Қосшы қаласында жаңа №35 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ашылу салтанаты өтті
Фото: Ресми дереккөзден
Қосшы қаласында Республика күні қарсаңында жаңа №35 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Серікбайұлы Жаркешов, Қосшы қаласының әкімі Азамат Есімұлы Қапышев, Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және қала тұрғындары қатысты.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен басталды. Салтанатты жиында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов пен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа нысанның қала тұрғындары қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
Жаңа өрт сөндіру бөлімінің ашылуы – Қосшы қаласының қарқынды дамуына және халық санының өсуіне байланысты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадамның бірі.
Бөлімнің іске қосылуы төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қала тұрғындарына көрсетілетін азаматтық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға зор мүмкіндік береді.
Салтанатты шара барысында жаңа бөлімнің жұмысына белсенді атсалысқан азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, Қосшы қаласындағы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жөндеу жұмыстарына үлес қосқаны үшін Казбек Есентоғаев пен Амангелді Макшаровқа ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің “Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл” мерекелік медалі табысталды. Сондай-ақ бөлім қызметкерлеріне Төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хаттары берілді.
Сонымен қатар азаматтық қорғау органдарының төрт қызметкеріне жаңа тұрғын үйдің кілттері салтанатты түрде табысталды. Олардың қатарында Асқар Жетпісбаев, Манас Қоқашев, Асхат Серіков және Данияр Баткенов бар.
Салтанатты рәсімнен кейін қонақтар бөлім ғимаратын аралап, оның қызметімен танысты, ауласына көк шырша көшеттері егілді.
Жаңа №35 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі Қосшы қаласының тұрғындары мен аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет ететін маңызды нысандардың біріне айналмақ.
Пікірлер (0)