Сұраған Рахметұлы. Жиенбай аға (хаһ эссе)
Руханият
46
Сүгіреттер: Жиен ағаның тума жекжаты Сәм Майтақұлынан алынды. Төмендегі Жиенбай ағамен тұрған Зүлкәпіл Тоқтасынұлы. Бұл кескін ескі досым Зұлқадыл Тоқтасынұлынан алынды.
Бессала өлең шумағы сықылды боз жусаны боздап тұратын, бозала бұлты бүркеген жықпылды қойнау. Арқасын Алтай тауларына сүйеп жатқан ақ маңдайлы алып адырлар жүлгесі. Осы аумақты түгелдей атауы - "Қобда беті". Бізден бұрынғы буындардан біте қайнаған ғажайыптардың мекені. Кешегі кейіпі кербұғыдай еңселі, арыдан атан жілікті қайран ағалар бүгіндері ақ үрпек балапандай болып шау тартқан бір кезең...

Хош дейік!
Жиенбай ағам сол бір ұларлы құздың ұшқынды шақпақ тасындай отты азамат болды дер жасында.
1950 жылы туған барыстың ұланы. Руы қарақас Құсайын әкенің тұңғышы, шешесінен 13-14 жасында қалған мұңлық мұңдар.
Нағашысы ботағараның бір ауқатты әндігері Әбдіке.
"Жиенбай" деп солардынң қалауымен арнайы азан шақырып қойылған есімі.
Дүниежүзілік қанды майдан және Өр Алтай мен Қобда беті батыс шекаралық дүрбелең басылып, бірлестікшілер қимылы қыза бастаған әсіре күлгін шақпен құрдас өскен жаңа мизамдық көкөрім өспірім, бей-әйбет бағыланы. Арғы атасы Салықшының сегізінің бір нәсілі Смағұлдан өрген өрен шөбереніің бірі.
Біздің бұрынағы абыздардың ішкі қисабы мен ілкі ілім лепесі бойынша: бір оқиғаны бір бағыланның тікелей ғұмыры мен қатысты етіп өлшейтіні парықы бар-тын. Ол әрине бөтен емес төтен ұғым, бәрі дерлік білетін қызықты таным тауырихат еді. Мысалы, "Додығай", "Шеруші тақтасы" деген жер-су атаулары қандай да бір оқиға болған орындарға қатысты қойылатын үдерісті теңеулер. Бүгінгі ұғым бойынша топонимикалық тергелім.
Бұндай тәнікке сай таңғайып жағрапиялық атаулар осы Жиенбай секілді бірегей жайсаң ағаларға ғана арналатын-ды. Елдің сеніміне еленген ләйім лайықтарына қарай жасалатын рай. "Жұман қабағы", "Ташының тұмсығы","Жау шапқан жұрт", "Салықшының қорғаны" деген шежіреге шегенделген жағрафиялық шежіре теңшеулер. Бессалада көптің алқауымен қолданылатын жер-су аттары баршылық. Қасқырды дара, Қабырғабұлақ тсс.
Ендеше ел орныға бастаған елуінші жылдың басын - "Жиенбай туған жылы қонған жұрт" десе осы жылдың соңына - "Жиенбай сабаққа барғанда...", 1970 жылдың көктемін - "Жиенбай әскерге кеткенде... Тағы да осы " 1972 жылдың басы тышқан енгенде: - "Жиенбай ақалақшы болғанда..." деп кете берер-ді.
Моңғолияның шығыс түстігінде Сулинхээр (Сұлы кері) деген шекара шебінде таңдаулы шеріктерден іріктелген отрядта ақалақшы болған тұсы да өз алдына әңгімеге арқау. Моңғолдардың әскери мамандары оның бойындағы ерекше зерделі пайымын ерте аңғарса керек.
Жиен ағамды бірден сардарлық сапқа жез тағадай таңдап, лезде біржола қалуға қатты қалап, үгіттеп қолдағаны тағы бар.
Бірақ, Жиенбай ағамның таңдауы тағы да - "Жиенбай шеріктен келгенде..." деген тарихи оқиғаның шын куәгерлігіне айналуды қалады... Қайтып сол қызметке айналып бармаған.
Оның кейіп-кеспірі нағыз қыран көз қазақтың өзі болса керек. Сырты сұсты болғанмен іші мейірімге толы ағамен тым жақын болмағам-ды. Сол жетпісінші жылдың басқы әлетінде Жиенбай ағам үйленіп сол жылғы Шеруші тақтадағы жайлау жұртта: "Жиенбай қатын алып, той қылған көк жұрт" деген әудемгіге ұқсаған әдемі атаудың қалғанын білемін.
Сол ұлы жиын, ақық тойда тайлақ Абдаш Қамзаның ақ жал күлігімен көкұлақты жұлып алып қашқаны да: кешкісін Әскер Көбікейдің әсерлі әзілімен жарасып, секел Мәнен мен баранқас жылқышы Зүлжәлелдің озандатқан қасиетті қара өлеңі шырқалғаны: Тасқынтының таңғажайып күйшісі Сұраған Орынбай (адас) ағамның алақиян шертпелі сарыны бүткіл Үсігеннің күртікті үстіртін ұйтқытып, жаңбырлатып, қабағы түксиген қайратты қарттардың кірпіктерін жаспен шылатқанын біреу білсе, біреу ұмытқан да болар!?
Бұдан зорғы тұрмыстық қиян-қауым ақаулы, мал бағып, еңбек еткені; өткені, кеткені, елдің ықыласына бөленген жұлдызды өтпелі дәурені, қуанышы, жұбанышы ел-жұртымен бірдей. Қатаң жылдарда атан түйе шомдап, арқасына жүк артқан, керме керіп биебаулаған, өрме өрген, өре тігіп, нәр сүзбелеген өркениеттің түгел бір хаһ жартысы көзі өзі.
Төрт түлік малдың төске айдап, төл үнімен өрде жайлап, төрде қыстаған тумысынан құт біткен құба бейнеткер.
Ағаның баққан малы, төккен тері, көрген қызығын кесіп айту бек артық. Халық арасындағы қабырғалы қайран ағалардың маңдайы да марғасқасы да осы киелі абыз Жиен ағам...
Абай хакім айтқандай : "ақырын жүріп, анық басқан..." қарапайымды даланың қазағы, Алаштың ала жібін аттамаған нағыз ардагерей адал да байсалды сом тұлға.
&
Жиенбай ағам даңғыл абыз, Бессаланың бесенеуи зерделі де зерегі һәм тірі күнтізбесіндей (календарь) дала тарихындағы нағыз куәгер. Ол кісі баяғы бабаларындай тұрағы биік өз тұғырында тұр бүгін. Оның оқшау ғұмыры - қарлы Алтай тауларының, алтын қайнары: Арасанның кәусерінен жұққан жұмсақ та жұмбақ қалыбы һәм табиғи. Жаратылысы жарасымды қалпымен даңғыра дара,
Өткен жылдары бір көргенімде: "оу, қарғам сен әлгі менің баяғы сол-ым екенсің ғой" дейді. Атымды да ұмытып, қапелімде аузына түспей қалса керек салалы саусағымен күн сала қарап тұр: "иә, мен солын..." деймін күліп.
Ағам, көк бұйра изенмен илеген насыбай аңқыған едігей танауымен маңдайымнан мекірене келіп, құшырлана иіскенгені есімде. Бессаланың жалбызы мен балаусасы аңқыған ата даланың өзі келді мінеки. Бессаланың бір биігі алдымда тұр!
Бұрынғы көк теңбіл атқа мінген көк өрім ер жігіттің көне дүрлі бейнесі көлеңдейді көз алдымда! Көңіл шіркін деген...
Қайратты ағамның қалың қабағында бір дүркін, біртүрлі лекігендей діріл барын сезіндім де... Кеңсірігімде бұла Бұлғынның ба, мұнаралы Күңгейдің бе, күртікті Үсігеннің бе әйтеуір әшкүрім сарымсағының ащы иісі кернеп тұрғандай әсерде болғам!?
Аспанға қарадым... Адалдықтың ақ байрағындай ағамның сұсты сұқпыты тұр... Алтай тауларының ақша бұлттары баяу аунап, қалқып ауып бара жатты аспанымда...
Шілде 06. 2025.
Оқи отырыңыз

Руханият
Көнеден қалған көне көздер ізі

Руханият
Анамның желегі
Пікірлер (0)