Елдің құты мен берекесін арттырған қазыналы қарттарымызға құрмет көрсетілді

Руханият
view 1811
news

«Қарттарымыз – халқымыздың даналығы мен ғажайып салт-дәстүрін сақтаушы, біздің жастарымыз үшін өміршең өнеге. Бүгінгі күні зейнет демалысында болсаңыз да өмір бойы көкейінде түйген жақсылықты, білім мен тәжірибені кейінгі жастарға мұра етіп, жарқын жол сілтеп келе жатырсыздар» деген асыл сөзді арқау еткен грамота иелері Бақыт Жайбусинова, Жаңбыршы Қожағұлов, Қизат Кәдірханұлы, Ахметхан Алпысбаев, Амангелді Ыдырысов, Райгүл Гайнуллина, Нұралы Қалиев, Асылхан Байкенов, Майра Сағадиқызы, Өміртай Айтжанов, Мұхамедқали Баймұқанов, Серік Жексенбекұлы өз ризашылықтарын білдірді. Ал қала әкімінің алғыс хатын Гүлсім Әзірқұлқызы, Ұлболсын Жақияқызы, Бақыт Қалиқызы, Қарашаш Жанабайқызы, Раиса Әбусағиқызы, Сәуле Жұмағұлқызы, Қараторғай Тұрсынбаева, Нұрила Сағындыққызы, Төлеу Рахымқызы, Күлзина Сапарқызы, Нәзира Хайролдақызы, Сәуле Мазимова, Бикен Омарова, Жазираш Сейдалина, Тулина Исағұлова алды. Келесі құттықтау сөз «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбайұлына берілді. Ол өз кезегінде «Ақсақал, ардагер болу да абыройлы, жауапты іс. Елдің шежіресін айтып, тарихын қуаттап отыратын, інілерін қамдап жүретін елдің ақсақал, алдыңғы буын ағалары аман болсын! Ат үстінде жүрген антына адал, сертіне берік елдің азаматтары аман болсын! Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын тыныш заман болсын! Шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін!Қасиетті өлкеміз өркендеп, дами берсін!» деп ақ батасын арнады. Бұдан кейін ол Ардагерлер ұйымының «Құрмет белгісі» төсбелгісімен Әнуарбек Сағитов пен Қабділбар Көпжасарұлын марапаттады. Ал ұйымның құрмет грамотасын Валентина Сағидоллақызы, Күлән Бариқызы, Баян Ахмадиқызына табыстады. Сөз тізгінін алған Қосшы қаласының Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбілқайыр Айнабаев «Төл мерекеміз неше күннен бері тойланып жатыр. Бұл қартын қазына деп қараған қазаққа жарасатын әдет. Ұрпағымызбен мақтанар қарттардың қатарынан болу бұйырсын. Ұлттық құндылығымыз жоғары бағаланар заманның ұрпағын қалыптастыру бізге міндет. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!» деп жүрекжарды ізгі тілегін жеткізді. Мұнан соң ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ардагерлер ұйымының «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісімен Елубай Жұматов, Сансызбай Досаев, Өмірбек Кемешовті марапаттады. Ал Қосшы қаласының абыройлы ақсақалы Ыбырай Бөлтірікұлы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ардагерлер ұйымының «Құрметті ардагері» және «70 жылдық мерейтой» төсбелгісін алып, мерейі арта түсті. Сахна төрінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ардагерлер ұйымының «Құрметті ардагері» атағына Сартай Нұрғалиұлы мен Мұрат Төлеубайұлы лайық деп табылды. Құшағы марапатқа толған ардагерлердің көңілін «Замандас» әжелер ансамблі мен «Есіл-Нұра» ардагерлер ансамбілі әдемі ән, тәтті күймен шарықтатты. Елдің құты мен берекесін арттырған қазыналы қарттарға арналған басқосу жоғары дәрежеде өтіп, көптің көңілінен шықты. Қарттық – ағып жатқан дария, теңіз іспеттес. Қарттарымыз еліміздің өткені мен бүгіні, тұнып жатқан тарихымыз.

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *