Көк тудың желбірегені
Қосшылықтар республика күнін ерекше сән-салтанатпен атап өтті
Қазақстан халқы 25 қазан – Республика күнін қайтадан атап өте бастады. Былтыр мерекелер тізіміне енген бұл дата – елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Осынау салтанатқа орай Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов №3 мектептің залына жиналған қауымды мерекемен құттықтап, қоғамның дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттады.
Республика күнінің тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын. Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы декларацияның арқасында ҚазКСР өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Ал президент елдің басшысына айналды.-Құрметті қосшылықтар! Қадірлі жерлестер! Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл тарихи құжаттың мән-маңызы зор.Біз былтырдан бастап Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтудеміз. Осы бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, дәстүрге айналды. Республика күні – халқымыздың рухын биік көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында атап өткендей, Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты, ел тірегі болатын ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Өздеріңіз білетіндей, қала экономикасы тұрақты өсуде. Жылдар бойы қордаланған мәселелерді түбегейлі шешу үшін, алдағы он жылдыққа қаланың стратегиялық даму бағдарын белгіледік. Алдағы уақытта, Қосшы қаласын дамыту – Қазақстан Республикасы Үкіметінің екі бағдарламасы арқылы жүзеге асады. Биыл Қосшы қаласында екі бірдей мектеп оқушыларға есігін айқара ашып, үш ауысымдық оқыту толықтай жойылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 4 700 орындық 3 мектеп салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта қоғамдық мәдени-спорт орталығының құрылысын бастау жоспарлануда. Қалада спорттық кешендер санын көбейту мақсатында дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Кешенді 2024 жылдың 1 тоқсанында халық игілігіне қолданысқа береміз. Жеке инвестициялар есебінен жанында 500 адамдық асханасы бар қалалық мешіттің құрылысы басталды. Биыл 400 орындық мәдениет үйін салу жобасын әзірледік. Өрт сөндіру қызметі ғимаратының құрылысы жалғасуда. Бағдарымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Біз тәуелсіздік тұғырын биік ұстап, мемлекеттігімізді нығайта береміз. Өйткені Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Еліміздің егемендігі баянды болсын!– деді Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов.
Пікірлер (0)