Қазақстанда волонтерлікті қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасты – Аида Балаева
Фото: gov.kz/Мәдениет және ақпарат министрлігі
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық Волонтерлер күніне орай еліміздегі еріктілер қозғалысының маңыздылығына тоқталып, оны қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда волонтерлік қызмет Қазақстандағы қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Волонтерлер мәдениет пен білім, экология мен медицина, әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық сияқты маңызды салалардың дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Аида Балаеваның мәлімдеуінше, кейінгі жылдары елімізде волонтерлікті мемлекеттік қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасқан және бұл бағыт әрдайым Үкіметтің тұрақты бақылауында. Осы ретте БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде Орнықты даму жолындағы Халықаралық волонтерлер жылы ресми түрде бастау алғанын айтты. Министр бұл жылдың жариялануы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқанын ерекше атап өтті.
Қазақстан үшін Халықаралық жыл – орнықты даму мақсаттарын жүзеге асырудағы волонтерлердің рөліне басымдық бере отырып, «Бірге – тұрақты болашақ үшін!» ұранымен жақсылық пен бірліктің жалпыхалықтық мерекесіне айналады, – деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, бұл атаулы жыл жаһандық серіктестіктің жаңа мүмкіндіктерін ашып, миллиондаған адамды тұрақты, әділ және бейбіт қоғам құру ісіне жұмылдырады деген сенім бар.
Аида Балаева волонтерлердің азаматтық белсенділігін, қоғам игілігіне бағытталған еңбегін мемлекет жоғары бағалайтынын айтты. Оның сөзінше, волонтерлік бастамаларды қолдау жалғасады және бұл бағыттағы даму мүмкіндіктері одан әрі кеңейтіледі.

Барлық волонтерге еліміздің дамуына қосқан үлесі, табандылығы, мейірімділігі мен өз ісіне адалдығы үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің игі істеріңіз әрқашан құрмет пен қолдау тауып, адамдарға қуаныш пен шаттық әкелсін, – деді министр.
Аида Балаева сөз соңында волонтерлерге зор денсаулық, амандық, күш-қуат және қоғамға қызмет ету жолында табыс тіледі.
Пікірлер (0)