Кенгурудың құны – 4,3 млн теңге: Мәсімовтің қалған дүние-мүлкі сатылымға шықты

Жаңалықтар
view 102
news

Фотосурет: ашық дереккөзден

Кәрім Мәсімовтен тәркіленген құнды бұйымдардың кезекті легі сатылымға шығарылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Ertenmedia-ға сілтеме жасап.

Мемлекет меншігіне өткен экс-шенеуніктің коллекциясындағы заттарды қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания аукцион арқылы саудалады.

Осы жолы саудаға қойылған бұйымдар арасында алтын монеталар, қымбат қанжарлар мен күміспен көмкерілген сирек кездесетін қылыш болды.

Бәсеке қыза түскен лот Elizabeth II бейнеленген, аустралиялық кенгурудың суретімен өрнектелген, номиналы 200 долларлық инвестициялық алтын монета. Оның бастапқы құны 3,2 млн теңге болса да қызығушылық танытқандар көбейген сайын бағасы көтеріліп, ақырында 4,3 млн теңгеге сатылып кетті.

Сондай-ақ Қапқаз үлгісінде жасалған екі бірдей қанжар жаңа иесін тапты. Бірі бағалы металлмен көмкерілген, екіншісі қарапайымдау қос қонжар 438,6 мың теңгеге сатылды.

Емалмен боялып, сүйекпен безендірілген, ерекше көз тартатын қылыштың бағасы 385,2 мың теңге деп белгіленіп, осы сомамен сатылып кетті. Болаттан жасалған жүзімен және сәнді әшекейлермен көмкерілген бұйым бірден-ақ коллекционерлер назарын аударды.

Ағаш сапты, металл элементтері бар пышақ бастапқы бағасы 155,2 мың теңгеге сатылды. Оның бағасы да сауда барысында өзгерген жоқ.

Еске сала кетсек, тамыз айында да Мәсімовтен тәркіленген 43 бұйым сатылған еді. Арасында антиквариат, әшекей бұйымдар мен өзге де бағалы заттар болған.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *