«Мәңгілік бала бейне»: отыз жылдық өміршеңдік және өнердің жаңа белесі
Фотосуреттерді авторлар ұсынған
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы отыз жылдық белесінде жаңа көркемдік сипатқа ие болды. Семей ядролық полигонының қасіретін адам тағдыры арқылы бейнелеген туынды енді оқырманға «кітап-спектакль» форматында ұсынылды. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен мерейтойлық шара әдебиет, театр және баспа өнерінің тоғысқан маңызды мәдени оқиғасына айналды.
«Мәңгілік бала бейненің» жаңаша жарық көруі – қазақ әдебиетінің көркемдік қуаты мен ұлттық рухани мұраның өміршеңдігін айғақтайтын игі бастама. Бұл туралы толығырақ «Мәдениет порталынан» оқуға болады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
“Жазушы көп оқығаннан ғана жазушы болмайды, ол анасынан басқа санамен туады”
Расында да, тұтас бір ұлттың қасіреті мен мұңын жүрек сүзгісінен өткізіп, оны көркем сөзбен кестелеу үшін адам баласына айрықша жаратылыс, өзгеше түйсік пен тылсым талант қажет шығар. Қазақ әдебиеті мен драматургиясында өзіндік өшпес қолтаңбасын қалдырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті жазушы-драматург Роза Қажығалымқызы Мұқанованың шығармашылығы – осы сөзіміздің айқын дәлелі.

Елорда төріндегі руханият ордасы – Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында айтулы шығарманың жарық көргеніне 30 жыл толуына орай мерейтойлық конференция және бірегей «Мәңгілік бала бейне» кітап-спектаклінің салтанатты тұсаукесері өтті. Отыз жыл бойы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, прозадан драмаға, театр сахнасынан киноэкранға жол тартқан туынды өзінің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеп, бүгінгі оқырманға тың форматта ұсынылды.
Қазақ кітап басу ісінде өзіндік жаңашылдығымен ерекшеленетін бұл жобаның бастамашысы – «ARMAN-PV» баспасының бас директоры, кітап шығару және оқу әдебиеті саласының белгілі сарапшысы Дидара Алина. Баспагердің кәсіби ізденісі мен тың идеясының нәтижесінде Роза Мұқанованың классикалық шығармасы заман талабына сай жаңа үлгіде, «кітап-спектакль» форматында жарық көрді. Басылымның басты ерекшелігі – шығарма кейіпкерлерінің арнайы графикалық иллюстрациялар арқылы бейнеленуі. Автор Роза Қажығалымқызының айтуынша, оқырман кітапты парақтай отырып, Ләйләнің ғана емес, Қатира, Шөкіш, Құмар сынды кейіпкерлердің де ішкі болмысы мен мінез-құлқын көрнекі түрде тани алады. Кітаптың көркемдік келбетін айшықтап, кейіпкерлерге графикалық сипат дарытқан – суретші Алмас Сырғабаев. Тұсаукесер барысында автор кез келген шығарманың өміршеңдігі мен сапалы басылымға айналуы үлкен командалық еңбектің нәтижесі екенін атап өтіп, баспа ұжымына және суретшіге ерекше алғысын білдірді. Өз кезегінде сөз алған баспа директоры Дидара Алина: «Менің туған ауылым Семей өңірімен шекаралас жатыр. Біздің де ауылда Ләйләнің тағдырына ұқсас қасіретті бастан кешкен жандар аз емес», – деп, шығарма тақырыбының өзіне де етене жақын екенін жеткізді. Сонымен қатар кітаптың араға отыз жыл салып, жаңаша сипатта жарық көруімен авторды құттықтап, шығармашылық ғұмырына ұзақ жас тіледі.

«Мәңгілік бала бейне» – Семей ядролық полигонының зардабын, жазықсыз жандардың тартқан азабы мен үнсіз қасіретін Ләйләнің тағдыры арқылы тұтас адамзаттық трагедия деңгейіне көтерген шығарма. Оның өміршеңдігі соншалық, туынды театр сахнасында ғана емес, отандық кинематографияда да өз орнын тапты. Шығарма желісімен белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов түсірген «Қыз жылаған» (2002) көркем фильмі халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланып, қазақ халқының қасіретін кино тілі арқылы әлемге танытты. Бүгінде шығарманың халықаралық деңгейдегі маңызы артып келеді. Айта кетерлігі, жақында Германияда өткен халықаралық кітап көрмесінде туындының ағылшын тіліндегі аудармасы ұсынылып, шетелдік оқырмандар назарына ілікті. Бұл жөнінде автор: «Мен осы халықаралық көрме арқылы өзімнің шетелдік оқырмандарымды, зерттеушілерім мен аудармашыларымды таптым», – деп ағынан жарылды.
Мерейтойлық кешке арнайы бейнежолдау жолдаған неміс әдебиеттанушысы Венера Цабельдің пікірі де көпшілікті толқытты. «Ләйлә ядролық сынақтан ғана емес, адамдардың қатыгездігі мен суық қабағынан зардап шегеді», – деген ғалым шығарманы аударма арқылы емес, автордың ана тілінде оқу үшін арнайы қазақ тілін үйренгенін жеткізді. Бұл – туындының көркемдік қуаты мен адамзаттық мазмұнына берілген жоғары бағаның айғағы.
Белгілі ақын, жазушы, сценарист Ұларбек Нұрғалымұлы жүргізген салтанатты кеште еліміздің зиялы қауым өкілдері мен өнер қайраткерлері мазмұнды баяндамалар жасап, шығарма төңірегінде терең ой қозғады. Жастар театрының көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбай Роза Мұқанованың шығармашылық болмысын Шыңғыс Айтматов пен Оралхан Бөкей сынды сөз зергерлерінің көркемдік әлемімен сабақтастыра қарастырды. «Бұл туынды – тұтас еліміздің мәдени табысы. Біздің шеберханада жас актерлер бұл туындыларды міндетті түрде монолог ретінде оқып, рухани сусындайды. Шығарманы алғаш рет театр сахнасына шығарған бірегей режиссер Болат Атабаев еді. Алайда мен Роза ханымға бұл туындыны Болаттың қойылымынан өзгеше, басқа қырынан көргенімді айтқан болатынмын», – деді ол.
Театр сыншысы, өнертану саласының PhD докторы Нартай Рамазанұлы Ескендіров өз баяндамасында шығарманың инклюзивті театр кеңістігіндегі жаңа тынысына тоқталды. Ол Орта Азиядағы тұңғыш инклюзивті «Қанаттылар» театрында Абзалбек Максимнің режиссурасымен Роза Мұқанованың «Қызжылаған» драмасының сәтті қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ басты кейіпкер бейнесін сомдаған әуесқой актрисалар Малика Мұқтарова мен Наргиза Мақжанованың актерлік шеберлігіне жоғары баға берді.
Белгілі кинотанушы, профессор Назира Рахманқызы Мукышева шығарманың көркемдік құрылымы мен эмоционалдық әсеріне тоқталды. «Студент кезімізде Мұхтар Әуезов атындағы театрдың артқы қатарында отырсақ та, актерлердің дауысы арқылы сол ішкі шерді, эмоцияны толық сезінген едік. Жалпы, бұл әңгіменің өзі құрылымы жағынан симфонияға ұқсайды», – деп түйіндеді ол.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі ақын, журналист-публицист Жәнібек Әшімжан туындының тарихи-саяси және әлеуметтік маңызын айрықша атап өтті. «Өз тарихымыздың көмілген шындығын ашып, қасіретін сыртқа шығару – қаншама тағдырдың аманаты. Көркем әдебиетте ядролық сынақ мәселесінің оған дейін айтылмай, дәл осы көркем туындыда алғашқылардың бірі болып өткір қозғалуы – үлкен суреткерлік батылдық», – деді ол.
Мәңгілік тағылым
Алқалы жиынға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Асқар Алтай, белгілі публицист-журналист Шархан Қазығұл, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Музыкалық жас көрермен театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Асхат Маемиров, белгілі ақын Оңайгүл Тұржан, музыкатанушы ғалым Раушан Нұртаза сынды әдебиет пен өнер өкілдері қатысты. Кеш барысында Музыкалық жас көрермен театрының актрисалары Ләйләнің жан дүниесіндегі мұң мен шерді драмалық монологтар арқылы сахна төрінде шебер жеткізді. Қыршын жастың тағдыры арқылы көрермен қоғамның қатыгездігі мен адам бойындағы мейірімсіздіктің зардабын терең сезінді. Ләйләнің бейнесі арқылы жеке адамның трагедиясы тұтас халықтың тарихи қасіретімен астасып, көркем шежіреге айналды. Осылайша, елорда төріндегі руханият ордасы – Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өткен Роза Қажығалымқызы Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» кітап-спектаклінің тұсаукесері әдебиет, театр және баспа ісінің тоғысқан маңызды мәдени оқиғасына айналды. Отыз жылдық тарихы бар шығарманың жаңа форматта қайта жарық көруі – оның уақытпен бірге жаңғырып, келер ұрпаққа да рухани аманат болып қала беретінінің айқын көрінісі.
Мақала авторы: Ибраев Таңжар, Жүзбай Гүлсая, Сатенова Фарида.
Пікірлер (0)