Panos Kotzathanasis: "Әбіл" (2024) фильмі – өтпелі кезеңнің шынайы бейнесі

Руханият
view 947
news

Asian Movie Pulse

Мақала авторы Panos Kotzathanasis – азиялық киноны зерттеуші, кино сыншысы және журналист. Ол Asian Movie Pulse және басқа да платформаларда азиялық фильмдерге шолу жасап, олардың ерекшеліктері мен көркемдік мәнін талдайды. Ол әсіресе жапон, корей, қытай және оңтүстік-шығыс азиялық кинематографиясын зерттеумен танымал. JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі asianmoviepulse сайтына сілтеме жасай отырып, "Film Review: Abel (2024) by Elzat Eskendir"  атты мақаланы арнайы қазақ тіліне аударып ұсынып отыр. 

Қазіргі таңда қазақ киносы көбіне фестивальдерде көрсетіліп, көрерменге жанрлық фильмдер арқылы танылып келеді. Бұл тұрғыда Әділхан Ержанов секілді режиссерлер ерекше көзге түссе, қазақ артхаусы да сапалы туындылар ұсынып жүр. Былтыр Пусан халықаралық кинофестивалінде премьерасы өткен "Әбіл" – осы бағыттағы үздік фильмдердің бірі.

Фильм Франциядағы Vesoul халықаралық азиялық кинолар фестивалінде көрсетілуде.

Елзат Ескендір өзінің туындысына аса шеберлікпен, әсерлі стильмен кіріседі. Ол алғашқы 13,5 минуттық үздіксіз түсірілген сахна арқылы фильмнің негізгі атмосферасын қалыптастырады. 1993 жыл, Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан капитализмге бет бұрған өтпелі кезең. Кезекті ұжымдық шаруашылық тарап, жекешелендіру жүріп жатыр. Малшылар қалған мал әділ бөлінеді деп күтіп отырғанымен, оқиғаның алғашқы кадрларында егде жастағы бір адамның қолы көрінген сәттен-ақ бір нәрсенің дұрыс емес екенін сезесің.

Шаруашылықтың басшысы Болат – күмәнді тұлға. Оқиға барысында оның Әбіл есімді басқа бір адамға "ерекше" қарым-қатынас көрсетіп жүргені байқалады. Бірақ көп ұзамай бұл ортада ешкім жемқорлық пен әділетсіздіктен құтыла алмайтыны белгілі болады. Әбіл мен оның жары да үлкен ұлдарымен байланысты мәселелерге тап болады.

Фильмді көргенде режиссердің ашу-ызасы анық сезіледі. Елзат Ескендір сол кездегі жүйеге деген наразылығын Әбілдің бейнесі арқылы көрсетеді. Бұл ашудың негізі бар. Шаруашылық басшысы мен оның сыбайластары малшыларды барынша қанауға тырысады. Ал бұған қарсы тұруға тұрғындардың амалы жоқтың қасы. Жемқорлықтың соншалықты кең етек жайғаны сонша, көпшілік үшін бұл қалыпты өмір салтына айналғандай.

Сонымен қатар, Кеңес Одағы кезінде қазақ халқының қаншалықты қанауға түскені де фильмде көрініс тапқан. Алайда, Ескендір Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі жағдайының айтарлықтай жақсармағанын, кейде тіпті нашарлағанын көрсетеді. Үкіметке қарсы шыққаны үшін түрмеге түскен жас жігіттің босатылғаннан кейінгі кешкі ас кезіндегі сахна – фильмдегі әлеуметтік-саяси сынның ашық көрінісі. Бұл көрініс кейде тікелей айтылғандай әсер қалдырғанымен, жалпы оқиға желісіне үйлесімді ендірілген.

Режиссер фильмді тек саяси мәселелер төңірегінде өрбітпейді, сонымен қатар, отбасы драмасын да шебер үйлестіреді. Әбіл мен оның үлкен жанұясының күнделікті тіршілігінің ауырлығы алғашқы минуттардан-ақ көрінеді. Тіпті кішкентай балалар да мал шаруашылығына көмектесуге мәжбүр. Ал үлкен ұлдары, әсіресе Темен, нағыз проблеманың көзіне айналады. Оның әрекеттері отбасы ішіндегі шиеленісті күшейтіп, көрерменге бұл жағдайдан шығу жолы жоқ екенін аңғартады. Режиссердің өзі де осы шиеленістен босап шығуды қаламағандай әсер береді.

Фильмнің басты ерекшелігі – реализм. Елзат Ескендір мен оператор Йоланта Дылевска деректі фильм элементтерін қолдана отырып, барынша шынайы атмосфераны қалыптастырады. 90-жылдардағы ауыл өмірінің егжей-тегжейіне дейін бейнеленген. Оңтүстік Қазақстанның сұрықсыз әрі күйзелісті көріністері, әсіресе, түнгі кадрлар көрерменді ерекше әсерге бөлейді. Монтаж жылдам динамикаға негізделгендіктен, екі сағаттық фильмді анағұрлым қысқа сезінесің. Сонымен қатар, бұл тәсіл фильмдегі шиеленісті күшейтетін басты факторлардың бірі.

Әбіл рөліндегі Ерлан Төлеутай – өзінің негізгі кәсібі әнші, музыкант болса да, ерекше әсерлі рөл сомдайды. Ол өз кейіпкерінің түрлі сезімдерін, әсіресе ашу-ызасын керемет жеткізеді. Әбілдің жарының рөліндегі Нұржан Бексұлтанова да өте жақсы өнер көрсетеді, әсіресе әйелдердің патриархалды қоғамдағы шарасыздығын айқын көрсетеді. Ал Болат рөліндегі Ұлан Нүсіпәли нағыз зұлым кейіпкерді сомдап, фильмнің басты антагонистіне айналады.

"Әбіл" – Қазақстан тарихындағы күрделі кезеңнің шынайы бейнесін көрсететін, қылмыс пен әлеуметтік әділетсіздік тақырыбын арқау еткен, реалистік драма элементтерімен астасқан керемет фильм. Елзат Ескендір бұл туындысы арқылы көрерменді ойландырып қана қоймай, олардың бойында наразылық сезімін тудыра алады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *