90 күннен асқан: Халық несиесін төлей алмай жүр

Жаңалықтар
view 200
news

Фото: inbusiness.kz

2025 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша, халықтың 90 күн төленбеген берешегі 1,1 трлн теңге болды. Бұл көрсеткіш жыл басындағы деңгейден жоғары және банктер берген несиенің 4,5 пайызына тең. Соған қарамастан банк секторындағы жалпы несие портфелінің сапасы тұрақты деп бағаланған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Kursiv.media-ға сілтеме жасап.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қымбатшылық қысып барады: Ұлттық банк 2026 жылы инфляция жоғары болады деп болжайды

Елдегі банк жүйесі 23 екінші деңгейлі банктен тұрады соның ішінде 15 банктің шетелдік акционері бар.

Сектор активтері 2025 жылғы қазанда 1,1%-ға өсіп, 67,8 трлн теңгеге жетті. Өсімнің негізгі көзі – несие портфелінің 42,1 трлн теңгеге дейін ұлғаюы. Жүйедегі өтімділігі жоғары активтер 19,6 трлн теңгеге жетіп, барлық активтердің 28,9%-ын құрады. Бұл банктерге өз міндеттемелерін толық жабуға мүмкіндік береді.

Банктердің кәсіпкерлерге берген несие көлемі артты

Экономикаға берілген кредит көлемі де артқан. Қазан айында банктердің бизнеске берген қарыздары 1,4%-ға өсіп, 14,9 трлн теңгеге жетті. Ең үлкен өсім айналым қаражатын толықтыруға берілген несиелер есебінен байқалды.

Ірі бизнеске берілетін қарыздар 2,7%-ға, шағын және орта бизнеске несие 0,1%-ға көбейді. Дара кәсіпкерлерге берілген кредиттер жыл басынан бері 31%-дан аса өсім көрсетті.

Салалар бойынша несие сұранысы да артты. Өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, ақпарат және байланыс салаларында кредит беру жыл басынан бері айтарлықтай ұлғайды. Мәселен, ақпарат және байланыс саласында өсім 37%-дан асты.

Жаңа бизнес несиелерінің көлемі 2025 жылғы қазанда 2 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 15,9 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11,7%-ға көп. Алайда мөлшерлемесі әлі де жоғары: ұлттық валютадағы бизнес несиелерінің орташа мөлшерлемесі 22%-ға дейін өсті.

Халық несиесін төлеуді кешіктіріп жатыр

Халыққа берілетін кредит көлемі де арта түскен. Тұрғындарға берілген қарыз қазанда 1%-ға өсіп, 24,3 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде тұтынушылық несиенің үлесі едәуір басым: 16,4 трлн теңге. Ипотекалық қарыздар 6,8 трлн теңгеге дейін өсті. Қазан айында халыққа берілген жаңа қарыздардың жиынтық көлемі 1,6 трлн теңгені құрады.

Дегенмен, халықтың борыш жүктемесінің артуы проблемалық кредиттердің үлесін де көбейтті. Халықтың мерзімі өткен қарыздарының үлесі жыл басынан 3,8%-дан 4,5%-ға дейін өсті. Ал бизнес секторында бұл көрсеткіш 2,3%-ды құрайды.

Жыл басынан бері банктер 2,3 трлн теңге таза пайда тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5%-ға артық. Активтердің рентабельділігі 4,3%, капиталдың рентабельділігі 29,3% деңгейінде қалыптасты.

Қазақстанда қарыз алушылардың жартысына жуығының басындас (49%) төрт және одан да көп несие бар.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *