Сұраған Рахметұлы. Жыр қағанатының гладиаторы

Руханият
view 840
news

 

ЖЫР қағанатының гладиаторы

 

Әбдірашит Сыдыханов – «Қорқыт ата»

 

Білеу тасқа өзін бітіктеген

  Поэзия ауылына дүркірей келген өңге реңкті өңшең түренділердің бірі: тірі Траян – Шаһизада Әбдікәрімов. Алпыстың (1960-1970) жалғасы – жетпістің ортан белінде ойран салған озаншы осы күмен... Үндемей өзімен бірге жүргендермен ере берген болса – мүмкін «мұратына ерте жеткен» болар ма еді?! Ерегесқұмар, екі иінінен түтін будақтатқан түлен-түрткен түге! Сықпыты мен сүрепеті де тым жағымды емес, киген «кіреукесі» де қонымсыздау – қоңыр ауыл мен келімсектердің қонысы болған тобырлы қаланың арасында адасқан дүлей һәм «атаман» сүлей һәм «...сүрей»... Бар айтатын – дәті де, нәті де – адуын ақын Байботадан бата алғаны! Байбота ақын да осал дуалиһатты әулие болмаса керек – Абаймен бәсталас ақынға алақанын жайып ықыласын берген... Әйтеуір бір кәллә, бір ниет дейік! Ала жөнеліп, ауыздығын қарш-қарш шайнап, жаңбырлығынан тер саулаған, сербегінен жел лаулаған қыл құйрықты кіл егей жүйрік еске оралады. Алтайы таудың ақырғы көшпелі сайлауыттары түгел «жынды» күлік мініп, қымыз қыдырып, қыр кешкен. Күлік пен «бүліккес» ақынның түп тамыры бір жерден... Шын жүйріктер – ағынды өзеннің шетінен су ішпеген... Бозөркеш ағынға қарсы кешіп барып, сағалдырығына дейін басын көміп тұрып тұнықтан жұтатын құйматұяқтының ежелгі инстникт һәм бейтүйісі. Шәһидің осы бір сұрқынан тұрқы киіктей бір күліктің елесі көрінеді. Қым-қиғаш қашаң саяқ ойлары, көлбеу кесімдердің үркініндей... «...Түндіктен сығып су беріп, түтікпен сорды қанымды...»!? Ойыңда қалатыны – оның болмысы «аяқталмаған» жыр секілді біртүрлі және көпбояулы сүгірет кейіпі сықылды. Үскіні үшін ешкіммен санаспайтын шәйірдің оқыстан музаға қарай маңып кететіні де ерек. Ғазалиясының ең ғажабы – ерте дәуірдегі мейханалардың іргесінен іңсілеген ұрғашышыл типпен бейқұмығуға ұқсас. «...Қырық қадам шыға бере үйден біз, қырық қыздың құшағына күйгенбіз, соның бірі сен емес пе ең, қалқам-ай, омырауы ойық көйлек киген қыз...». Бұдан кейін қызыл, күлгін жайраң дара сын есімдердің бұлқынды  қимылы жалғасады!? «...Торы айғырды төмен қарай сазға айдап...» кете береді!? Мен білсем бұл эротикалық бейбастақтық емес. Тағы да сын есімнің өзге өңдерінің ізі. Тіптен күшті пернелерге, өршіл ноталарға өзін тізіп, әуенмен рокерлеп, жөрмеп байлайды. «...Лыпасын түре асыға, қомданды ол, бүркіт болып, Үр қыздың ұмасына, ұрығын іркіп төгіп. Дауа жоқ мына сұмға, адалды арам етті, Батпақтай бінәсінда, бақырып бала кетті. Ару қыз көп жылады, бір сезім баурап күшті. Аңсардың әбжыланы ауынан аунап түсті...»!? Беті ұяттан қолдыраған ұят пен ардың арасындағы ұлттың трагедияға толы тоғысқан тағдыры! Өлеңнен теріс айналып кеткің келмейді!? Бұл жерде былыққан талайдың аражігінде құлықсана мен назымның ажырамас бөлігін көресің!? Хаос! Құрмет тұтуға келетін әуезі керемет хаостың көкесі! Осындағы «Айдаһар» және «Аллегория» өлеңі де өлең-шөпке түскен өрттей сұрапыл! Тек «Ақырзаман» өлеңіндегі: «...Айтпайды ешкім ұры деп те, ұлық деп, Нашақордай қазір көкке ұшамын: -  Мұп-мұздай боп төсегіңе кіріп кеп, маздап жанған мүсініңді құшамын...»!!! Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығының» әсерінен емес секілді!? Мүмкін ол, Маркестің «Менің әйелдер туралы мұңлы ойларымының» тура әсері болар ма!? Ал, Есениннің «қара киімді адамы» өлеңінде күллі адамзаттық трагедияны: «мүшеқаптың жыртығынан жылп етіп, мына өмірге өтіп кеткен мұндар-ай...» дейді. Аурелиана Буендианың ішқұса арпалысындай, аса дағдарыспен күйгелектену, тықыршыған мазасыз күйін кешуден туындаған ойлар. Адамзаттық саналы арпалысқа ұрына алатын – мақұлық тек ақындар ғана дейтіні осыдан!? Оны қазбалай беруге енді уақыттың ебі де себі де  келмейді, қажетсіз!?  

Қанапия Телжанов – «Бабалар жерінде»

 

Бұғалық жырдың борышы – қыл мойында

  Ақын Шаһизаданың жиі қолданатын бір орамдары болмақ керек еді!? Оны да байқау үшін Шәһидің өлеңдеріне үңіліп қаламыз. Ақын дегенді ғаламды оятатын құбылыс ретінде көрсетпейді. Алайда оны меңбәлки бағалауға бейім. Мұндай таныммен тәпсірлеу – Батыс пен Шығыста көп емес. Ақынның бұл кейіпі – оның өз сүлдері. Мінеки, «...күндейсің бе, көктегі айды, тілдейсің бе – оттама! Ақындарды соттамайды, өлтіреді тек қана; көр-лақатты қалғып құшып, күзетіңдер мүрдесін – құлпытастан қарғып түсіп, қашып кетіп жүрмесін...». Расында Шәһидің өлеңдеріндегі образдар мен ойлар пафос (pathos) тек өзін көрсетеді! «...Өлді бір күн... ұлар арман, ұлық ой, леп белгімен аяқталып сөйлемі; керуен кешкен көп жолдардың бірі ғой – жүрегіңе жерлемей-ақ қой мені... Ол расында ешкімге басыбайлы болуды көксемеген жансебіл есебінде екен!? Поэзияның әлемді құтқара алмайтын өлездікке айналуын нақты сәуелейді. Мұнда: Евтушенкоға хат жазыпты, өлеңмен. Женяға жеңіл наз жазып отырып өзі ой сүңгісімен сөз қазып, ең терең ессіздікке сүңгіп бара жатқанын жылдам сезінеді. «...Жағдай ауыр, өтім толы уытқа... Женя аға жылы орныңды суытпа! Ақынына бұрылмаған Русьтің, ақылы да кіре қоймас жуықта...». Не үшін, неге, кімге айтылған ишарат!? Бәрінен де өз сеніміне шыншыл, өз дегенінде қазықтай қағылып қалып қоятыны қызықты. Қалып қана қоймайды толып тұрған бейсанаға өзін қадап кеткісі бар. Мыс шегедей мықты мығым еркін айтары бар. Өткеннің көгілдірлі көктеміне өз еркіндігін бұйдалап берген өрен бостан! Соцреализм дәуірінде сын теория деген ұғым мүлдемге ақсап жатты. Ақынның қызықты ғұмыры, таланттың тұрмысындағы түрлі жағдаяттарынан тіптен шалғай, алшақталған дөрекі шалағай «сын» – сын емес бүткіл қоғамымен масқаралануға жақын ұғым еді. Ақынды хаһи сын арқылы ақылмен қайраудан гөрі оны антикоммунистік пенде ретінде мансұқтау, әдейі ұмыттыру, ортадан бездіру, шығармашылығын тәлкектеу, шүбә келтіріп, адал ісіне күмән туғызу, тіпті тура қудалауға дейін барғызған қиын да жабық заман болған. Қоғам арасында «...ақындық ғұрпы басқа...» дарындыларды «оқу соққан» әумесер, сезіктілер қатарында көрсетті де аса таланттылар мейлінше механат шекті. Шәһи де «...шаһидке де тіл тигізер пенде бұл!...» деп солардың қатарында соры қайнағандардың қатарында сықылды!? «...Көргені – қиялдай, көнгені – зорлық іс... жазылған қанатын жия алмай, шырылдап жатты-ау бір сорлы құс...».Әйтеуір осылай зарлап жүрді... Алайда, арманда кеткен арда Сағат Әбдуғалиев, зейіні бөлек шайыр Зейнолла Көшкенов, арманы тапталған аңқыл Артығали Ыбыраев, сайрамдық саңылақ ақын, жайдары жаңбырлы Танабай Нармановтардың тағдырынан сәл өзгерек демесең, осылармен бірге өлмеді демесең, Шәһидің өмірінде көргені де біршама екен!? Ол: «...Өткенді ойлап, кеткенді ойлап, Күрсіндім... Қайтар едім сол күндерге «қайт» десе. Адам болдым арқасында Тұрсынның, ақын болып кетер ме едім, әйтпесе...».  

Кадушкина-Пилипенко Ольга – «Ақын»

 

«Түрмеден түгел  өткен...»

  Есуастармен бірге шайтани ортада аралас-құралас болған жанның өзі де онша оңбайтыны ақиқатты аянның аяны. Шәһидің «Толық емес өмірбаян» өлеңі қып-қысқа роман немесе неше метражды кино, телесериалдың бір кереметтей үздігі секілді. Ащы шамырқанудан туған ащы шабыттың «жемісі»! «...Бала жасымнан өсіп ең, Өлең, қолда ойнап, Көрмеге  қойып көрсе еді. Алматы барып, басында бұлақ болмай қап, «барға» апардым-ау мен сені...».  Осы өлеңді оқығанда  шынайы өмір мен қызыл жүйеде ұрланған жас ғұмырдың, дарыны мен шабыты өртке шарпылған ақын ғұмырдың өлексе сұлбасы көзге елестейді. Бостандықты көксеген бос сандалыс, бастанаяқ детективті оқиғалар ұстындары үрейлі үңгіріне тартады. Үрейлі кино көріп отырғандай бей үрейлі күйде қаласың...  «...Баспаға келдім... ақынмын ой-дой көтендей, ...сұрайды менен «кімсің» деп... Бастығы соқыр екен ғой...». Арғысы өң мен түстей... Сұп-суық басшының көлгірсіген өлі көзі мүлдемге өтірік бөтен бет-әлпеті... «Университетте болмады, білем, берекем, Сергей Мироныч жат көрді, Қожакеевтің вокзалда досы бар екен, кезексіз билет ап берді... Көрсетем әлі көкелеріңді түгендеп, Кетті ғой деме бас бағып, бұл бәле тағы төбелес бастап жүрер деп, «жетінші пойыз» қашты алып...». Қатты аяп кетесің!? Бүйткенше – «Жетінші ғарыш» біржола аспанға алып қашып кетсе еді деп!? Әттеген... Ауылға жеттім – баяғы өзім көргендей, жерге қаратып сары шалды. Адам өлтіріп, түрмеден қашып келгендей, Қармақшым суық қарсы алды... Үндіқытай түбегіндегі Бирма (Мьянмар) елінде ыстық климатқа байланысты «суық қарсы алды» дегені бізше – «ыстық ықыласпен жүздестік» деген коммунистік лепемен бірдей ұғым! Қармақшысы «суық қарсы алғанымен» жас әрі жалыны сөнбеген бала Шәһи үнемі қызып (көңілді) жүргенін өлеңге айналдырады... Ол тағы да: «...өлеңді қайтсін, сабантойларды бұл ара, баяндамалармен жүр атап, Түсіп жүрмін-ау дау-дамайларға күнара,ішіп жүремін, Рахат!  Беу, шабыт! Ақынды сорлатқан да, шырылдатқан да бозторғай – уақыт! Шабыт – торғай секілді, қонады, үркеді, кетеді ұшып! Ішкі бостандық үшін салынып ішіп кеткен ақындар аз ба!? Ал, Шәһи болса – ақындықпен емес: ащы шайтансумен қоштасқан. Сонысымен жоғалмай қалған шығар дейік!? Жуықта ақын Бауыржан Бабажанның «Өмірзая» деген бір мақаласын оқығам. Сол – «жетінші ғарышқа» ұшып кеткен аяулы шайыр Әділ Ботпанов туралы! «Ұнатам Күзді, жапырақтардың алып ұшқанын, түскен жерге... сандалыс, сабылысқанын...» дейтін жыры бар пәруай! Ақынның ең қиын қасіреті – баз кешуі! Шәһи айтқандай: «...күндейсің бе, көктегі айды, тілдейсің бе – оттама! Ақындарды соттамайды, өлтіреді тек қана; көр-лақатты қалғып құшып, күзетіңдер мүрдесін – құлпытастан қарғып түсіп, қашып кетіп жүрмесін...» немесе «...Қаңғырып келгендей біз басқа әлемнен, кеңселер кіргізбейді тастан өрген...». Енді қайтпек, еңсесі жаншылып жатса?!  Бұл сөйлемді тағы да тінімізге тіркеуімізге мәжбүрміз былайша реті мен кезегі келгенде! Сөйтеді де өзі күніге титімдей жарты шындықтан бүтіндей айналып, тәйкі ойымен тайқып, қашып жүреді!? «...Аман өтіп кетсем екен деп тұрам, түрмелер мен молалардың тұсынан...» немесе «...Бесігімнен шыққан жол, бейітіме аман-есен жеткізсін...».  

Билл Стоунхэм – «Қолдар оған қарсы тұрады»

 

«Бір тамшы қанымды алақаныңа тамыздым»

  «Жылдарым» деген ұзын өлеңі бар. «...Айдаһардың арқасында мызғып ап, жолбарыстың жотасына мінгескен...» жылаған жылдарын осылай айтады... Жақсы өлең емес тегі... Алайда, тоң дүниеге көз жасымен сөзін суарған ақынның бір шөкім ілкі тектоникасы (tektonіkos) секілді жып-жылы сүрен. Дүниеуи ақындардың түгелінде бар дерт-мұң. Ол, ойқыш-ойқыш оқыс ойларымен «өзін» ғана жазады. Италияндық ұлы суретші әрі ғалым Леонардо да Винчи өзінің әйгілі  «Моно Лиза» портретін сызғанда тек өзінің кескінін келтірген деп долбарлаған американдық бейсаналы ұрғашы өнер танушы Лиллиан Шварцтің (Lillian Schwartz) көзқарасы дүрыс-ау!? Көзқарас – таңдау! Шәһи осындай бір ерекше көзқарас таңдаудың соңында болғаны байқалады. Мүмкін оңбай адасты да!? Ол, Бауыржан Омаровтан білімдірек, Серік Байқоновтан сіңірлірек, Артығали Ыбыраевтан кербезірек, Есенғали Раушановтан ақынырақ, сөне-е-е-у арғы беттегі ақын арқадашы Адий (АркадийПавлович Кутилов (1940-1985)-тен  алғырырақ, Әбубәкір Қайраннан ақылдырақ, Ертай Ашықбаевтан қайырымдырақ, Ғабиден Құлахметовтен сәл айбындырақ, Мәди Қайыңбаевтан дәл жинақырақ, Қасымхан Бегмановтан ширағырақ болғысы келмеген секілді. Бәрінен де олардың бір жиынтық аманати болмысымен «...аманатқа адал болу – парызым...» деп өмірі солармен бірге өрілген ақын.  

Сәуле Сүлейменова – «Астананың аспаны»

 

Ақырғы азаматтық пақырлық

  Ол, 2016 жылы «...Жалғызымсың, қайтейін, Қазақстан...» деп зар қақсағаны бар. «...Мен бір сорлы басынан базары ұшқан, кім ұғады жанымды наза қысқан? Гого Ашкенази мен Мешкейұлын төбесінде ойнатқан Қазақстан... Ертісбаев ерінін жыбырлатса, ере кете бересің, Қазақстан... «...аңырайды Жаңаөзен қаза құшқан! Қыр соңымнан қуалап атқаның не, «көзіне қос көрінген»  Қазақстан...», «...теледидар алдына Тоқтарымды, тізерлетіп сөйлеттің, Қазақстан...».Осыдан кейін ақындардың тесік шөміш секілді жүрегіне үңілмей көріңіз!? Шәһи зәуде  бір орам ғана ода жазса да іштегі барлық шері мен жан сырын адалдықпен бұрқыратып төге салады. Әрине бір есептен Макс Хоркхаймердей  (Max Horkheimer 1895–1973)  тоталитарлық қоғамның қанды тұзағынан құтылудың ғаділетті жолын көкседі. Соншама ғаламдық деңгейдегідей қауқарлы да кең ауқымды да, бек айбарлы бола алмаса да ол «түскен жолынан» аумады. Мейлінше тек өзінің өмірлік әділ ұстанымы үшін өлшеусіз ішкі еркіндігіне өрескел жол ашты. Жаһандық жадтағы баяғы жалғыз өлшем, бір идеологияның құрсауынан бұлқынып шыққысы келді. Түстіктегі АҚШ-тың беймазаң шақта қуғын көрген әулиелерлерінің бірі – Герберт Маркузе (Herbert Marcuse 1898-1979) секілді атақты бола алмаса да өз дегені мен өз тізгініне өте берік болғысы келді.  

Х. Грис – «Гитара және түтік». 1913

 

Тағы да көп өлшемге қарайды...

  Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовке арнаған өлеңінде өзгеше азаматтық лирикалық реңкі басымдау көрінеді. Ол көкірегімен біртүрлі саңылауды іздейді де жүреді?! «...Мамық төгіп астары жыртылған Көк, қараңғы түн қамайды сыртымнан кеп. «Атырауда кім бар-ей, мені күткен?!», сұрғылт вокзал сел етті... Ұмтылған жоқ.». Мінеки нағыз сүгірет, бөлекше сүлейдің мұңлы кейіпі? Жан бауырын – жалғыз жарыққа теңейді! Теңеуі де ересен: «...жалғыз жарық – көзінен тамған нұры...». Түр мен сұлу сөздің сөлі сіңген – морфология... Бұл азаматтық сарын, досқа адалдық пен хаһи адамдықтың бір бейжазды көрінісі. Жатбауырлықты жаны да қаламайды. Жетер жері, жеткен шебі мен шегі – тағдырлы елінің ертеңі! «Жетімхана» өлеңі – өлең емес, дағуат-салауат сарыны секілді. Ұлттың ұлт болып өнуінің ең қатерлі «қанды қақпаны» – жетімхана?!  Қазақтың басын жетімханалардан теріп жүрмеуге арналған болашақ ғұрыптық  тірі үндеу! Бүгінгі елдік кодекстерде көзі ұйқыдағы депутаттар былай тұрсын көрімдеулерінің өзі жөнді көрсете  бермейтін  түгел демографиялық туу коэффициенттері туралы жариялы жан айқайды ақындар ғана айта алатынын осыдан байқауға болатындай! Жақсы өкімет – жалпы  ұлттың ұрықты жанын (кодін) жатырда сау сақтайтынын, жас нәрестененің жетімшілік көрмеуін ұлттың өз-өзінің иммунитетін (іm-munіtas)  қорғап, жан құрсақты қадағалауына қарай еңсерген ірі лепетті ниеті.  

Джейкоб Лоуренс – «Құлпытастар». 1942

 

Адамзаттық ақылға қарай

  «Кішкентай ауыл» өлеңінде ұлы өркениеттің биік те аласа табалдырығы көрінеді. Сағыныш пен қимастыққа байланған. «...Келеді пойыз зымырап, санамды салып сарсаңға, «стоп кранды» жұлып ап, секіріп түсіп қалсам ба!?», «...келеді пойыз зымырап, құшағын ашып далам кең. «стоп кранды» жұлып ап, бәрібір түсіп қалам мен!». Бір өзін екіге жарған мінезді ақынның қимастығынан бейсаналылықтың жолақ-жолақ қылаңын жолықтырамыз. Соц-реализм бе, әлде метамодернизм бе!? Жоқ, екеуі де емес! Тек мөп-мөлдір дала лирикасын  арқалаған – өз «шәһизмі» ғана болуы мүмкін! «Қала» өлеңі супер! Зағип  тексіздік жайлаған жабайы урбанизация (urbanus) керенеу тозғындық, сондағы балилер мен малилердің урбандалуының кеспір-кейіпі елестейді керемет! «Дария» өлеңін оқысаңыз шәһизмнің нілі арқылы әбден кетеуі кеткен даланың сора-сора көз жасының «ізін» байқай аласыз! Япырай,ә!?  Қарттықтың қара пайымымен, абыздықтың жұғымы бар зейіні күшті ы-ым-м!? Бәрін ерте сезгендей... Әстәпір! Бейнеттің бетін ары қылсын! «Өшкен үміт. Өлі маңай!». «...Күйреген соң нар қамысы, ырылдайды, ыңыранып, Сырдың соңғы жолбарысы, көкірегіме  кіріп алып...». Дағыстанның ардақты ақыны Расул Ғамзатов: «Біледі олар көктегі жұлдыздың не деп тұрғанын...» деуші ме еді!? Бәрін сезеді ол, хайуандық, бөрілік салауатты, түйсігі (инстинкт) күшті. Шәһи өзі де «...аузынан алтын түкіргендей...» осылайша тәнменшік  комплексімен  (complex) есе береді.  «Күзгі өрттер» жырын үшінші жаққа қарай бұра өрген. Онысын соңғы шумаққа жасырады!? Тіпті шарықтап барады да шәлт кетеді. «Аяқталмаған жыры»-на бұзаутіс қосып осып өтеді, жосылтып... Осқан жерінде қолдыраған қанды жолақтар табы қалатындай!? Поэзяның шырмауықты кіреукелі жыр – гладиаторы ақыры осында: «...Кеудесін тоспай қамшыға, құйрығын тосқан досым-ай!» деп налиды. Біледі, білді, сезеді, сезді  т. с. с.  

***

Қармақшының қара сексеуіліндей хас ақын Шаһизада Әбдікәрімовтың тасбұйырғындай тамаша саңқыл өлеңдері анда-санда көрініп қалып жүр...  Өмірі ө-ө-өз тұғырында һәм жан жары Тұрсынының қасында тұрған Траян... Дұрысқа өрілген – теріс бұрау – Шәһи-за-де!  

Материал "Қазақ әдебиеті" газетінен

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *