Қазақ-араб байланысы ғарыш кеңістігіне жол ашпақ

Жаңалықтар
view 140
news

Соңғы уақытта Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдық экономикалық байланысқа ойысып келеді. Халықаралық және аймақтық үдерістердің белсенді қатысушысы саналатын араб елдерімен бірқатар келісімге келген Қазақстан ғарыш кеңістігін бірлесе зерттеуге ниетті.  Жидда қаласына ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманмен сауда және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Ресми хабарламада: «Қазақстан саудиялық инвесторлар үшін өзара қызығушылық тудыратын түрлі перспективалық салаларда ерекше шарттар мен кең ауқымды преференциялар ұсынуға дайын. Қазақстан басшысы ханзаданы елге мемлекеттік сапармен келуге шақырды», – делінген. Сауд Арабиясының тақ мұрагері екі ел арасындағы қарым-қатынастың деңгейін нығайту мен дамыту мүмкіндіктерін атап өтті. Оның айтуынша, жақын арада Қазақстан мен Сауд Арабиясының мемлекеттік инвестициялық қоры үйлестіретін бірқатар жобалар басталмақ. Ғарыш кеңістігін бірлесе зерттеуді жоспарлап отырған тараптар аэроғарыш саласы бойынша байланыс орнатуға ниетті. Сонымен қатар вольфрам қоры бойынша 1-ші, уран мен хром бойынша 2-орын алатын Қазақстанның табиғи байлығын барлау жұмыстарына арабтар да қатыспақ. Президент саудтарды осы салаға да инвестиция салуға шақырған. Мұхаммед бен Салман саудиялық компаниялардың қазақстандық ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салуға мүдделі дейді. Оның айтуынша, бұл бағыт жаһандық азық-түлік дағдарысы жағдайында өзекті. Қазір Қазақстан егістік көлемі бойынша әлемде екінші, жайылымдық жер жөнінен бесінші орында тұр. Бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Осыған байланысты Қазақстан Корольдікке тұрақты түрде жоғары сапалы бидай, ұн және майлы дақылдар жеткізуді жоспарлап отыр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *