бұл күні қордың бағдарламаларды ілгерілету жөніндегі бас менеджері Әлия Әбілқасымова келді. Ол өз презентациясында кәсіпкерлерді қолдау үшін қор сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несиелерді кепілдендіру, екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несие беру, тіпті, оқыту жағынан да кәсіпкерлерге көмек көрсетілетінін атап өтті. «Біздің бағдарламаға микро, шағын, орта бизнес субъектілері қатыса алады. Несие 3 млрд теңгеге дейін беріледі. Ал моно және шағын қалаларда 1,5 млрд теңгеге дейін несие береміз.
Қордың негізгі мақсаты – инвестициялар (соның ішінде жаңғырту, кеңейту), қайта қаржыландыру (соның ішінде санкцияланған банктерден), франчайзинг. Субсидиялар Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесінен аспайды. Мәселен, бір бағдарлама бойынша, несиенің 6%-ын шағын және орта бизнес өкілі төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды. Субсидиялау мерзімі: инвестициялар үшін 5 жылға дейін, PIC үшін 3 жылға дейін болады», – дейді ол.
Осылай деп әр бағдарламаны таныстырған Әлия Әбілқасымова Қосшы қаласының кәсіпкерлері үшін де «Даму» қорының есігі әрдайым ашық екенін айтты.
Ауыл шаруашылығын қолға аламын десеңіз...
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ атынан сөз сөйлеген Қуаныш Айтжанов агроөнеркәсіп кешеніндегі кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие қалай берілетінін түсіндірді. Оның айтуынша, корпорацияның көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын несиелендірудің «КЕҢ ДАЛА» атты бағдарламасы бар. Ол бағдарлама шеңберінде корпорация несиелік серіктес- тіктер, микроқаржы ұйымдары және екінші деңгейлі банктер арқылы әр жылдың 1 желтоқсанына дейін несие береді. Ал корпорацияның тағы бір бағдарламасы «Агробизнес» арқылы негізгі қорларды сатып алу, оның ішінде объектілерді жаңғырту, құрылыс-монтаждау жұмыстары, оның ішінде қайта құру, айналым қаражатын толықтыру үшін несие алуға болады.
Ал «Іскер» бағдарламасы мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларды қолдайды. Ол 2029 жылғы наурызға дейін күшінде болады. Мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар үшін бұл бағдарлама шеңберінде несие жеңіл пайызбен 5 млн теңгеге дейін шаруа қожалықтарға 28 айға дейін беріледі.
Ауыл шаруашылығын қолдау бағытында «ҚазАгроҚаржы» да едәуір көмек бере алады. Компания атынан келген Ажар Бектұрсынова стандартты лизинг шарттары шеңберінде компания жалға берілетін мүліктің номенклатурасын және агроөнеркәсіптік кешен қызметінің бағыттарын, сондай-ақ аванс ретінде инвестициялық субсидияларды беру мүмкіндігін кеңейту арқылы клиенттердің санын және лизингтік портфельді ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ компания отандық көлікті құрастыру, өндірістегі жабдықтар мен көліктерді лизингке қаржыландыру арқылы отандық машина жасауды дамытуды жоспарының негізі еткен. Тұрақты клиенттерге адалдық адал қарыз алушылармен ұзақ мерзімді қарым-қатынасты сақтауға даяр.
Ауыл шаруашылығы техникасының лизингі
Форумда Өнеркәсіпті дамыту қоры отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді қолдау шеңберінде машина-трактор паркін жаңартудың лизингтік қаржыландыруын ұсынды. Қордың менеджері Елдар Мұсабаев сыйақы мөлшерлемесі бюджет есебінен жылдық 7%-дан қорландыру базасының нарықтық мөлшерлемесіне сай 19% дейін болатынын атап өтті. Бұл қорға жүгінген адам қарызды 7 жылға дейін ала алады.
«Бағдарламаны іске асыру мынадай жолдармен жүзеге асырылады: лизингтік қаржыландыруға өтініммен отандық өндірушіге әлеуетті лизинг алушыға жүгіну арқылы және «Индустриялық даму қоры» АҚ әлеуетті жеткізуші ретінде қаржылық лизингтік қызметтерді сатып алуға қатысу арқылы. Коммерциялық қаражат есебінен машина-трактор паркін жаңартуды лизингтік қаржыландыру мемлекеттік бюджеттен сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға жатады», – дейді Елдар Мұсабаев.
Өнеркәсіпті дамыту қоры өз есебінен қару-жарақ өндірісі, алкоголь өнімінің өндірісі, есірткі және психотроптық заттардың өндірісі, темекі өнімдерінің өндірісі секілді жобаларды қаржыландыруға тыйым салады.
Банктер кәсіпкерді қалай қолдайды
Қосшыдағы бизнес-форумға екінші деңгейлі банктердің де өкілдері келді. Jusan Bank, Eurasian Bank, Қазақстан Халық банкінің өкілдері кәсіпкерлерді тартудың өзіндік амал-әдістерін жолға қойған екен.
Мәселен, Jusan Bank бизнеске арналған арнайы картаны іске қосқан. Егер кәсіпкерлер осы картаны ашатын болса, кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерге бір жылға дейін тегін техникалық қызмет көрсетіледі. Ол картадан бизнесмендер 1 млн теңгеге дейін ақшаны комиссиясыз ала алады. Шағын және орта бизнесті несиелендіру үшін Jusan Bank кез келген мақсатқа кепілсіз несиені Jusan Business мобильді қосымшасы арқылы онлайн режимде береді.
Ал Қазақстан Халық банкі жеке кәсіп пен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін 10 минут ішінде шот ашып береді. Ал жаңа Onlinebank қосымшасы арқылы төлемдерді теңгемен және шетел валютасымен беру, заңды және жеке тұлғалар арасындағы телефон нөмірі бойынша аударымдарды ұсыну, жалақы алу, валюта айырбастау, валюта үшін сауда сигналын ескерту, «Светофор» контрагенттерін тексеру, визит карточкасын шығару және жеткізу, тарифтік топтамаларды қосу қызметтерін ұсынады. Халық банк жиналған кәсіпкерлерге әртүрлі қызметтер пакетін ұсынды.
Кәсіпкерлер марапатталды
Осылайша, Қосшы қаласының кәсіпкерлеріне ірі қаржы институттары мен компаниялары қандай көмек ұсынатынын көрсетті. Өз кезегінде кәсіпкерлер де оларға сұрақ қойып, жиынның маңызы арта түсті. Қосшыдағы бизнес-форум іскер ортаның дамуына мұрындық болды деп есептеуге әбден болады.
Жиын соңында Қосшының бірқатар кәсіпкерлері марапатталды. Атап айтқанда, «M&EL Company» ЖШС директоры Мақсат Ташенов, жеке кәсіпкер Ғалымбек Атшыбай, «ЛБ-Astana KZ» ЖШС директоры Баян Суннатова, «Kazyna SR» ЖШС серіктестігінің директоры Сайра Матайбаева, «Умержанова» жеке кәсіпкерліктің директоры Бағдат Өміржанова, жеке кәсіпкер Басболат Бапай, «Сапа Су» ЖШС директоры Бауыржан Мамбетжанов, «Александрит ИВ» ЖШС директоры Сергей Ивченко, Қосшы қаласының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Мадина Бейсенбаева, «Береке» ЖШС директоры Айман Диханова, «Нұрасыл» ЖШС директоры Шолпан Өтегенова, «Terra GroupJDS» ЖШС директоры Динара Райханова және тағы басқа кәсіпкерлер «қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін қала әкімінің құрмет грамотасымен» марапатталды.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына белсенді араласқаны үшін қала әкімінің алғыс хаты «Жорғатай» ЖШС директоры Өмірбек Қуаныш, «Онгарбеков» жеке кәсіпкерліктің директоры Мұратбек Онғарбеков, «Жоракулова» жеке кәсіпкерліктің директоры Әсем Түгел, «Бабаканова» жеке кәсіпкерліктің директоры Күләш Бабаханова мен тағы басқа кәсіпкерлерге табысталды.
Нұрән ӘДІЛЕТ
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Редакция таңдауы
Астанада әйелдің басына лифтінің плиткасы құлап, миы шайқалды
Пікірлер (0)