Талғат Теменов: Ұлытауда Шекспир емес, Шыңғыс сөйлейді
Фотосурет автордың әлеуметтік желісінен алынды.
Жезқазғаннан келгелі қолым тимей кетті... Қым-қуыт жұмыс...
«Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетті» театрға табыстап қайттым. Күндіз-түні қайнаған жұмыс өз қорытындысын берді. Менің ойымша, бұл шығарма Айтматов әлеміндегі ең қиын әрі ең күрделі дүние. Өмірдің философиясын, оның мәні мен мағынасын осы шығармадан іздеуге болады. «Ұрпақ — өмір жалғасы»... Қалай тауып айтқан... Қысқа да нұсқа...
Шыңғыс Айтматов — нағыз гуманист жазушы. Жалпы мәдениеттің, әдебиеттің өзегі — Адамды сүю болса, ол — Айтматов.
Баяғыдан «Шекспир, Шекспир» деп біздің санамызға құйған бір қағида бар. Ол — Шекспирден артық, одан жоғары жазушы, драматург жоқ деген...
Меніңше, бұл артық айтылған деп ойлаймын. Әсіресе СССР кезінде... Себебі оқымаған, құлдық санамен уланған 350 миллион халықты қорқыту, үркітумен, қала берді ертегімен емізу керек-ті. Осы тұрғыда Шекспир қарапайым халықтан гөрі Политбюроға көп керек болды. Уильямның көп қойылған дүниесі — «Король Лир».
Туған үш қызы байлық үшін, дүние үшін, атақ-абырой, қала берді қара бастарының қамы үшін қартайған қарияны қаңғыртып жібереді. Өмірін, байлығын, бақытын балаларына арнаған Король Лир далада біздің көшедегідей бомж боп қалады. Пьесаның соңында кейіпкерлердің бәрі дерлік өледі. Трагедия ма? Трагедия!
Алайда мұнда адамды сүю жоқ. Керісінше — қаталдық, қатыгездік, күншілдік, байлық үшін ештеңеден тайынбайтын кейіпкерлер... Иә, катарсис... Ал біздің менталитеттен бөлек.
Бұлтты Альбионның ар жағы. Бізге беймәлім дүниелер. Дүние үшін барын да, арын да сатқан сайқалдар... Ал Шығыста бөлек, басқа тәмсіл. Бізде үлкенді құрметтеп, кішіні аялаған. Осы қағида — Айтматовтың бары, болмысы, ерекшелігі, ерлігі — адамды құрметтеу, қадірлеу, сүю. Сондықтан да Шекспирдің геройлары (қыздары мен күйеу балалары) — жас ұрпақ — қарттарынан құтылуға әрекет етсе, Айтматовтың геройлары (Орган шалдың ұлдары) болашақ үшін өздерін өлімге қияды. Оқығанда Шекспирдің геройы — Лирға емес, Шыңғыстың кейіпкері Кирискі үшін күйесің, толғанасың, толқисың, тебіренесің. Хош делік...
Спектакль өте жоғары деңгейде өтті. Әрине, «әттеген-ай» деген аракідік ойдың болғаны рас. Бір қынжылатынымыз — спектакльге бөлінетін қаржы тым аз екен... 1 миллион теңге...
Осындайда Түркістандағы жаңа театр еске түседі. Баяғыда Көпжасарова деген директор "Бөрте" спектакліне 250 миллион жұмсағанда жағамызды ұстағанбыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен артистерді шақырып, режиссерларын Италиядан алдырғанда аузымыз ашылып қалғаны бар... Бүгінде ол спектакль бар ма, жоқ па — белгісіз... Ол қаржының қанша пайызы ақталды? Тағы да белгісіз... Крыловтың тілімен айтсақ: «Іс бітті, қу кетті...»
Ал Ұлытау облысын Президентіміз Қ. Тоқаев қайта ашқанда қуанбаған адам жоқ болар. Әсіресе Серке театры...
Өткен жолы Мәдениет қызметкерлерінің күнінде Президентіміз мәдениетті, соның ішінде театр саласына көңіл бөлуді айтты. Ұлытау облысы — соның дәлеліндей... Осы тұрғыда мен барлық актерлерге, әсіресе Қазақстанның Халық артисі Досан Жанботаевқа, театр басшыларына айтар алғысым шексіз. Басты рөлдерді алып шыққан Теміржан Жанботаев, Ардақ Жарқынбеков, Нұржан Бейісбеков, Алихан Дулатұлы сияқты дарынды актерлерді ерекше атаған жөн бе деймін...
Ұлытау — Жошы ханның тоқтаған жері... Қазақ хандарының бас қосқан алтын бесігі... Қаныш Сәтпаевтың боз даладан болашаққа сүрлеу салған мекені... Ғарыштан оралған ғарышкерлердің табаны тиер қасиетті дала... Иә, бұл — Ұлытау!
Көзім жеткен бір шындықтың бары рас... Ол — осы өңірдің қайта түрлеу кезеңі алыс емес. Бір қызығы — мен сол жерде жүргенде Қайрат Байбосыновқа Президент "Еңбек Ері" атағын берді. Қалың жұрт қатты қуанды. Мен де сыйлас ағама риза болдым. «Болар істің басына — жақсы келер қасына» деген осы болар дедім. Неге екені белгісіз, есіме Ақселеу мен Жәнібек, Кәкімбек көкем мен Ақсұңқар, Ғалым Жайлыбай мен Жүрсін Ерман түсті...
Аузыма бір сөз орамы келген:
ҰЛЫТАУЫ бар елдің ұлы болу — мақтаныш!
Мен Ұлытауға барғаныма, көргеніме мақтандым!
Талғат Теменов, кинорежиссер, Қазақстанның Халық әртісі
Оқи отырыңыз


Пікірлер (0)