Степногорск қаласы Ақсу кентіндегі №2 мектеп күрделі жөндеуден есігін айқара ашты

Жаңалықтар
view 34
news

Фото: Степногорск қаласы әкімдігі

Елді мекендегі білім ошағында соңғы екі жыл бойы жүргізілген ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталды. 2023 жылы басталған күрделі жөндеу 2024 жылы толық тәмамдалып, білім ордасы жаңа келбетімен оқушылар мен педагогтерге есігін айқара ашты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

240 оқушыға арналған мектеп ғимараты заман талабына сай қайта жабдықталды. Сонымен қатар оқу процесін тиімді жүргізуге қолайлы жағдай жасалды. Бұл – өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі.

Оқу процесі үшін арнайы жабдықталған 18 пәндік кабинет толықтай жаңартылып, жаңа технологиялармен қамтамасыз етілді. Әрбір кабинетте интерактивті жабдықтар, мультимедиялық құрылғылар, жаңа оқу жиһаздары орнатылды.

Жаңарту жұмыстары тек кабинеттермен шектелмей, мектептің барлық ішкі инфрақұрылымын қамтыды. Дәліздер мен оқу орындары жарық әрі кең форматта қайта жасақталды.

Күрделі жөндеу аясында ғимараттың сыртқы қасбеті толық жаңартылып, жылу үнемдеу технологиялары қолданылды. Бұл – мектептің энергия тиімділігін арттырып, қыста жылы, жазда салқын болуына мүмкіндік береді.

Сонымен бірге төбе құрылымы мен инженерлік жүйелер түгелдей ауыстырылды. Соның ішінде жылу жүйесі, су құбыры және канализация, электр желілері жаңа стандартқа сай толық жаңартылды.

Бұл өзгерістер оқушылардың қауіпсіздігін күшейтіп, оқу процесін үздіксіз жүргізуге жағдай жасайды.

Жаңартылған мектептің ашылуында Ақсу кентіндегі №2 ЖОББМ директоры Роза Крылатая күрделі жөндеу жұмыстарының маңызын атап өтті:

Күрделі жөндеу жұмыстарының арқасында біздің мектептің келбеті толықтай өзгерді. Оқушыларымыз бен ұстаздарымыз жаңартылған, жылы әрі қауіпсіз ғимаратта білім беру процесін толықтай жүргізуде. Бұл – білім сапасын арттыруға қосылған үлкен үлес, – деді мектеп басшысы.

Ақсу кентіндегі жаңартылған №2 мектеп – өңірдегі білім беру мекемелерін жаңғырту бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстың жарқын мысалы. Қазіргі талаптарға сай жаңартылған ғимарат тек оқыту сапасын арттырып қана қоймай, балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *