Асанәлі мен Диасәлі – Rise Global Challenge жеңімпаздары

Руханият
view 1497
news

Көкшетаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушылары Асанәлі мен Диасәлі Кәрім «Rise Global for the World» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. «Rise Global» – 15 пен 17 жас аралығындағы күллі әлем оқушыларының жобаларына қолдау көрсететін ең ірі стипендиялық бағдарламалардың бірі. Бұл бағдарламаның жеңімпаздары әлемнің дамуына әсерін тигізуге мүмкіндік алады. Бағдарламаның 3 жылында қабылданған 430 мыңнан астам өтінімнің ішінде тек 300 жас талант Rise Global Challenge жүлдегері атанды. Асанәлі мен Диасәліге әлемнің кез келген университетінде білім алуға төрт жылдық шәкіртақы беріліп, тұрғылықты орындарының қаражаты төленеді. Сондай-ақ зияткерлер жергілікті қауымдастықтардағы немесе бүкіл әлемдегі күрделі мәселелерді шешу жолында инновациялық идеялармен тәжірибе жасау үшін қаржыландыруға өтініш бере алады. Ағайынды Кәрім «Turaqty Jol» экологиялық идеялар мен жобалар республикалық байқауының, «Eco-Hackathon» республикалық бизнес-идеялар конкурсының жеңімпаздары, сондай-ақ республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері. Аталған байқауға Асанәлі Қазақстанда және жаһандық ауқымда табиғи ортаны сақтауға бағытталған технологиялық бастаманы ұсынды. Болашақта ол жасыл ортаны құруға ықпал ететін инновациялық жасыл технопарк құруды жоспарлап отыр. Ал Диасәлінің жобасы күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайларда қолдауды қажет ететін әлеуметтік осал топтағы адамдардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бастама. Осы жоба аясында ол елдегі адамдармен және әртүрлі ұйымдармен жұмыс істеп, өзінің платформасын дамытты. Бағдарлама барысында ағайындылар түрлі жобалармен жұмыс істеді, басқа қатысушыларды бағалады, командалық жұмыстарды орындап, сұхбаттар мен сынақтардан өтті.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *