ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ҰЛАҒАТЫ — РЕСПУБЛИКА КҮНІ

Жаңалықтар
view 28
news

Фото: Жеке мұрағаттан

Ардақты ағайын, қадірлі отандастар!

Тәуелсіздіктің тұғырына айналған, азаттықтың ақ таңын айшықтаған Республика күні құтты болсын!

25 қазан — күнтізбедегі қатардағы күн емес, бұл — ұлттың өз тағдырын өзі айқындауға деген асқақ мұраты мен азаттыққа ұмтылған рухының көрінісі. 1990 жылы қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация халқымыздың тәуелсіздікке бастар тарихи жолына бағыт сілтеді.

Содан бері Қазақстан талай белесті бағындырды. Көк байрағымыз көгімізде желбіреді, шекарамыз шегенделді, елордамыз бой көтерді. Еліміз әлемдік қауымдастықтан өз орнын тапты. Экономикамыз дамып, жаңа өндіріс орындары ашылып, жолдар мен мектептер, ауруханалар салынды. Ғылым мен білімге ұмтылған жас ұрпақ өсіп келеді. Қазақтың үні халықаралық мінберлерден естіліп, ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміз әлемге танылып отыр.

Алайда елдің ең үлкен жетістігі — зәулім ғимараттар мен сандық көрсеткіштер ғана емес. Ең үлкен жетістік — елдің бірлігі, халықтың тыныштығы, ұрпақтың үміті мен жүректегі Отанға деген сүйіспеншілік.

Ақын үшін Отан — жырдың өзегі, жүректің лүпілі, ұрпаққа аманат болған қасиетті мекен. Ендеше, азат елдің әрбір жетістігі — ортақ қуанышымыз, әрбір шешілмеген мәселесі — ортақ жауапкершілігіміз. Өйткені елді сүю — оның жетістігіне сүйсіну ғана емес, кемшілігін түзетуге үлес қосу, болашағы үшін еңбек ету.

Еліміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Бірлігіміз бекем, тірлігіміз көркем болсын! Әр шаңыраққа шаттық, әр отбасына амандық, әр азаматтың жүрегіне сенім мен жігер тілеймін. Қазақтың даласында бейбітшілік мәңгі орнап, ұрпағымыз азаттықтың қадірін біліп, білім мен еңбектің арқасында Қазақстанды жаңа биіктерге көтере берсін!

Республика күні құтты болсын, қазағым!

Ақын,  Бауыржан Қарағызұлы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *