Оралхан Бөкейдің әйелі қызғаныштан өз-өзіне қол салған ба?

Руханият
view 671
news

Фото ашық дереккөзден

Жазушы Оралхан Бөкейдің ешбір журналиске сұхбат бермеген сыныптасы бар дегенді естігенде елең ете қалдық. Өскеменде тұрады екен. Есім-сойы – Зияш Сейітқазықызы. Айымыз оңынан туып, жасы сексеннің ауылына аяқ басқан Зияш апа бізбен кездесуге келісті. Сөйтіп, «Алтай кербұғысының» балдай балалығы мен бұрқанған бозбалалық шағының куәгерімен көңіл жазып, көсіле сөйлестік.

Үлкен үзіліс сайын әжесінің бауырсағын жейтін 

Бесінші қабаттағы пәтердің есігін қақпас бұрын ойша жинақталып, қойындәптерге жазған сұрақтарымды бір шолып шықтым. Қалтадағы қару – диктафон оқтаулы. Шығардан бұрын қуаттап алғанмын. Қару дегенде ойға келді, ұры-қары бағалы затты аңдиды ғой, ал біздің мақсатымыз – сыр суыртпақтап, тың мәліметтерді олжалау. 

Есікті апаның қызы ашты. Жылы жүзбен қарсы алып, ішке кіргізіп, әнтек қимылмен қонақ бөлмені көрсетті. «Оның денсаулығы сыр беріп жүр. Көп жүре алмайды. Осында отыра тұрыңыз. Қазір сіздің келгеніңізді айтайын» деді. Бидай өңді, басындағы көк байлауышы ақ шашын жасырған Зияш апа баяулап келе жатқанда орнымнан тұрып амандастым. Апамыздың да жүзінен жылылық есіп тұр. «Кел айналайын, дастархан басына отыра ғой» деді. Сол кезде көрдім, алдын ала дайындалып, дастархан жайып қойыпты. «Апа, несіне әуре болдыңыздар. Көп рахмет! Әңгімеңізді естісем болды» деп едім, оған көнбей: «Олай болмайды. Бір қазақтың баласына шәй бере алмасақ, ұят емес пе» деп қоярда-қоямай отырғызып, әңгімесін бастады. Сөз арасында қайта-қайта: «Шәй ішсеңші, анадан алшы, мынадан жеші» дей отырды. Шынымды айтсам, не ішіп, не жегенімді де білмеймін. Бірақ бұл кездесуде ас-суға емес, көнекөз әженің көкіректі оятар әңгімесі мен Оралхан Бөкей жайлы естеліктеріне қанықтым. 

- Оралхан да, мен де Ұлы Отан соғысының бел ортасында тудық, - деп бастады сөзін. -Туған күніміз де таяу. Ол 1943 жылдың 27 қыркүйегінде, мен 3 қарашада тудым. Сол кезде Шыңғыстай колхоз болған. Оралханның да, менің де шешем бригадада жұмыс істеген. Бізді бір бөбекжайға тапсырған. Үш жасқа дейін сонда болдық. Ал мектепке 50-ші жылы бардық. Алғашқы мұғаліміміз Нұрташ Құдайбергенова деген кісі. Бір қолында алты саусағы бар-тын.

Қолын көтеріп шынашығының шетін нұқып көрсетті де кідірместен әңгімесін жалғады:

- Шыңғыстайды халық екіге бөліп айтады. Бір жағын – шекеме, екіншісін – ауыл дейді. Шекемеде мен, ауылда Оралхан тұрды. Екіқабатты бастауыш мектебі Оралханның үйлеріне жақын орналасқан. Төртінші сыныпқа дейін сонда оқыдық. Үлкен үзілісте кимешегі жер сызып Оралханның апасы келетін. Уысы толған бауырсақ. «Ораш! Ораш!» деп айқайлап шақырады. Бәрі естиді. Оралхан жетіп барады да, бауырсақты түгел жеп тауысып, қайта келеді. Біз қызығамыз. Сол мектепте Оралханның 2 жас үлкен апайы Ләззат та оқиды. Бірақ оны шақырмайды. Оралхандардың үйлері Бұқтырманың жағасына жақын еді. Су көтерілгенде қазір музей болып тұрған қырдағы үйге көшіп барды. Бесінші сыныптан бастап шекемедегі мектепте оқыдық.

- Сыныптастары Оралхан Бөкейді қалай атайтын едіңіздер?

- Қыздар Оралхан дейміз. Бірақ мұғалімдердің бәрі Ораш дейтін. Біз оны «Мақтаншақ» деп мазақтайтынбыз. Әуезовтың Абай туралы кітабын оқып алып, мектепте бәрімізге сондағы кейіпкерлердің атын қоятын. Мені Зере дейтін. Ал өзін үнемі Абай деп айтатын. Бұл жаңылмасам алтыншы сыныпта. Тарихтан Қасыбеков деген мұғалім сабақ берген. Оралханды тақтаға сабақ айтуға шақырғанда ол «Оның несін айтамын? Кейін қазақтың дұрыс тарихы шыққанда үтір-нүктесіне дейін айтып беремін» дейтін. «Әй, Ораш-ай!» деуден әрі аспаған ұстаздың оған нендей баға қойғанын білмеймін. Бірақ екілік қоймайтын. Егер біз сөйтсек ұрсып, екі қойып тастайтын. Таңқаламыз. Ренжиміз. Қашқынбаев деген мұғалім географияны оқытты. Ол тақтаға шығарса Оралхан бәрін зуылдатып айтып береді. Қоңырауда «Әкәу, географияны соғып тұрсың. Тарихты да неге сөйтіп айтпайсың?» деп сұраймыз түкке түсінбей. «Мынандай табиғатта тұрып мен неге географияны айтпауым керек» деп жауап беретін. Осындай түсініксіз тұстары көп-тұғын. «Мынау есінен адасқан!» дейтінбіз сондай кездерде әбессініп.

«Ара» деген қабырға газетін шығаратынбыз. Оған оқушылар кезек-кезек жазамыз. Кезегі келгендердің көбі Оралханға қолқа салады. Ол жақсы жазатын. Газетке тәртібімен көзге түскен немесе тентектік танытқан балалар туралы береміз. Оның өзін жай жаза салмайды. Газет қабырғаға ілінген сәтте дәлізде «Қалай шығардым, ә? Көрдіңдер ме?» деп иегін көтеріп, алшаң басып келе жататын. Орта сыныптарда диктантты нашар жазатын. Математикаға да шорқақтау болды. Әдебиет сабағында өлең жаттауға бергенде біз сөзбе-сөз жаттасақ, Оралхан басқалай бұрып айтатын. Сабақтан шыққанда «Ана өлеңде ондай сөз жоқ қой!» деп сөгетінбіз. Түсінбейтінбіз. Сол кездегі дарынын кейін арада талай жыл өткенде Оралханның жығасы жығылмай, жұлдызы жанып, күллі қазаққа атағы шыққанда түсіндік қой. 

Дүйсенбі сайын линейкада Зәбила Алпысова есімді мұғалім «Ораштың басқа сабақтарға қабілеті болмағанымен ол келешекте жазушы болады!» дейтін үнемі. Талантын тамыршыдай тап басып таныған екен. Біз болсақ «Қайдағы жазушы! Сиыр фермасын басқарып отырған әкесі бір ірі қараны атаған шығар» дейтінбіз. Балалық қой. Қызғанышымыз да бар. 

«Көзім жұмылмай жатып жоқтай бастадыңдар ма?!»

- Оралхан оқушы кезінде ауыл кітапханасындағы барлық кітапты оқып тауысып тастаған екен.

- Қазір бәрінің қолында телефон болып кетті ғой. Ол кезде жаппай кітапханаға барамыз. Біз жұқа кітаптарды таңдап жатсақ, Оралхан қалың кітаптарды құшақ-құшақ қылып алып шығатын. Нақты кімнің кітаптары екендігін байқамадық. Бірақ әдеби кітаптар. «Ананы оқымайды да. Өтірік көз қылып алып жүр» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, жата-жастанып оқып жүріпті. Оны сабақта әңгімелеп айтып берген кездерінде білдік.

- Оралхан Бөкей дегенде ең әуелі көзіңізге не елестейді?

- Жүрісі елестейді. Ұзын шашын сілкіп тастап, басын екі жаққа шайқап, балпаң басып жүретін. «Ораш!» деп айқайлаған апасының дауысы да әлі күнге дейін құлағымда тұр.

Оралхан суға түскенде балықтай сүңгитін еді. Малтығанда ешкімге жеткізбейтін. Қыздар судың шетінде ғана жүретінбіз. Сол кезде көкірегін алаң басқан апасы келіп: «Ораш, алысқа барма! Қайт болды!» деп шақырып алатын. Үйдегі өңкей қыздардың арасындағы жалғыз ұл немересін ерекше жақсы көретін еді. 

- Сыныптағы ұлдар ерегесіп, жұдырықтасып та жатады ғой. Оралханның біреумен төбелескен кездері болды ма?

- Менің көз алдымда ондай болған емес. Оралхан бала күннен спортпен әуестенбеді. Бірде мынадай оқиға болды. 7 сыныпта ғой деймін. Дене шынықтыру сабағында Оралхан құлап, аяғын жарақаттап алды. Аққан қанды көріп қыздар жағы жылап жүрміз. Сол кезде ол «Немене, көзім жұмылмай жатып жоқтай бастадыңдар ма?! Әлі ерте!» деді жұлып алғандай. Былтыр ғана Шыңғыстайға барғанда немерелерімді сол мектепке апарып «Дәл осы жерде Оралхан жығылып қалған» деп көрсеттім.

- Ақын Әлібек Қаңтарбай Оралханның мектепте жоғары сыныптың қыздарына жиі хат жазғанын, онысы ғашықтықтан емес, жазушылық шеберлігін шыңдау үшін екенін айтқаны бар. Сондай хаттарды жазғанын көрдіңіз бе?

- Әлібек менің қайын сіңлімнің қайнысы. Оралханның алғашқы махаббаты туралы мақала кезінде «Коммунизм туы» газетіне (қазіргі «Дидар»– авт.)шыққан. Есімі – Жазира. Бірақ газетке тегін Бұтабаева деп қате жазып жіберіпті. Дұрысы – Бұратаева. Ал Оралханның жоғары сыныптың қыздарына хат жазғанын өзім көрген емеспін. Бір білсе, Әлібек білетін шығар. 

Осы кезде әңгімені бағанадан бері үнсіз тыңдап отырған Зияш апаның қызы «Ондайды қыздарға айтпайды ғой» деп қалды. Үшеуіміз де күлдік. Апамыз жымиғанда жүзі одан сайын мейірлене түседі екен. Бағанадан бері әр сөзін байыппен, ой елегінен өткізіп айтып отырғаны сезіледі. Санасында сан қилы естеліктер сапырылысып жатқандай. Осылай ой орманына еніп отырған бір сәтте: «Тек Оралхан Бөкей екеулеріңіздің араларыңызда болған диалогтар есіңізде ме?» деп сұрадық. Сұрағымыздың астарын сезе қойған Зияш апа: 

«Арада ешқандай сезім болған жоқ, - деп күлбілтелемей кесіп айтты. - Оралхан маған: «Екеуміз даң құрдаспыз» деп қалжыңдайтын. Осы уақытқа дейін Катонқарағайдағы мектептерде Оралханға арналған түрлі шаралар өткенде мұғалімдер бұл сұрақты жиі қойған. Әсіресе Шыңғыстайдағы Сайгүл деген ұстаз «Қаршадайдан бірге оқыдыңыздар. Қаншама уақыт бірге жүрдіңіздер. Бірдеңе болған шығар енді?» дей беретін. «Ойбай, жоқ деймін. Өтірік айтуға болмайды!» дедім оған». 

«Түу мама, әңгімені қыздырып, құрастырып жібермедің бе?», деп қалды қызы. Дауысынан әзіл ырғағы сезіліп тұр. Апамыз басын шайқады. Шайқады да әжім тілгілеген қолдарын сипалай отырып әңгімесін ары қарай жалғап әкетті. 

- Оралханның жазғандарынан ең алғаш «Апамның астауы» әңгімесін оқыдым. Ұғынықсыз көрінді. Ол кезде тұрмыстамын. Күйеуім маған: «Сен тағы бір оқышы. Сонда түсінесің» дейтін. Шалым кітапқұмар еді, жарықтық. Бірақ басында өзі де Оралханның кітаптарын жақтырмай «былжырақ» деп баға берген. Кейін қайта оқығанда миына қонды ғой деймін. «Мынау дұрыс екен. Жап-жақсы жазады-ей!» деп пікірін өзгертті. Өзім сыныптасым болса да көп кітабын оқыған жоқпын. Күйеуім әңгімелеп айтып бергенде тыңдап, ауылымды еске алатынмын. 

- Тұрмысқа неше жасыңызда шықтыңыз?

- Әкем 5 жасымда қайтыс болып, 4 баланы анам бір өзі өсіріп жеткізді. Оралхандар 10 сынып бітірді, ал мен жұмысқа ерте араласып кеттім. Жетінші сыныптан соң Өскемендегі техникумға сырттай оқуға түстім де, ауылымыздағы дүкенде сатушы болып жұмыс істедім. Бірақ сыныптастарымды үнемі көретінмін. Дәл мектептің қасындағы дүкенге олар күнде топырлап келетін. Араларында Оралхан да бар. Екі жылдан кейін басқа ауылға жұмыс ауыстырдым. Тұрмысқа 19 жаста шықтым. Алты бала сүйдік. Төртеуі – қыз, екеуі – ұл. Шалым 14 жыл бұрын сәуір айында қайтыс болған. Құдайға шүкір, қазір 11 немерем, 10 шөберем бар. Тұңғыш немерем Мерей өзің сияқты журналист. 2008 жылдан бері осы қалада тұрып келемін. Бір немерем Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы №44 мектепте 4-ші сыныпта оқып жүр. Өзі: «Апамның сыныптасының атындағы мектепте оқимын!» деп мақтанып қояды. Сол мектептің және қалалық Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың жанынан өткен сайын мен де өзімнен-өзім балаша мәз боламын. 

Екеуінің маңдайына құдай бала жазбапты...

- Оралхан жасындай жарқ етіп, мұқым елге танылғанда сізде қандай сезім болды?

- Бір жағы таңданыс, бір жағы қуаныш болды. Үнемі оны айналаға алқап, тілеуін тілеп жүретінбіз. Осы сияқты дарын біздің бойда неге жоқ екен деп қоятынбыз арасында.

Айтпақшы, ауылдағы дүкенде Оралханның әйелі Айманмен бірге жұмыс істедік. Қырмызыдай ажарлы еді ғой, жарықтық. Бірге түскен суретіміз де бар. Сәлден кейін көрсетемін. Мен – сатушы, ол – тауартанушы. 1965 жылы Оралхан екеуі шаңырақ көтерді. Бақытты отбасы болды. Бірақ дүние бірде бетін, бірде сыртын береді ғой. Екеуінің маңдайына құдай бала жазбапты... Уақыт шіркін аттай зулап өте берді. Оралханның да Айманның да уайым бұлты қалыңдай түсті. Айманмен араласып тұрдық. Ол маған тек құрбы емес, құдаша. 

- Айманмен сырласатын ба едіңіздер?

- Иә. «Бала болмағандықтан мені жақтырмайды. Ол үйде жалғыз ұл. Оған бала керек» деп мұңын шағатын. Ал енесі Айман десе өліп-өшіп тұратын. «Айманым менің, Айманым!» деп еркелететін. Басқалар немере жайлы сөз қозғаса «Бала болмаса да аман-сау болсын!» дейтін. Кейін анандай жағдай болды...

- Айманның мезгілсіз қазасына қатысты әр түрлі пікір айтылып жүр ғой...

- Оралхан мен Айманның арасы суып, бөлек кетті. Кейін қайта қосылып, бірге тұрып жатқанын естідік. Бірде Айман Оралханның Ардақпен (Оралхан Бөкейдің екінші алған әйелі – авт.) бірге курортқа кеткенін естігенде ішқұса болды. Бұны көтере алмай, жетінші қабаттан секіріп кетті... 

Осы сөздерді айтқанда Зияш апаның дауысы дірілдей шықты. Ал менің өне-бойым шымырлап кетті. Жазушы туралы естеліктер мен мақалалардың денінде жасы қырықтан асқан Оралханның өмірден ұрпақсыз өткенін қаламаған Айманның өз еркімен келместің кемесіне мінгені жайлы жазылып жүретін. 

2019 жылы «Хабар» арнасының «Тарих. Тағдыр. Тұлға» бағдарламасында Оралхан Бөкейдің досы, ақын Қуанышбай Құрманғалиевтің осы туралы айтқаны бар-тын. Ең әуелі екеуінің қосылу тарихын баяндаған ол: «Оралхан сол кезде жігіті бар Айманды ұнатқаны сонша қыр-соңынан қалмай жүріп, ақыры көндіріп, үйленеді. Бірақ екеуі сәби сүйе алмады. Біз Оралхан ортамызда отырған кезде көңіліне келеді деп бала туралы әңгіме қозғамайтынбыз. Айман мәңгілік сапарға аттанған кезде Оралхан Қырымда емделіп жатты. Сүйекті шығарардан бір күн бұрын Айман жатқан үйде қасында болдым. Жұрт тарқап кеткеннен кейін түнімен жылап шықты, ұйықтамады. Айманнан айырылғанда өмірінде бірінші рет ағыл-тегіл болып жылады». 

Сюжетте «Осыдан кейін жұрт арасында «Айман бір балаға зарықтырған мынау жалған дүниені Оралханның бақыты үшін тәрк етіпті» деген сөз тарайды» деп айтылады. Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» атты әңгімесінде өмірден ұрпақсыз өтетінін мойындап, қалың оқырманын өзімен бірге қамықтырып қойғаны да сөз етіледі. 

Демек, Зияш апа айтып отырған курорт сол Қырымдағы болып шықты ма? Шынымды айтсам, өзім Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» әңгімесін оқымаппын. Бірақ осы мақаланы жазып отырғанда оқып шықтым. 

Сондағы Оралханның өз сөзі: «Құрбыларым әзілдейді: «Немене, етегіңе намаз оқып жүрсің бе, бес жыл болды шыр еткенің жоқ. Өзіміздің қатын бесіншіні лақтырып жіберді». Ал, мен үндемей күлімсіреген, жүдеген күйі тыңдап тұратынмын». Тағы бір үзіндісі: «Әйелім терең күрсініп ұйқысырады. Балауыз жанып бітуге таяған. Таңнан хабар сезіледі. Мен осымен жазуымды аяқтаймын. Ал махаббат атты мәңгі-бақи таусылмас жырдың қалғанын кеше туған сәби, сендер жалғарсыңдар. Хайыр! Ұйқым келер емес».

Жазушы Тұрсын Жұртбай Оралхан Бөкей жайлы жазған «Етбауыр» атты естелігінде Айманның қазасы жайлы оқиғаны былай тарқатады: «Қырымға (Оралхан Бөкейдің – авт.) кеткенін білемін. Әлдебір жұмыспен бірінші мамыр мерекесі қарсаңында одаққа кіріп бара жатқанымда қарсы алдымнан Айман жеңешем шыға келді. Қуана амандасып ем: «мына кісі менің папам. Соны дәрігерге қаратып жүрмін. Кіре кетейінші деп келіп ем…» – деді де, кенет үлкен жанары жасқа емес, сондай бір өкінішті мұңға толып кетті. Үлкен кісінің жағдайы үмітсіз болды ма екен деген оймен: «Жазылып кетеді. Алаңдамаңыз. Аға (Оралхан Бөкей – авт.) келген соң бәрі де реттеледі», – дедім албырап. «Ағаңды енді көрмеймін… Қош», – деді де әкесін қолтықтап сыртқа беттеді». 

Ары қарай таңертең Айманның оқыс қазаға ұшырағанын естігенін, өлерінде ақ қағаздың бетіне: «Ораш! Қош бол, Ораш! Бақыт тілеймін. Мен саған толық бақыт сыйлай алмадым. Ораш! Не істедің? Рас па? Қош, Ораш. Енді мен саған жоқпын. Қош. Айман» деген мазмұндағы жазуды оқығанын еске алады. 

Өмірінің соңына дейін келінін жоқтап өтті

- Оралханның шешесі келінін өмірінің соңына дейін жоқтап өтті, - деп сөзін сабақтады Зияш апа. - Кейін Оралханның екінші әйелінен балалы болғанын (Оралхан Бөкей екінші әйелінен 2 сәби сүйді. Ұлы – Айхан, қызы – Айжан – авт.) қыздары келіп жеткізгенде: «Керек жоқ! Одан туған баланың маған керегі жоқ!» депті. Бұны Оралханның ең үлкен апайы Шолпаннан естідім. Үнемі: «Айманымнан бала болмаса да оны басым көрге жеткенше жақсы көріп өтемін» деп отырады екен...

- Оралхан Бөкеймен бұл туралы сөйлеспедіңіздер ме?

- Жоқ. Мен оны соңғы рет Айманның тірі кезінде көрдім. Бұрын Катонқарағайда әуежай болған. Сол әуежайда кездесіп қалып, Өскеменге бағыт алған бір ұшаққа отырдық. Нақты қай жылы екенін айта алмаймын. Әңгімеміздің дені – Айман. Бір жаман сөз айтпады. Тек мақтап отырды. «Сенің құдашаң мықты ғой» дей берді.

Осыны айтқан соң Зияш апа ауыр күрсінді. Апаның қызы «Аянышты оқиға, иә?» деді бәсең үнмен. Басымды изедім. Ойыма жазушы Тұрсынжан Шапайдың: «Әдебиетті де асқазаны бар пенделер жасайды» деген сөзі келді. Оралхан қаламы қасиетті, қазақтың маңдайына біткен шоқтығы биік жазушы болса да адам баласы ғой. Темір де мұқалады, тас та уатылады, ет-пен сүйектен жаралған адамның жігері де жасиды. Расыменде қиын тағдыр. 

Көңілі құлазып, көзін төмен салып отырған Зияш апаға қарап келесі сұрағымды қойдым: 

- Оралхан Бөкей небәрі 49 жасында Үндістанда жүрген сапарында кенеттен қайтыс болды. Бұл суыт хабарды қалай естідіңіз?

- Шыңғыстайдағы қызым қоңырау шалып айтты. Жүрегім шым етіп, күңірене қамықтым. Не дегенмен ол менің сыныптасым ғой. Балалық шағымыз ортақ. Бауырымдай. Оралханмен ойша сөйлесіп, бақұл айттым. Сүйегін Шыңғыстайға әкеледі деп жатқан. Бірақ кейін Алматыға қоятын болыпты.

- Жазушының мерейтойларына арнап аудан, облыс, республика көлемінде түрлі шаралар өткізіліп жатты. Соларға сізді шақырды ма?

- Өз ауданымыздағы шаралардың кейбіріне ғана қатыстым. Мен керісінше бәріне «Оралханның сыныптасы екенімді айтпаңдар» дейтінмін. Ұялдым. Осыдан талай жыл бұрын «Қазақстан-Өскемен» (Қазіргі «Алтай» – авт.) телеарнасынан Айдана есімді журналист қыз келген. Қоярда-қоймай көндіріп, Оралхан Бөкей жайлы сюжетке қысқаша сөйлеткізді. Ал ешкімге осылай әңгімемді кеңінен көсіліп айтып, көлемді сұхбат беріп көрмедім. Әйтпесе қолқа салғандар болды.

- Бізбен сөйлесуге келіскеніңізге көп рахмет, апа!

- Есесіне өзіңдей баланы көріп қалдым, - деген Зияш апаның сөзінен де, көзінен жылылық лебін сездім. - Көңіліңді қайтарғым келмеді. Есімің қалай дедің?

- Талғатжан.

- Бұрын естімеген есім екен, - деген апамыз ары қарай туған жерім, отбасым, жұмысым жайлы сұрады.

- Апа, бағана Айманмен түскен фотосурет бар деп қалып едіңіз...

- А-а, иә, қазір, әкелемін.

Зияш апа баяулап орнынан көтеріліп, басқа бөлмеден фотоальбом алып келді. Ішінен Айманмен түскен суретті суырып алып шықты. Расыменде ажарлы десе ажарлы болыпты. Суреттің артында «Медведька ауылы, 1964 жыл» деген жазу бар. 

- Апа, Оралханмен түскен фотосуретіңіз бар ма?

- Кезінде сыныптастар бәріміз бірге түскен фотосурет болған. Бірақ біреу алып кетіп, сол күйі қайтармай қойды. Басқа жоқ. Айтпақшы, бағана мерейтойлар туралы сұрадың ғой. Сол тойларға Оралханның екінші әйелі де, 2 баласы да келмеді. Қазір өздері Алматыда тұрады. Тек бірде Өскемендегі мектепке аты берілгенде балалары бой көрсетті. Бірақ оларды көрген мұғалімдер «Ешқандай әсер байқатпады. Құдды бөтен біреулер секілді» дейді. Тойды қойшы, Әлібек Қаңтарбаев бірде Алматыдағы Оралханның зиратына барыпты. Сол туралы: «Зираттағы шөп менің бойымнан да биік болып өсіп кетіпті. Балалары тым болмаса сол шөпті неге шаптырып қоймайды» деп өкпесін білдірген. Қазір әлі күнге дейін Шыңғыстайдағы Оралхан Бөкей музейінде Ардақтың емес, Айманның фотосуреттері тұр, - деп сөзін түйді апамыз. 

P/S: 

Тұрсын Жұртбай да «Оралханның балалары Айхан мен Айжан бізді жатырқап өседі-ау деген ой ешкімнің қаперіне кірмеп еді» деп жазады естелігінде. Оралхан Бөкейдің Айманның қазасында ағыл-тегіл жылағаны - көкірегін шоқтай қарыған ыстық өкініштен бе екен? Орағаңның «бір кем дүниесі», трагедиясы осы шығар? 

Біреуді сөгу, сырттан үкім шығара салу оңай. Бірақ оның ішкі толғанысы, алақұйын сезімі, мұң-наласы – жұмбақ. Сондықтан қадірлі оқырман, түйінді өзіңіз жасарсыз. Ал біз бұл мақаланы Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» әңгімесінің үсіндісімен аяқтаймыз: «Адассақ – адасайық, бірақ алжаспайық, алға тартайық. Адамдар адасу арқылы бір-бірін тауып, бір-біріне сүйеуші болады да».

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *