Көкшетауда банктік және микрокредиттік қарыздар бойынша дау қалай реттеліп жатыр

Жаңалықтар
view 73
news

Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өткен жылы Көкшетау қалалық соты маңызды жетістіктерге жетіп, бірнеше салада елеулі өзгерістер енгізді. Бұдан былай Омбудсмендер ипотекалық қарыздар бойынша ғана емес, барлық түрдегі банктік және микрокредиттік қарыздар бойынша дауларды реттей алады. Бұл туралы Көкшетау қалалық сот төрағасының міндетін атқарушы Алтынгүл Сәпиева брифинг барысында баяндады, деп хабарлайды janabastau.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Спикердің айтуынша 2024 жылы қабылданған заңнамалық өзгерістердің ішінде банктер мен микрофинанс ұйымдары омбудсмендерінің құзыретін кеңейту болған. Бұл өзгеріс қаржылық дауларды сотқа дейін шешуге және сотқа түсетін істердің санын азайтуға бағытталып отыр. 

«Жаңа заңдарға сәйкес, әлеуметтік осал топтардың мүшелері ипотекалық қарыздар мен микрокредиттер бойынша дауларын омбудсмендер арқылы шешуге мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда борышкерлердің үйіне қатысты шешімдер шығару үшін сотқа жүгіну талап етілмейді, ал омбудсмендер шешім қабылдауға міндетті», деді ол. 

Жалпы алғанда, 2024 жыл Көкшетау қалалық соты үшін маңызды өзгерістер мен жетістіктер жылы болды. Цифрлық технологиялардың енгізілуі, медиация әдісінің кеңейтілуі және жаңа заңдардың қабылдануы сот жүйесінің тиімділігін арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауға ықпал етті. Одан бөлек мыңға жуық азаматтық іс қазақ тілінде қаралған. Бұл көрсеткіштің өсуі еліміздегі тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

«Сотта дауларды шешудің жаңа әдістері, атап айтқанда медиация кеңінен қолданылды. Жыл бойы 500-ден астам азаматтық іс медиация тәртібімен қаралып, істі шешудің бейресми әрі тиімді жолдары қолданылды. Осы арқылы азаматтар мемлекеттік бажды қайтарып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік алды», деп толықтырды Алтынгүл Сәпиева. 

Сот жүйесі уақыт өте келе ашықтығы мен қолжетімділігін арттырып келеді. Мәселен, цифрлық технологиялар да судьялардың жұмысын жеңілдетіп, азаматтарға сотқа қатысуды оңайлатты. «Сот кабинеті» жүйесі арқылы 2500-ден астам талап-арыз бен 7000-нан аса өтініштер қабылданды. Бұл электронды форматта қаралған істердің 99%-ын құрады. 

Жалпы, осы жылы Көкшетау қалалық соты 3 мыңнан астам азаматтық және 250-ден астам қылмыстық іс қарады. Құқық бұзушылықтар бойынша да сот үкімі негізінде көптеген адамдарға жаза тағайындалды. 240-тан астам адам жазасын өтеуге кесілді, олардың ішінде 75-і бас бостандығынан шектелді. Сондай-ақ, шартты түрде босату бойынша 120-ға жуық материал қаралды, оның ішінде 33 өтініш қанағаттандырылды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *