WhatsApp бірнеше жаңа функция енгізді
Фото: ашық дереккөз
WhatsApp чаттарды тазалауға мүмкіндік беретін жаңа функцияны жетілдіріп жатыр. Енді пайдаланушылар чатты толық тазаламас бұрын өшіргісі келмейтін хабарламаларды белгілей алады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Чатты тазалау» опциясын таңдағаннан кейін әрекетті нақтылайтын ескерту шығады, сондай-ақ медиа файлдарды құрылғы галереясынан жою мүмкіндігі де бар.
Жаңа функцияда чатты тазалау кезінде қосымша терезе пайда болады. Онда «жұлдызшамен белгіленген хабарламаларды да жою керек пе?» деген сұрақ қойылады. Бұл маңызды ақпараттар мен қажетті файлдардың абайсызда жойылып кетпеуі үшін қарастырылған.
Сонымен қатар пайдаланушылар қай медиа файлдарды жою керегін таңдай алады. Яғни, бұрынғыдай тек «барлығын тазалау» емес, «тек хабарламаларды жою», «тек медиа файлдарды жою» немесе «екеуін бірге жою» опциялары да қолжетімді. Тазалауды растамас бұрын WhatsApp жойылатын деректер арқылы қанша жады босайтынын көрсетеді. Қазіргі уақытта бұл жаңа функция тек Android β-нұсқасында қолжетімді.
Желі одан бөлек қазан айында алаяқтардан қорғайтын тағы бірнеше өзгеріс енгізген еді
Видеоқоңырау кезінде бейтаныс адамға экранды көрсетуге әрекет жасасаңыз ескерту шығады. Алаяқтар кейде адамдарды өздерінің экрандарын көрсетуге мәжбүрлеп, банктік мәліметтер немесе растау кодтары сияқты жеке ақпаратты алуға тырысатынын білеміз. Бұл жаңа құрал пайдаланушыларға алаяқтық әрекеттерді анықтау мен одан сақтану үшін қосымша ақпарат береді, – делінген Meta компаниясының ресми сайтында.
Одан бөлек WhatsApp азаматтарға алаяқтықпен айналысатын контактілерді анықтауға да көмектеспек.
Чаттарда алаяқтықты анықтаудың жетілдірілген тәсілін сынақтан өткізіп жатырмыз. Егер бұл тәсіл қосылар болса және жаңа контактіңіз күдікті хабарлама жіберсе, сізге ескерту шығады. Сондай-ақ соңғы чат хабарламаларыңызды ЖИ арқылы тексеріп, алаяқтық әрекеттерін анықтауға мүмкіндік аласыз. Егер күдікті әрекеттер анықталса, сізге кең тараған алаяқтық түрлері туралы ақпарат беріледі және аккаунтты блоктау немесе хабарлау сияқты әрекеттер ұсынылады, – деді WhatsApp әзірлеушілері.
Оған қоса, Meta аккаунттарды қорғауды одан әрі жақсартты. Енді Facebook, Messenger және WhatsApp-та Passkey арқылы аккаунтқа тек сіз кіре алатындай, саусақ ізі, бет сканері немесе PIN кодпен жеке тұлғаңызды растауға болады. Сондай-ақ, Security Checkup (Facebook, Instagram) және Privacy Checkup (WhatsApp) құралдары қауіпсіздік пен құпиялық баптауларын қарауға, қажет болса парольді жаңартуға және топқа қосу сияқты құпиялық параметрлерін реттеуге көмектеседі.
Пікірлер (0)