Ақмола облысында жыл соңына дейін 7 мыңнан астам отбасы баспаналы болады
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақмола облысында ағымдағы жылдың соңына дейін өңірдегі 7 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады. Әкімнің сөзінше, өңірде тұрғын үй құрылысы әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарының бірі болып қала бермек.
Облыста тұрғын үй құрылысының жоғары қарқыны сақталуда және жыл соңына дейін жеті мыңнан астам отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алады. Жобаларды іске асыру азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясат аясында жүзеге асырылуда. Әлеуметтік осал топтарға, кезекте тұрғандарға, алданған үлескерлерге және авариялық үйлерде тұратын тұрғындарға ерекше назар аударылады. Аталған санаттар үшін 2 мың пәтер қарастырылған, - деп атап өтті өңір басшысы.
Спикердің сөзінше, өңірде қолданылатын нәтижелі тетіктердің бірі – жеке құрылыс компанияларынан дайын пәтерлерді сатып алу.
Бұндай тәсіл өзінің тиімділігін дәлелдеді. Ол тұрғын үйді жылдам пайдалануға беруге және құрылыс секторының инвестициялық белсенділігін қолдауға мүмкіндік береді. Биыл аталған тәсіл бойынша 750 пәтер сатып алынды, оның 640 – жалдамалық, 110 – несиелік, - деді әкім.
Сондай-ақ бұл механизм жеке инвестицияларды реновациялау бағдарламасына тартуға және проблемалық үлестік үйлерді аяқтауға жол ашты
Тұрғын үй қорын жаңартуға ерекше көңіл бөлінеді.
Біз ескірген және апатты жағдайлардағы үйлерді заманауи және энергиялық тиімді ғимараттарға ауыстырып жатырмыз. Биыл реновация бағдарламасы аясында апатты құрылыстардың орнына 740 пәтерлік 11 үй салынды. Бұл – адамдардың өмір сүру сапасын нақты жақсарту, - деді облыс әкімі.
Жұмыстар облыстың бес өңірін қамтиды: бұл Көкшетау қаласы, Бурабай, Аршалы, Бұланды және Зеренді аудандары.
Жылдың елеулі нәтижелерінің бірі – Көкшетау қаласында 543 пәтерлік тұрғын үй кешенінің құрылысының аяқталуы, оның 110 пәтері алданған үлескерлерге берілді.
Бұл мәселе адамдарды ұзақ уақыт мазалады, және бүгін біз бұл мәселенің шешілгенін айта аламыз. Адамдар өздерінің көптен күткен пәтерлерін алды. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз, өйткені билік үшін азаматтардың сенімі ең маңызды дүние, - деп бөлісті өңір басшысы.
Қорытындылай келе, Марат Ахметжанов келесі жылы да белсенді тұрғын үй құрылысын дамыту бағытының жалғасатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысында үш жылда 2,5 мың шақырымнан астам жол жаңартылғанын хабарлаған болатынбыз.
Пікірлер (0)