Кинотанудың күреңбайы
Руханият
722
Бұдан жиырма жылға жуық уақыт бұрын Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының табалдырығын талапкер болып аттағаннан бастап оқу ордасында жылы жымиып, жәйлап қана жағдайыңды сұрап, кино жайында, әдебиет, өнер жайында не бір қызықты әңгімелерімен баурап ала жөнелетін сол бір адам, сол бір ұстаз бейнесі өнер академиясынан түлеп ұшқан қаншама түлектің көкірегінде сондай жылы қалпында сақталып қалады екен, шіркін!
Осы тұста конференция тізгінін ұстап отыр-ған Бауыржан Нөгербектің жан досы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, кинорежиссер, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тәуекел: «Бауыржаннан, Бауыржан Рамазанұлы Нөгербектен, қазақ киноөнерінің ыстығы мен суығын бірге көрген ерекше дарынды, жан тазалығы мен ой тазалығы бірге бітім болмысына айналған әділ киносыншыдан, кинотанушыдан, кинотарихшыдан, қоғам қайраткерінен, мен сияқтылар мен шәкірттері үшін оған қоса ақылдас, сырлас, түсінігіміз ұқсас, бір күн көрмесек бір бірімізді іздеп тұратын достан, ұлағатты ұстаздан айрылып қалғанымызға, міне бес жыл уақыт зымырап өте шықты. Бәукең – қазақ киносының асыл іргетастарының бірі еді. Бәріміз күлімсіреген Бауыржанды, сабырлы да байсалды, қандай асығыс жағдай болса да саспайтын, баяу қозғалса да асыққандардың қатарынан қалмайтын, жоқтан өзгеге күйгелектенбейтін, мінезге бай адамды сағынамыз. Қиын сәттерде «Бәукең не істер еді» деп қиялдаймыз. Сол жетім көңіл әлі де кетер емес...» деп сағынышты сарынмен бір қайырды.
Одан кейін сөз алған «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли сөзін «Өз басым Бауыржан Нөгербектің төл шәкіртімін» деп бастап ұстазының тәлімгерлік қырларын баяндады. Ал, жазушы, драматург, Қазақ ұлттық өнер университеті «Өнертану» кафедрасының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Мұқанова: «Ол – руханияттың үлкен қайраткері. Ол тұлғаларды шәкірт тәрбиелеуге шақырып, өнертану саласының болашағын нығайтуға күш салды. Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің қабырғасында кәсіби мамандар даярлайтын оқу бөлімін жандандырды. Бауыржан Нөгербектің қазақ киносына сіңірген еңбегі зор. Оның арманы кинодағы ұлттық келбетті күтумен болды, тиісінше ұлттық кинода ұлттық болмыстың жетіспеуі жайында өзінің өткір ойларын толассыз жазды», – деді.
Негізгі мақсаты тарихи тұлғаның еңбегін өскелең ұрпаққа жеткізу болған конференцияның тағы бір қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, жазушы-сценарист Смағұл Елубай кинотанушының екі қасиетіне ерекше тоқталды: «Біз 1976 жылдан бастап, Бауыржанмен кино саласында бірге жұмыс істедік, отбасымызбен араластық. Баукең азамат ретінде де, маман ретінде де ерекше тұлға еді. Кинотану дегенді – ұлттану деп айтуға болады. Бауыржан да кинодағы ұлттық болмыстың көрінуіне ерекше назар аударатын. Қазақ киносын танытуда оның еңбегі зор. Оның мықтылығын екі нәрседен көруге болады, бірінші Баукеңнің шәкірттері мықты еді. Оның мектебін көрген жастар бүгін үлкен биіктерді бағындырып жүр. Екінші оның әкелік қасиеті, тәрбиесі балаларын мықты тұлға етіп қалыптастырды» бүгінгі кинотанудағы маңызды мәслелерді тілге тиек етті.
Смағұл аға айтқандай, бұл күнде Бауыржан Нөгербектің балаларының бәрі кино, театр саласында қызмет етіп жүр. Белгілі актриса Алтынай Нөгербек «Анаға апарар жол» филіміндегі рөлі үшін бұл күнде Мемлекеттің сыйлықтың иегері атанды. Баубек Нөгербек бұл күнде белгілі кинотанушы, Phd докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі. Кинотанушы һәм аудармашы Сәкен Нөгербек әріптесіміз, өнертану магистрі, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы. Балаларын өз саласының білгір маманы етіп тәрбиелеу және оның сондай нәтижелі болуы кез келген әкенің қолынан келе бермейтін, маңдай бағына жазыла бермейтін дүние екені әмбеге аян болса керек. Бауыржан Нөгербек бұл жағынан да білікті бапкер екенін дәлелдеп баққан бақытты әке екені даусыз.
Белгілі кинорежиссер, сценарист Данияр Саламаттың ұстаз туралы былай деп естелік әңгіме өрбітті: «Әу баста мен Бауыржан ағайдың есім-сойымен баспасөзде таныстым. «Никольск» базарына қарама-қарсы орналасқан кішкене бір кітапханада, тоқсаныншы жылдардың орта шенінде, «Қазақ әдебиеті» газетінің жаңа шыққан нөмірін парақтап отырып, жеке таныс болмасам да, прозалық шығармаларын оқып, киносын көріп өзіме ұстаз тұтып жүрген Сатыбалды Нарымбетовтің жаңа фильмі туралы мақалаға кезігіп қалдым. Сатыбалды ағамның прозасын рахаттана оқығаныммен, кинокартиналарын қорыта алмай жүргенмін.
Бауыржан ағайдың «Балалықпен қоштасу. Сатыбалды Нарымбетовтің «Көзімнің қарасы» фильмі туралы» деп аталатын сол мақаласы: «Фильмнің атына зер салған жан туындының ұлттық және европалық мәдениет қиылысында дүниеге келгенін байқар еді. Қазақша атауы ұлы Абайдың халықтық әнге айналған «Көзімнің қарасын» көңілге оралтса, орысша атауынан – «Жас аккордеонистің өмірбаяны» – европалық сентиментальды романдармен, мәселен, Гетенің «Жас Вертердің жаназабы» параллельдер тудырады» деп басталатын еді. Ып-рас. Кейін көзіміз анық жеткендей, Сатыбалды ағайдың көп жазушырежиссерлерге ұқсамайтыны да осы қыры еді.
Ол жылдары кино туралы мақалалардың дені орыс тілінде болатын. Бауыржан ағай кино бағытындағы танымдық мақалаларды қазақ тілінде жариялай бастаған алғашқы киносыншы еді. Біз, кино өнеріне алғаш құлаш ұрмаққа ниеттеніп жүрген жастар, сол кісінің мақалалары арқылы жігерімізді ұштап, кино саласына қатысты ұғымымызды қалыптастыра алдық.
Ол кезде сол мақалаға негіз болған «Көзімнің қарасы» фильмінің әлі кинофестивальге жолдама алмаған, көрермен назарына ұсынылмаған, даңқы білінбеген кезі-тін. Сонда да қара үзіп шығар тұлпар екенін белдеуде танып, Күреңбай сыншыдай тұрпатына алғаш баға берген де осы – Бауыржан ағай еді.
Бауыржан ағай ұлтын жан-тәнімен сүйді. Алғаш «кинотанушылар» курсын қабылдағанда да сол ниеті айқын көрініп тұратын. Сол кездегі кино тудырушы жандардың ұлт мүддесінен қиыс кетіп бара жатқаны шындап ойландыратының бір белгісі – курсын кіл қазақ тілді жастардан жасақтады. Қазақша ойлайтын, қазақша жазатын бәрі. Біз қатысқан лекцияларында да, біз оқыған баспасөз бетінде жарияланған мақалаларында да сол қазақ киносындағы ұлттық бояудың солғын тартып бара жатқанына қынжылатыны анық сезілетін».
Міне, кино туралы сөйлеу және сынау, оның шек-қарнын ақтара әңгіме айтуы сонау Мәскеуден, иә, орысша оқыған адамдарға ғана тән құбылыс секілді көрінетін бір кездері қазақ тілді жастардан кинотанушылар жасақтап оларды ортаға шығару дегеніңіз шын мәніндегі қайраткерлік емей не?! Белгілі кинотанушы, Бауыржан Нөгербектің тұңғыш шәкірттерінің бірі өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры осы шараның өтуіне ерекше қызмет еткен Назира Рахманқызы конференцияда ұстаздың кинотану ғана емес, жалпы қазақ киносын ұлттың төл табиғатына жақындатуға жасаған еңбегін һәм ұстанымын ерекше атап өтті.
Дәл осы тұста Бауыржан Нөгербектің кенже шәкірттерінің бірі, өнертану ғылымдарының магистрі, бұл күнде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық қызмет ететін Гүлім Көпбаеваның «Бауыржан Нөгербек және қазақ кинотану мектебі» атты баяндамасынан да қысқаша үзінді келтіре кеткеніміз жөн болар.
«Бауыржан Рамазанұлы өзінің бүкіл ғұмырында қазақ киносының тарихы, ұлттық кино корифейлерінің шығармашылығы, анимация, «жаңа толқын» киносы, көркемсуретті кинодағы экранды-фольклорлық дәстүрлер, елімізде өтетін кинофестивальдер, ұлттық кадрлар, киномыздың өткені, бүгіні мен келешегі секілді тағы да басқа көптеген маңызды тақырыптарды зерттеуге арнады.
Өз міндетін үлкен жауапкершілікпен атқарған сыншының алдында бұдан да машақаты көп жұмыс күтті. Ол, әрине, елімізде тұңғыш рет кәсіби ұлттық кинотанушыларды даярлайтын кино мектебінің ашылуы еді. Кино саласындағы жинаған тәжірибенің соңы үлкен мектептің есігін ашуға жол бастады. Бұл қазақ мәдениетіндегі, қазақ кинематографиясын ілгерілету жолындағы тарихи оқиға. Алғаш рет ана тілімізде жазатын, сөйлейтін топты жинау Бауыржан Рамазанұлының бағына бұйырды. Ұлттық киноның қадірін түсініп, туын көтеретін, тарихын теориялық тұрғыдан кәсіби зерттейтін қазақ тілді мамандарды тәрбиелеу – сол заманғы уақыттың талабы еді.
1990 жылдары қазақ киносын зерттеп, кино өнері төңірегінде еңбектеніп жүрген мамандардың басым бөлігі Мәскеуде білім алған, жаны қазақ киносы деп ауырса да, қазақ тілінде жазуға шорқақ болды. Дәл осындай қиын қыстау кезеңде Б.Нөгербек үлкен жауапкершілікті өзіне алды. Сөйтіп, 1993 жылы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) тұңғышкинотанушылардың тобын ашып, жетекшілік етті.
Ұстаздық жолында әр студенттің жан дүниесіне тереңінен үңіліп, әрбір шәкіртінің жүрегіне жол таба білді. Тек Алматымен ғана шектелмей, 2010 жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде де кинотану мамандығын ашты. Бауыржан Рамазанұлы 1993 жылдан өмірінің соңына дейін алты шеберхананың жетекшісі болды. Бұл – Ұстаздың ерең еңбегі мен толағай жемісінің көрінісі» дейді.
Конференцияда алғаш болып сөз алып, «Баукеңнің Әмен Қайдаровтың қасында жүріп қазақтың жаңа өнері анимацияның қалыптасуына қосқан үлесі аса зор» деген Сауытбек Әбдрахменовтан бастап, Бауыржан Нөгербектің анимация саласына жасаған еңбегінің өз алдына бір төбе екенін айтып жатты. Дәл осы жерде жиында сөз алған Баубек Нөгербектің оймақтай ойын ортаға сала кеткіміз келеді: «Бүгінгі басқосуда мен естімеген біраз естеліктер мен мәселелер айтылды. Әкемнің анимация саласындағы еңбегін де өте жақсы айтып жатыр қонақтар. Рас, әкем 1984 жылы «Ертегілерлерге жан біткенде» монографиясын жазған болатын. Өкінішке қарай, бұл еңбек 39 жыл өтсе де анимация тарихында жазылған жалғыз монография болып тұр» деді ұлы.
Конференцияда Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүлеева Әсия Қалиқызы, Қазақ ұлттық өнер университеті «Театр өнері және өнертану» факультетінің деканы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Омар Ақыш Қоңыртайұлы, Қазақ ұлттық өнер университеті «Кино өнері және телевизия» факультетінің деканы, кино операторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүлеев Әубәкір Қалиұлы, кинорежиссер, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Қалымбетов Болат Нұрғалиұлы кезек-кезегімен сөз алып, кино саласының бүгінгі мәселелерін ортаға салды.
Сондай-ақ, аталмыш Форум аясында қазақ киносының белгілі шеберлері – кинорежиссерлер Дәрежан Өмірбаев пен Болат Қалымбетовтің фильмдері көрсетіліп, шеберлік дәрістері өтті. Сонымен бірге кинотанушы, өнертану докторы Гүлнар Әбікееваның шеберлік дәрісі университет студенттері қызыға тыңдады.
Кейде кез келген сыншыны аттың сыншысына ұқсатам. Ол сынап қана қоймайды, қалай баптаса, қанша жерге шабатынын, яғни, бабын да айтады. Және жүз аттың шаң қауып қалар бәрін сынамайды, алда келер арғымағын сынайды. Тұқым, тегіне дейін тектеп береді. Ілиястың жырымен атағы алты алашқа жайылған Күреңбай сыншының құлагерді сынайтын бір сәтін:
«Қанында шығысың мен батысың жоқ,
Ағылшын арғымақтың шатысы жоқ.
Қашаннан қазағымның қолтумасы,
Араптың дүлдүлінің қатысы жоқ» деп жазатын еді ғой, құлагер ақын Ілияс Жансүгіров. Біз айтып отырған Бауыржан Нөгербек те бүкіл ғұмырының күйініші мен сүйініші қазақ киносының «қаны таза» болса екен, деумен өткен қазақ киносының Күреңбайы еді ғой. Шынымен сол Күреңбай, сол Бауыржан айтқан, армандаған қазақ киносы аршындап алға оза бергей! Тұлғалар ғұмырының өнегесі жас ұрпаққа жұғысты болса екен!
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, ақын, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, Қосшы қаласының тұрғыны
Оқи отырыңыз
Руханият
Тоныкөк (еркін әдеби нұсқа)
Пікірлер (0)