Қазақ тілі халықты біріктіруші фактор бола ала ма?

Руханият
view 413
news

Ұлы Абайдан асырып айтқан адам жоқ. Қазақта мақтан көп. Онда да, көп жағдайда, мәселенің байыбына барудан гөрі, құр дарақылық басым. Сондай кең тараған мақтанның бірі – әлі де Қазақстанды көпұлтты деп көпіретіндігіміз. Әрине, адам әлеуеті кез келген мемлекеттің байлығына баланады, бірақ ел ішінде ұлттық саясат дұрыс жүргізілмесе, үлкен проблемаға айналатынын қазіргі геосаяси жағдай көрсетіп отыр. Көпұлттылық, көпмәдениеттілік, көпдінділік, көпмүдделік – тәк-тәк пен тәйттің тізгін-ноқтасын қатар қадағалап отыруды қажет ететін ахуал. Тіпті ортақ ата-анадан жаралған бір үйдің балаларының өзінің тілі айыр, діни ұстанымы әр бөлек болса, ондай отбасы мүшелерінің арасында ішкі түсіністік қалыптасуы қиын. Қанша жерден бір қаннан жаратылды дегенмен, олардың мүдде қайшылықтары күндердің күнінде әйтеуір бір кейкілжіңге апарып соқтырары анық. Бұрын да, қазір де дүниежүзінде орын алып жатқан шиеленістердің көбі дін, тіл, діл қақтығыстарынан туындайтынын көз көріп отыр.

Тағдырдың жазуымен әртүрлі жағдайда, әртүрлі кезеңдерде қазақ жеріне келіп қалған түрлі этностар бүгінде Қазақстан деген бір шаңырақтың астында хал-қадірлерінше тұрып, өсіп-өніп жатыр. Енді ортақ Отанымызда, ортақ үйімізде тыныштық пен татулық орнасын десек, барлық әлеуметтің бәрінің басын ұйыстыратын, ынтымақ-берекесін арттыратын ортақ құндылықтарға арқа сүйеуіміз керек. Өмірде ондай құндылықтар бар ма?! Әлем елдерінің тәжірибесіне көз салсақ, мемлекет халқын біртұтас қылып топтастыра алатын құндылықтар бірнешеу. Бірінші, тілдік фактор – бұған Еуропа елдерінде де, әлемнің басқа құрлықтарында да мысал жеткілікті. Айтпақшы, біз «көп ұлттымыз» деп мақтанып жүрсек, Кәрі құрлықта бір аумақта бізден де көп этнос өкілдері шоғырланған ел мен жер аз емес. Францияда 180 ұлт, Түркияда 140-тан астам ұлт бар. Ұлыбританияда тіпті 1 мыңға тарта ұлт өкілдері тұрады, тек Англияның өзінде ғана 300 тілде сөйлейді деген дерек бар. Еуропа елдерінің қай-қайсының жағдайы да осы. Бірақ, олардың бәрі өздерін французбыз, түрікпіз, ұлыбритандықпыз деп тұрғылықты мемлекеттерінің төл ұлтының атауымен атап, сол елдердің мемлекеттік тілінде сөйлейді. Екінші, діни фактор – бұл негізінен Сауд Арабиясы Әмірлігі сияқты мұсылман елдеріне тән. Онда мемлекеттік саясат ислам құндылықтарына қарай құрылған. Мәселен, араб елдері әлемінде мемлекет тарататын ақпараттың 90%-ы осы дін тақырыбына арналатынын біреу білсе, біреу білмес. Үшінші, ұлттық фактор – Жапония, Армения сияқты елдерде негізінен тек жергілікті ұлт өмір сүретіндіктен мемлекеттік саясат ұлттық мәдениет пен құндылықтарды басшылыққа ала отырып құрылған. Төртіншісі – азаматтық фактор. Мұндай мысалды АҚШ-тан, Израилдан, т.б көруге болады. Олардың қай-қайсы да «біз ұлы мемлекетпіз», «біз әлемдегі ең демократиялы елде тұрамыз», «біз патриотпыз» деп  туған мемлекетіне сана-сезімдерімен тұтастай берілген. Бұл – тағдырын туған Отанымен біте қайнастыратын азаматтық мақтаныш факторы. Енді, Қазақстан халқын осы айтылған төрт фактордың қайсы біріктіреді деп салыстырып қарасаңыз, оған жауап таппай сіздің де, біздің де тосылатынымыз жасырын емес. Расы сол, Қазақстанда тұратын этностарды жоғарғыда аталатын факторлардың бірде-бірі өзара ынтымақтастырып, ұйыстыра алған жоқ. ҚР «Тіл туралы» заңының 4 бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы», – деп нақты жазылған. Азаматтарымыздың қазақ тілін білуін міндеттейтін мұндай тармақ 2009 жылы көпшіліктің талқылауынан өтіп бекітілген «Ұлт бірлігі» доктринасында да бар. Тұңғыш президентіміздің халыққа арнаған кезекті Жолдауларының бірінде «қазақ тілін 2017 жылы халықтың 80 пайызы, 2020 жылға қарай 95 пайызы игеріп, ендігі 10 жылда мектеп түлектерінің 100 пайызы осы тілде еркін сөйлейтін болады» деп уәде еткені естеріңізде шығар? Бірақ 2023 жыл өтіп барады, мемлекеттік тілді  өзгелер түгілі, өзіміздің қаракөздеріміз түгел үйреніп алған жоқ. Әзірге Қазақстан халқы бір-бірімен бөтен елдің мемлекеттік тілі арқылы қарым-қатынас жасап жүр. Бірақ жат тілімен туған Отаныңды сүю, ұлтжанды болу мүмкін емес. Ал енді өз атамекенінде өмір сүріп, мемлекетке төл атауын берген, халықтың 70 пайызынан асатын қазақ жұрты тұрғанда, азшылдық диаспораның тілі (18%) ешқашан елді біріктіруші фактор бола алмайды. Егер алдағы он жылда қандастарымыздың саны 80-85 пайызға өсіп, орыс 10 пайызға дейін кемісе, «ресми тіл» сонда да халықты топтастырушы фактор болып қала бермек пе?! Бұл есі дұрыс қоғамның ақыл қисынына сыя қоймайтын өрескелдік. Тіл жанашырлары баяғыдан-ақ «Мемлекеттік тіл туралы» заң керек деп зар қылып келеді. Бірақ Үкімет те, депутаттар да мұны елең қылар емес. Ал Қазақстан Республикасында 1997 жылдан бері қолданыста келе жатқан «Тілдер туралы» заңның шикілігі туралы ерінбегеннің бәрі айтып жүр. Біріншіден, бұл заңның өзі жетілмеген, екіншіден, оны орындататын механизмдер қалыптаспаған. «Тіл туралы» заңның қай тармағын алып қарасаң да «мемлекеттік тілмен бірге ресми тіл...» деген екіұшты, дүдәмал жолдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Осыдан кейін ешкімнің жанын қинап қазақша үйренбесі анық. Қайтеді оны? «Тіл туралы» Заңның 24 бабында «...тіл туралы заңдарының бұзылуына кінәлі... заңға сәйкес жауапты болады» делінгенімен, осы күнге дейін Тіл заңын бұзғандардың басын тұқыртып, айыппұл салыпты дегенді естіген емеспін. Сондай-ақ Тіл заңының 23 бабында: «тілдерді дамытуда мемлекеттік тілге басымдық беріледі» десе, атқарушы билік қызметінде керісінше ресми тілге басымдық беріп қойған. Ал осы баптың «Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деген тармағы заң қабылданғалы бері 26 жылдан бері әлі бірде-бір рет орындалған жоқ. Негізі бұл талап 2011-2020 жылға арналған Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы бойынша 2013 жылы іске асуы тиіс болатын. Бірақ Мемлекеттік тіл бағдарламасын әзірлеп жатқандардың бірі оның әлі толық пісіп-жетілмеген жобасын интернетке салып жіберіп, орыстілділердің наразылығын қоздырды. Тролльдар тобы қазақ тіліне қарсы науқандар ұйымдастырып, шу шығарды. Өкінішке орай, осы шудан тайсақтаған билік жобаны өндіріске жіберуді кейінге қалдырып, мемлекеттік тілдің мүддесін қорғауға келгенде тағы да табандылық таныта алмады. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі заңмен белгіленгенсе де, ол шын мәнінде қоғамдық өмірде қолданыстан тыс қалды. Әсіресе, оның 4, 23 баптарының мүлдем орындалмауы елдің бұл құжатқа деген сенімсіздігін тудырды. Яғни, Қазақстандағы тіл кеңістігін реттейтін заңның әлсіздігі мен пәрменсіздігі тіл саясатын да дәрменсіз етті. Сонда мазмұны кереғар, орналуы міндетті емес «Тіл туралы» заң кімге керек болды екен? Мұндай солқылдақ-былқылдақ заңнан кім қорқады? Онсыз да дәрменсіз күй кешіп отырған Тіл заңын тәрк еткендерге әрі кетсе, ескерту жасалады, бірақ олар еш қысылып-қымтырылмастан жұмысын әрі жалғастыра береді. Ал лауазым иелеріне ақшалай айыппұл салыпты деген көрмек түгілі естіген емеспіз. Сонда қалай, «Тіл заңы» басқа құқықтық құжаттар сияқты орындалуы міндетті болмағаны ма? Заңда қазақша білмесең де мемлекеттік органдарда істей беруге шектеу қойылмаған. Қайта орысша құжат толтыра алмайтын қазақтілді мамандарға қиын. Осы жайтқа қатысты жақында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов: «Қазір мемлекеттік қызметшіге азамат өтініш берген тілде жауап беруі керек деген талап қойылады. Біз сол үшін жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінгі таңда Мемлекеттік басқару академиясына магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін қойылатын шарттардың бірі – азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі орта деңгейден төмен болмауы тиіс. Бұдан бөлек, Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу кезінде мемлекеттік тілді меңгеру туралы талап бекітілді. Қазіргі уақытта біз мемлекеттік қызметке орналасу кезінде қазақ тілін міндетті түрде білу керектігі талабын енгізу мәселесін талқылап жатырмыз» деген еді. Спикер мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін меңгеру мәселесі кейінгі уақытта қоғамда қызу талқыланып жатқанын, мұны бүгінгі күннің талабы екенін айтты. Қазір Мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында мемлекеттік қызметтің «Б» корпусының лауазымына орналасуға үміткерлерге «Қазтест» жүйесі бойынша шекті мән белгілей отырып, тестілеуден өткізуді енгізу жоспарланған. Онда мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін меңгеру шарттары пысықталуда. Бір қынжылтатыны, Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл өткеніне, қазір іс басына егемендік жылдарында дүниеге келген балалар араласа бастағанына қарамастан, «Мемлекеттік қызметтің «Б» корпусы лауазымына орналасқысы келетін үміткерлерге «Қазтест» жүйесі бойынша шекті мән белгіленіп, тестілеуден өткізу тек енді ғана жоспарланып жатқаны жұртқа айқайлап жариялайтындай үлкен жетістік емес. Оның үстіне бұл жоспардың енді қашан іске асатындығы да белгісіз. Тек, бұл ниет те алдыңғы жоспарлардың аяғын құшып, атқарылуы ұзақ жылдарға созылып кетпесе болды. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді неге тек «Б» корпусының қызметкерлері ғана меңгеруі тиіс деген екінші сұрақ туындайды. «Қазтест» жүйесімен «А» корпусы неге қамтылмаған? Неге жалпы мемлекеттік қызметкерлердің бәрінен мемлекеттік тілді білу талап етілмейді? Олар сонда мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын Президентінен артық па? Жоқ әлде Агенттік елімізде мемлекеттік тілді білетін 100 мыңдай мемлекеттік қызметкер табылмай қалады деп қорқа ма? Егер билік мемлекеттік тілді білетін қызметкерлер жетіспейді деп санап, олардың тіл игеруіне қолайлы жағдай жасамаса, онда бұл Үкіметтің осы уақыт ішінде мемлекеттік тілді дамытуда мардымды түк істемегенін мойындағанымен бірдей. Ата Заңымыздың 19 бабында : «Әркімнің ана тілі мен мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқы бар» делінген, бірақ менің осы конституциялық хақым күніне әлденеше рет бұзылады. Менің мемлекеттік тілде толыққанды өмір сүру құқым шектеулі, өмір сүру, баламды өсіру, жұмыс істеу, қажет ақпараттарды алу бәрінде орысша сөйлеуге тура келеді. Халыққа қызмет көрсететін орындар – банк, ХҚО, пошта, вокзал, мұрағат, аурухана, т.б. қайсына барсаңыз да орысша сөйлеуге тура келеді. Қоғамдық қатынастар, әкімшілік жиналыстарының бәрі өзге тілде өтеді. Тіпті лауазым иелерінің қабылдау бөлмесіне хабарлассаң да орысша сөйлесуің керек, өйткені хатшы қыз қазақша білмейді. Енді, қабылдау бөлмелеріне, жұртқа жаппай қызмет көрсететін жерлердің бәріне екі тілді адамдарды отырғызу қиын болып па? Қазақша талап етсеңіз, қазақша білетін біреуді ертіп әкелгенше тосып тұрасыз. Анықтамалық телефондардың көпшілігі ресми тілде, әйтеуір «Қазақтелеком»-мен ғана қазақша еркін сөйлесе аласың. Осының бәрі заң бұзушылық, менің ана тілімде жүріп-туру, қызмет ету құқымның шектелуі, бірақ жергілікті уәкілетті органдардың өзі (прокуратура, тіл бөлімі, әкімдік) мұнымен күресуге дәрменсіз. Осыған қарағанда, біздің қоғамда тіл заңнамасын бұзуға болады деген түсінік қалыптасқан ба деп қалдым? Сөз соңы. Егер біз Қазақстанды өзінің Әнұраны, Елтаңбасы, Туы, Конституциясы, тағы тағылар егемендік нышаны бар Тәуелсіз ел ретінде мойындасақ, мемлекеттіліктің білгісі – мемлекеттік тілді неге мойындамасқа?! Тәуелсіз елдің тілі де тәуелсіз болуы шарт.

Дәулет АСАУ

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *