Қазақстан қалай ұлттар лабораториясына айналды?

Руханият
view 463
news

Қазақ жеріне басқа этностардың жаппай шұбыруы Ресейде 1861 жылы крепостнойлық құқықты жою- ға арналған реформадан басталды десек қателеспеспіз. Әйтпесе, бар-жоғы бір жарым ғасыр уақыт бұрын ғана осынау ұлы даланы мекендеген халықтың түгелге жуығы тек қана өзіміздің ұлттың өкілдері еді.

Қарашекпеннің қаптауы

  Ресей билеушілері бұған дейін феодалға басыбайлы тәуелді болып, небір қорлық-зорлықты басынан кешкен орыс мұжықтары еркіндік алған соң, бүлік жасар деген қауіппен оларды ішкі губерниялардан Сібірге, Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өлкелеріне жаппай тоғытты. Бұл империяның ұлттық аймақтарды отарлау және жаңа өлкелерде әлеуметтік тірек ретінде славян этносының өкілдерін пайдалану пиғылымен де ұштасып жатты. Сол арқылы бірнеше мақсаттарды жүзеге асыруды көздеді: қоныс аударған орыс шаруалары арқылы көшпенді жұртты отырықшыға айналдыру, бақылауда ұстап отыру, шоқындыру, жерінің асты – кенге, үсті – төрт түлікке толы қазақ даласының ен байлығын аяусыз тонау, т.с.с. Ол үшін, тіпті «жаңа жерде жақсы өмір бар» деген сипатта ұрандар тастап, ішкері Ресейдегі кедей шаруаларды еліктіру үшін үгіт-насихат жұмыстарын қызу жүргізді. 1907 жылы шаруаларды қазақ даласына қоныс аударуға үгіттейтін осы мазмұндас 6.5 млн дана кітапша басып шығарды. 1866 жылы Батыс Сібір Бас басқармасының бастамасымен орыс шаруаларын жаңа аймақтарда орналастыру жөнінде уақытша ереже жасалды. Осы Ережеге сай қазақ даласына көшіп келгендердің әрбір отбасы мүшелеріне 30 десятинадан жер телімін беру, 15 жылға барлық алым-салықтан босату, үстеме пайыздық өсімсіз қарыз беру қарастырылды. Сөйтіп, жердің ең шұрайлысы, өзен-көлі шалқыған көкорай өлкенің көбі келімсектердің уысында кетті. Мұндай ырғын өмір орыс мұжықтарын пеш түбінде тыныш жатқызбады, XIX ғасырдың 80-жылдарына қарай қарашекпеннің қаптауы тіпті күшейді. Үкімет шаруалардың мұндай шамадан тыс легін игере алмайтын болды. Сол себепті енді 1885 жылдан бастап келген әр отбасы мүшесіне 10 десятина жер телімі тиесілі болып, оларды салықтан босату мерзімін 5 жылға қысқартты. Бірақ бұл шара да топан судай ағылған қарашекпендер тасқынына кедергі бола алған жоқ. Қазақ даласына ағылған орыс мұжықтарының көптігі сонша, үкімет оларды алты аймаққа (Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария) бөліп-бөліп қоныстандыру үшін 1904 жылы «Қоныстандыру қорын» құрды. Қор қазақтардың жерлерін тартып алумен, патшаның жарлығына бағынбағандарды казак-орыс жасағының күшімен басып-жаншумен айналысты. Ресей Үкіметінің төрағасы П.Столыпиннің 1906 жылғы «Ресейдің Азия аумағына шаруаларды қоныстандыру туралы» шешімі қарашекпеннің қаптауын бұрынғыдан бетер үдетті. Бұл тарихта Столыпиннің аграрлық реформасы деген атпен қалды. Енді мына дерекке назар аударайық: • 1870-1914 жылдар аралығында алты облысқа 1.4 млн шаруа көшіп келді. Олардың 721 мыңы Ақмола облысында тұрақтап қалды. • 1917 жылы қоныстанушылар саны 1.5 млн-ға жетті. Оларды орналастыру үшін жергілікті халықтан 45 млн десятина жер тартып алынды. Жалпы, кесапат патшалық Ресей құлап, оның орнына одан да қанқұйлы Кеңестер Одағы орнағанға дейін Ақмола уезінің – 73 пайыз, Қостанай уезінің – 54 пайыз және Петропавл уезінің 52 пайыз жері қазақтардан тартып алынып, қарашекпендерге берілді.

Үркіншілік заман

Қазақстанға өзге этностарды жаппай көшірудің екінші науқаны ХХ ғасырдың 1929-1944 жылдары аралығына – қызыл жендеттердің «халық жауын» күндіз майшаммен іздеген үркіншілік заманынан басталып, Екінші дүниежүзілік соғыстың соңына тап келді. Кеңес үкіметі еш жазығы жоқ жеке азаматтарды ғана емес, КСРО аумағында тұратын тұтас халықтарды Одақтың шығыс аймақтарына, оның ішінде Қазақстанға жер аударды. Тіпті Екінші дүниежүзілік соғыс қызып тұрған жылдары да, соғыс- тан кейінгі уақыттарда да жұртты тұрғылықты жерінен күштеп көшіруді толастамады. Сталиннің жаппай халықтарды Қазақстанға жер аударуы Батыс Украинадан басталды. 1936 жылдың сәуір айында КСРО Халық кеңесі комитеті «Саяси сенімсіз поляктарды Украин КСР-нан Қазақ КСР-на көшіру туралы» Қаулы қабылдайды. КСРО Министрлер Кеңесінің 28 сәуір 1936 жылғы № 776-120 «өте құпия» грифімен бекітілген Қаулысына сәйкес Украинадан күштеп көшірілгендерді орналастыру жөнінде БКП(б) Қазақ өлкелік комитеті бюросының жоспары бойынша Украина мен Польша шекарасынан Қарағанды облысына15 000 шаруашылық – 45 000-тен астам немістер мен поляктар (поляктар – 35 820, немістер –10 000) жер аударылады. 1936 жылы 25 шілдеде Қазақстанға 25 778 адам тиеген алғашқы 40 эшелон келген. 1937 жылдың 21 тамызында осындай зар күй кәрістердің басына туды. КСРО ХКК мен БКП(б) ОК-ның № 1428-326 «Қиыр Шығыстың шекаралық аумақтарынан кәріс ұлтын көшіру туралы» Қаулысы шықты. Аз уақыттың ішінде қазақ жеріне 20 141 отбасы немесе 98 474 кәріс азаматтары көшірілді. Оларды негізінен еліміздің оңтүстік аймақтарына орналастырды. 1938 жылдың қазанында тура осындай «өте құпия» бұйрықпен «Азербайжан КСР шекаралық аймағынан ирандықтарды көшіру туралы» Қаулы шықты. 1940 жылы көктемде Батыс Украина мен Белоруссиядан көтерілісші ұйымдарға қатысушылар, бұрынғы Польша армиясының официерлері, сотталғандар қоныс аударылды. Қазақстанда 1941 жылдың басында 53 772 поляк тұрып жатты. Сол жылы депортацияланған халықтар тарихындағы аса қайғылы тарихи құжаттардың біріне қол қойылды. КСРО ХКК мен БКП(б) ОК-ның 26 тамыздағы қаулысымен, яғни Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен Кеңестер Одағы аумағында өмір сүріп жатқан неміс тұрғындары түгелдей шпион, фашистердің қолшоқпары деп жарияланып, орын тепкен жерлерінен зордың күшімен көшіріле бастады. 1942 жылы Қарағанды облысындағы неміс қоныстанушыларының саны 350 мың жетті. Кеңес үкіметі 1943-1944 жылдары қазақ жеріне қарашайларды, қалмақтарды, чечендерді, ұңғыштарды, еврейлерді, Қырым татарларын, гректерді, армяндарды, балкарларды, болгарларды, түрік-месхетиндіктерді қаптатты. Олардың бәрі сатқындар, халық жаулары деп танылды. КСРО НКВД арнайы қоныстандыру бөлімінің 1946 жылы қазан айындағы анықтамасындағы мәлімет бойынша 2 436 940 адам есепте тұрған. Олардың 655 674-сі ерлер, 829 084 –сі әйел кісілер, 979 182 –сы 16 жасқа толмаған балалар. Осы жылдың дерегінде Қазақстанға 890 698 адам сырттан қоныстандырылған екен. Соғыстан кейін Батыстан украин ұлтшылдары әскери жасағының сарбаздары мен олардың отбасы мүшелерінің 150 мың адамы Одақтың түкпір-түкпіріне лақтырылды. «Ұлтшылдардың» бір бөлігі қазақ даласына өткен ғасырдың басында, 20-30 жылдары кулактар есебінде жер аударылған украиндердің қатарын толықтырды. Сталин өлген 1953 жылы КСРО ІІМ қадағалаушы органының есебінде 2 826 419 арнайы қоныстанушылар болса, соның 1 013 610 адамы Қазақстанда тұрып жатты. Депортацияланған халықтардың басым көпшілігі Қарағанды облысының аумағына орналастырылды. 1949 жылы 1 тамыздағы есебі бойынша, облыста жалпы саны 39 990 отбасыны құрайтын 117 043 арнайы қоныстанушы болған. Оларды есепке алу үшін Қарағандыда Ішкі істер министрлігінің 113 арнайы комендатурасы құрылды. Депортацияланған жандар жаңа жерлерінде аштыққа, ауруға ұшырап, көшіп-қонып жүргенде отбасы мүшелерінен айрылып, басқа да тұрмыстық қиыншылықтарды бастарынан кешірді. Үкімет оларға көп жағдайда қазынадан заң бойынша бөлінуі тиіс болымсыз материалдық көмектің өзін көрсетпеді. Жер аударылғандарды орналастыру үшін баспана салуға қажет материал мен қаражатты, адам басына күнделікті бөлінетін ас-су нормасын бермеді, жағдай жасамады. Зордың күшімен көшіп келгендердің өздері күркелер құрастырып, жеркепелер салды, саз-балшықтан кірпіш құйды. Қыста баспаналарын тезекпен, қарағанмен, өсімдіктердің сабақтарымен жағып жылытты. Олардың арасында ауру мен үсікке шалынғандар, қаза тапқандар көп. Дегенмен, Қазақстанға жер аударылған ұлттардың жағдайы басқа республикаларға депортацияланғандарға қарағанда көш ілгері еді. Ежелден бауырмалдығымен, қонақжайлылығымен атағы шыққан қазақ халқы сырттан соры қайнап жеткен түрлі ұлттардың бәрін бауырына басты, қолындағы нанын бөліп берді. Баспасы жоқтарды өз үйлеріне кіргізіп, бір бөлмесін ұсынды. Бүгінде сол келімсек ұлттардың қай-қайсы да қазақтың кеңпейілдігінің арқасында аман қалды, шырағын өшіріп алмай, соңынан ұрпақ өрбітті. Егер жер аумағы Франция мемлекетімен пара-пар Карлаг Басқармасына қарасты лагерлерде барлығы 1млн 200 мың тұтқын отырып, олардың бәрі қатаң есепке алынса, ал депортацияланған халықтардың толық есебі жүргізілмейтін. Сондықтан бұл күнде қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға нақты қанша адамның ауып келгенін ешкім тап басып айта алмайды. Мұндай деректі еш жерден таба алмассыз. Қалай дегенмен де кеңестерден қысым көріп, бөтен жерде жергілікті ұлтқа күні түскен босқындар қазақтың тілін тез үйреніп, ел ішіне тез сіңісті. Көпшілігі «қазақ» болып кетті. Жер ауған халық өкілдері қиын-қыстау заманда қанатының астына алып, қамқорлық көрсеткен біздің ұлтқа құрметтерін осылай білдірді. Сондықтан да олардың қатары қарақұрым болғанымен, қазақы менталитетке, мәдениетке теріс әсерін тигізбеді. Қарағанды облысына жер аударылғандар елдімекендердің аумағында орналасқан арнаулы кеңшарларда ғана емес, облыстың әртүрлі кәсіпорындарында жұмыс істеді. Облыстық атқару комитетінің құжаттарында 30- жылдары жер аударылғандар еңбек еткен 70-тен астам мекеме, ұйым, кәсіпорындардың тізімі келтірілген. Жер аударылғандардың негізгі бөлігі теміржол құрылысында, металлургия және көмір өнеркәсібі салаларында жұмыс істеді. Арнайы қоныстанушылар да сотталғандар сияқты арзан жұмыс қолы есебінде саналды. Қазақстанның көмір-металлургиялық кешені, ауыл шаруашылығы және халық шаруашылығының басқа да салалары осы жүздеген мың жер аударылғандардың жанқиярлық еңбегінің арқасында салынып, жұмыс істеп тұрды. Кеңестердің құрығына ілігіп жазықсыздан-жазықсыз сотталғандар мен жер аударылғандардың жалпы Одақ экономикасының дамуына қосқан үлесі орасан. Өйткені үкіметтің өз халқына қарсы аяусыз күресу саясаты тұтас КСРО-ны, оның ішінде Қазақстанды арнайы қоныстанушылар мен сотталғандардың концлагерьлері мекеніне айналдырып жіберді. Айталық, 1929-33 жылдар аралығында арнайы қоныстанушылардың басым көпшілігі кулактар – 9-10 млн.адам болды. Ал 1936-1949 жылдары аралығында қоныс аударушылардың негізгі бөлігін депортацияланған халықтар (2,5 млн адам), Қызыл Армия 1945-1946 жылдары басып алған мемлекеттерден Германияға қашқан немесе күштеп апарылған аймақтардың 1,8 млн адам әскери тұтқындары және 3,4 млн қатардағы адамдар құрады. Зерттеушілердің айтуынша, Кеңестер үкіметі құрылған 1918 жылдан Сталин өлген 1953 жылға дейін КСРО аумағында 4 млн адам лагерьлерге қамалып, оның 700 мыңдайы атылған, 22 млн адам жер аударылған.

Тың игеруге келгендер

Қазақ үшін аса қасіретті болған тағы бір көш – 1954-57 жылдары орын алды. Тың және тыңайған жерлерді игеруді желеу етіп 500 мыңнан астам славян ұлтының өкілдері Қазақстанға шұбырды. Елге келіп, жергілікті ұлтпен басы сыйыспай немесе климатқа шыдамай кері қашқандарды қосып санағанда, олардың саны 1миллионнан асып жығылды. Міне, осы кезде жаппай ұлттық мектептер жабылып, қазақ кадрлары билік басынан шеттетілді, іс қағаздары орыс тіліне көшірілді. Елдің, жердің менталитетін, салт-дәстүрлерін сыйламайтын, тасыр мінез көрсететін келімсектермен ауыл жігіттері арасында ұлтаралық қақтығыстар көптеп орын алды. Әрине, бұл жайт кеңестің насихатына сай келмейтіндіктен, бұл кезде мұның бірі де айтылмады, жасырып-жабылды. Ұлттық демографияға сойқан болып тиген науқанның түпкілікті мақсатында тек тың жерлерді игеру ғана емес, оның астарында Қазақстанды ұлттар лабораториясына айналдыру, қазақты орыстандыру саясаты да жатты. Әйтпесе, кейіннен отарлау саясатының нәтижесінде, Ресейдің қарамағына өткен байырғы қазақ жерлері – Орынбор, Омбы, Томбы, Қорған, Орск, Астрахан, Кемер, Сарытау, т.б. өңірдің қазақтары, ашаршылық жылдары Ресей мен Украинаға барып тұрақтап қалған басқа да қандастарымыз – 500 мыңдай адам атамекенге елге оралуға, тың жерлерді игеруге даяр отырған еді. Бірақ кеңес өкіметіне ол керек емес еді. Соның кесірінен 60-жылдары Қазақстанда тұратын қазақтың үлес салмағы 29 пайызға дейін төмендеп, ұлттық диаспоралардың саны 130-дан асып кетті. Сөйтіп, Қазақстан Кеңес өкіметінің қолымен жасалған ұлттар лабораториясына айналды. Сөз соңы. 2022 жылы 24 ақпан күні Ресей Федерациясының Украинаға жасаған басқыншылық шабуылынан және осыған байланысты өз азаматтарын әскерге шақыру науқанынан кейін терістіктен ағылған қарақұрым нөпірді Қазақстанға жасалған төртінші көш деп атамасқа лажымыз жоқ. ҚР ІІМ Көш-қон қызметі комитеті мәліметінше, былтыр елімізге 5 610 000 шетелдік енген. Олардың басым бөлігі ресейліктер – 2,9 млн кісі. Одан кейінгі кезекте Өзбекстаннан – 2,3 млн, Қырғызстаннан – 730 мың, Тәжікстаннан – 330 мың, Түркиядан 90 мың адам келген. Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстанда қыдырыстап жүрген шетелдіктердің көпшілігі кейін өз жөндерін тапқан. Ал әскерден қашқан ресейліктер негізінен біздің елді транзиттік ретінде пайдаланып, әрі қарай Түркияға, Грузияға, алыс-жақын басқа да жақтарға ауып кеткен. Әйтсе де әлі де болса 300 мыңдай ресейлік мигранттар шұбырып жүрген көрінеді. Олардың қаншасы ел ішінде қалып, уақытша немесе тұрақты тіркеуге тұрғаны белгісіз. 2023 жылдың басындағы есеп бойынша, тек Алматы қаласында ғана 130 мыңнан астам ресейлік жеке сәйкестендіру нөміріне ие болған. Яғни олардың Алматыда қалып, емін-еркін жұмыс істей беруіне мүмкіндік жасалған. Егер Қазақстанға қашқан ресейліктердің көбісінің ЖСН-ін алуға ұмтылатынын ескерсек, басқа қалалардағы жағдайдың да оңып тұрғаны шамалы екенін бағамдай беріңіз.

Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *