Мағжан Жұмабаев: «Қызын сатып жүр ме екен?»
Фото ашық дереккөзден
Бұл шағын жазбада Мағжан Жұмабаевтың «Шойынжол» өлеңіндегі «Қызын сатып жүр ме екен?» жолына талдау жасалады. Ақынның бұл өлеңі қазақ қоғамының рухани дағдарысын, отарлық езгіден туындаған күйреу мен әлеуметтік өзгерістерді бейнелейді. Талдауда өлеңдегі «маңғаз бәйбіше», «сары ит», «Аналық» және «қызын сату» секілді бейнелердің символдық мағынасы ашылып, олардың қазіргі заманмен байланысы қарастырылады.
Жазбада жаһандану дәуіріндегі қазақ қоғамының рухани өзгерістері, ұлттық құндылықтардың нарықтық қатынастарға икемделуі және ұлттық мәдениеттің күйреу қаупі сараланады. Мағжан өлеңіндегі рухани азғындау көріністері бүгінгі қоғамда қалай өзгергені талқыланып, ұлттық мәдениет пен моральдық құндылықтарды сақтау қажеттігі баса айтылады.
Қазақ рухының құлдырауы: Мағжан Жұмабаевтың «Шойынжол» өлеңіндегі «Қызын сатып жүр ме екен?» жолдарына талдау жасап көрелік.
Мағжан Жұмабаевтың «Шойынжол» өлеңіндегі осы бір шумақ қазақ халқының тарихи дағдарысы мен рухани күйреуінің көркем айнасы. Ақын отарлық езгі мен әлеуметтік дағдарысты ғана емес, ұлттық рухтың әлсіреуін де өткір сынайды. Бұл өлеңнің қазіргі заманмен байланысы терең. Қазақ қоғамының рухани күйі, материалдық қажеттіліктің рухани құндылықтардан басым түсуі – бүгін де өзекті мәселе.
1. «Кешегі маңғаз бәйбіше...» – дәстүрлі қоғамнан постиндустриалды әлемге ауысу. Мағжан бәйбішені «маңғаз» деп сипаттау арқылы дәстүрлі қазақ қоғамының рухани биіктігін көрсетеді. Бәйбіше – отбасының ұйытқысы, қазақы құндылықтардың сақтаушысы еді. Бірақ енді сол бәйбіше қолында «құрттай бір кесе» қатық ұстап, сауда жасап жүр. Бұл тек экономикалық дағдарыстың көрінісі ғана емес, қазақ әйелінің мәртебесінің өзгеруін де білдіреді.
Бүгінде бұл образды басқа қырынан қарастыруға болады. Жаһандану заманында қазақ әйелі де нарықтық экономикаға бейімделуге мәжбүр. Өткен ғасырда саудаға түскен бәйбіше мен бүгінгі кәсіпкер әйелдің арасында айырмашылық бар ма? Қазіргі заман бәйбішелерінің іскерлікке бейімделуі – мәжбүрліктен туған құбылыс па, әлде жаңа мүмкіндіктерге бейімделу ме?
2. «Сорлының жанын жаралап, саудалап тұрған бір сары ит...» – жүйенің құрбандары іспетті. Өлеңдегі «сары ит» – метафоралық бейне. Ол отарлаушылардың да, өз ұлтын қанаған безбүйрек пысықайлардың да символы бола алады. «Сауда» ұғымы тек материалдық құндылықтарды емес, адамгершілік пен ар-ұжданды саудалауды да меңзейді.
Бүгінгі таңда біз «сары иттің» жаңаша кейіпке енгенін көріп отырмыз. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы арсыздық пен адамгершіліктен безген нарықтық қатынастар – қазақ руханиятына жасалған жаңа қауіп. Рухани құндылықтардың коммерциялануы, білімнің тауарға айналуы, өнердің бизнеске айналуы – бұл жаңа «сары иттердің» бейнесі.
3. «Алпыстағы Аналық...» – заманауи аналардың дағдарысы емес пе?
Аналық – ұлттық аналардың символы. Бірақ ол енді бұрынғы биік мәртебеден айырылған. Оның көзі – өмір бойғы азап пен шарасыздықтың айнасы.
Бүгінде де аналық бейнесі өзгеріске ұшырады. Қазақ аналары материалдық игілік үшін еңбек етуде, ал рухани құндылықтар екінші қатарға ығысты. Адамдардың күнкөріс қамымен айналысып, балаларының тәрбиесіне уақыт таппауы, ұрпақ сабақтастығының әлсіреуі – қазіргі заманның шындығы.
4. «Қызын сатып жүр ме екен?» Бұл жол – ұлттың азғындау шегін бейнелейді. Қазақ тарихында қыз бала – ар-намыстың, тазалық пен инабаттылықтың символы. Бірақ енді ол нарықтың объектісіне айналып барады. Қазіргі таңда қазақ қоғамында қыздың саудаға түсуі тікелей мағынасында ғана емес, жанама түрде де көрініс табуда. Жаһандану дәуірінде «дене саудасы» мәселесі, әлеуметтік желілердегі өзін жарнамалау құбылысы, материалдық жағдайды махаббаттан жоғары қою – бұл сұрақтың бүгінгі замандық нұсқалары. «Қызын сатып жүр ме екен?» деген сауал бүгінде неке мен қарым-қатынастағы прагматизм арқылы көрініс табуы мүмкін.
5. Мағжан өлеңінің заманауи үндеуі саяқты. Мағжанның бұл жолдары бір ғасыр бұрын жазылса да, бүгінгі қазақ қоғамы үшін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Рухани дағдарыс – тек экономикалық күйзелістің емес, қоғамдағы моральдық құндылықтардың құлдырауының да көрінісі.
Бүгінгі сабақ:
• Тарихтағы рухани күйреулерді қайталамау үшін ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды сақтау қажет.
• Экономикалық дамумен қатар, моральдық-адамгершілік тәрбиені де күшейту маңызды.
• Қыз бала – ұлттың айнасы, оны қорғау – бүкіл қоғамның міндеті.
Мағжанның осы бір өлең жолдары – өткеннің шындығы ғана емес, келешекке арналған ескерту деп түйсінемін.
Өлеңнің толық нұсқасын ұсынып отырмыз.
Шойынжол
Бір қаладан шығарып,
Азғантай елді қақ жарып,
Шойын жол сала бастап ед.
Өтіп кетті талай жыл,
Бітті ме екен сонау жол?
Пұл жетпей баста тастап ед.
Өтінішім, інішек,
Сол жаққа барсаң несіп боп,
Елге де барып қайтқайсың.
Басқан анау жол жайын,
Басылған анау ел жайын,
Әдейі көріп, айтқайсың.
Қаншама пұл төгіліп,
Неше мың жан жегіліп,
Бастаған жол бітіп пе?
Қара айғыры ырсылдап,
Қара қабан қорсылдап,
Елді басып өтіп пе?
Солқылдатып белдерін,
Толқындатып көлдерін,
Ұшқын бүркіп кетіп пе?
Бұла қырдың бұланы,
Қазағымның құланы -
Жылқы үркіп кетіп пе?
Ұрандасып Зеңгі ата
Өкіріп пе жиылып?
Құлақтары делдиіп,
Кұр аңырып ербиіп,
Қой тұрып па үйіліп?
Өзі ыржаңдап, айқайлап,
Көк шолағын борбайлап,
Қойшы қатар шауып па?
Шапқан күйде ыржиып,
Ат-матымен тырқиып,
Топырақты қауып па?
Азан-қазан ауыл жақ,
Қыз-қатыны дабырлап,
Бірін бірі түртіп пе?
«Сұмдық екен, ойбай-ау,
Ойбай, көтек, бетім-ау!»-
Деп беттерін жыртып па?
Салынғанға сонау жол
Болып енді біраз жыл,
Ел үйреніп кетіп пе?
Сұраған сенен бір тілек -
Көзіңмен көр, інішек,
Үйренгенде нетіпті?
Кеселді болмай аяғы,
Баяғы байлық - баяғы
Қолында мал бар ма екен?
Болмаса: «Оны ит жеген»,- деп,-
Өшпес байлық егін»,- деп,
Қабы толған дән бе екен?
Екеуінің бірі жоқ,
Қалың қайғы, ойға тоқ,--.
Қайран ел тозып жүр ме екен?
Кемпір, шал, бала, азамат
Станция біткенді аралап,
Көзін сүзіп жүр ме екен?
Сұр кетіп жұрттың жүзінен,
Сары қымыз көзінен
Бір-бір ұшып жүр ме екен?
«Қымызды жасық су ғой...» - деп,
Ендігі жас жеткіншек
Ащы су ішіп жүр ме екен?
Кешегі маңғаз бәйбіше,
Қолында құрттай бір кесе,
Қатық сатып тұр ма екен?
Сорлының жанын жаралап,
Саудалап тұрған бір cap ит
Қалжыңдап, шатып тұр ма екен?!
Алпыстағы Аналық,
Сатарына заты жоқ,
Көзін сатып жүр ме екен?
Көзін сатса, дариға,
Жанында бір қыз бала...
Қызын сатып жүр ме екен?
Өтінішім, інішек,
Бара қалсаң несіп боп,
Елге де барып қайтқайсың.
Басқан анау жол жайын,
Басылған анау ел жайын,
Әдейі көріп, айтқайсың.
Мағжан Жұмабай
Арман Балтабекұлы
Пікірлер (0)