Анамның желегі
Сурет: Автордан
Рухани жаңғыру аясында көптеген тарихи мұралар, тың деректер зерттеліп, жарыққа шығып жатқаны бәрімізге аян. Бабадан қалған салт-дәстүр жаңғыртылып, ұмыт болған дүниелер зерттеліп жатыр. Кешегі тарих бүгінгі ұрпақтың бойында болса, ұлт мүддесі қашан да биікте болмақ. Мен де осы бағдарлама арқасында: «Мен рухани жаңғыруға не қоса аламын?» - деп ойладым. Ақыры «Анамның желегі» туралы сөз қозғамақпын.
«Желек – сәукеленің немесе қыздар бас киімінің желке тұсынан төгіліп тұратын жібек мата» деп «Қазақ салт дәстүрлері. 2017 Балауса баспасы» деген кітапта сипаттама беріліпті. Ең әдемі киімді қай кезеңде де ұзатылған қыз киетіні бәрімізге белгілі. Ал менің анам болса ұзатыларында нағашы әжем арнайы тігіп берген желегін киген. Әдемі қызыл түсті торғын матадан тігілген, табиғи құндыз жағалы. Желке тұсы, арқасы сан түрлі тас моншақтармен әсемделген. Иықтарына, арқасының бірнеше жеріне үкі тағылған. Ұзындығы 1 метрден астам. Өзі үйінен ұзатылып шығарда киіп шыққан. Барған әулетінің үлкен шаңырағы қонаққа шақырғанда, үлкен тойларда бір жылдай киіп барып жүрген. Жас келіннің барған жерінде бір жылға дейін желек жамылып жүретіндігін тарихи кітаптарда да дәлелдейді.
Бүгінде, бұл Желек әлі де бар. Құндыз жағасын құрт жеп, тас моншақтары азайса да, анамның көктемдей көрікті шақтарының куәсі. Кішкентай кезімде үнемі төрде ілулі тұратын. «Қыздың көзі қызылда» дегендей сан рет моншақтарын шұқылап ойнап, сөз де естігем. Ал бүгінде ол желектің қандай қасиетті екенін түсінгендеймін. Бабадан қалған байтақ даламның ұлттық куәгері болып менің анамның желегі тұр.
Бұл желекке нағашы әжемнің көз нұры, үлкілеп өсірген қызына деген қимастық жасы, ақ пейілмен әр тігісін тіккен ақ батасы сіңген.
Бұл желек - анамның ардақты сәттеріне, қуанышты күндеріне, өскен ұясына деген қимастық сезімдеріне куә. Аяулы қыз, ардақты келін шақтарының төс белгісі.
Бұл желек - бабамның баға жетпес құндылығы.
Сләмбекқызы Анаргүл
Пікірлер (0)