"Болмаған балалық шақ" – Қазақ киноөнеріндегі ерекше туынды

Руханият
view 734
news

фото: постер

27 ақпаннан бастап көрерменге жол тартқан "Болмаған балалық шақ" кинотуындысы қазақ көрерменінің ықыласына бөленіп, еліміздің барлық кинотеатрларында аншлагпен көрсетілуде. Фильмнің прототипі және авторы – белгілі ақын, жазушы Ақберен Елгезек.

Фильмнің негізгі мақсаты – қазақ қоғамындағы отбасы құндылықтарын насихаттау, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты тереңірек түсіндіру, бауырмалдықтың маңызын ұғындыру. Көрермендер тарапынан "Бұл фильм ата-ананың қадірін ұғындыратын, туыс-бауырдың бағасын арттыратын тәрбиелік мәні зор кинотуынды болды" деген пікірлер көптеп айтылуда. Көрермендер, әсіресе ата-аналар, фильмді көргеннен кейін балаларының өздеріне деген қарым-қатынасының өзгергенін, құрметі арта түскенін ерекше атап өтуде.

Фильмді қоюшы режиссер – Айдын Сахаман. Ол шығарманы экранға бейімдеу барысында артық сахналар мен қажетсіз былапыт сөздерді қоспай, жұп-жұмыр дүние жасауды басты назарда ұстаған. Автор Ақберен Елгезек режиссерге ерекше алғыс білдіріп, оның еңбегін жоғары бағалады.

Фильмдегі басты рөлдерде:

  • Шәкәрім Алмасбек

  • Нұртілек Жарылқасын

  • Берік Айтжанов

Фильмнің негізіне 2008 жылы жазылған повесть алынған. Бұл шығарма әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, оқырмандардың сүйікті интернет-бестселлеріне айналды. 2023 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанған пьеса да көрерменнің ыстық ықыласына ие болып, әр қойылымы аншлагпен өткен болатын.

Автор туралы: Ақберен Елгезек – 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Ол – Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының иегері. Әдебиет пен мәдениет саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген қаламгер ретінде кеңінен танымал.

"Болмаған балалық шақ" фильмі – қазіргі қазақ киноиндустриясындағы айрықша шығармалардың бірі. Ол көрерменнің жүрегіне жол тауып, жас ұрпақты рухани құндылықтарға жетелеуге бағытталған. Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін мұндай туындылар қазақ киносының жаңа белесіне айналары сөзсіз.

Асанғожа Айжан 
Филолог, ҚазҰУ түлегі

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *