Көкшетаулық зияткер стартап жобалар байқауында жеңімпаз атанды

Руханият
view 261
news

Көкшетау қаласындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Асылхан Қали «NURIS Hardware Challenge 2.0» стартап жобалар байқауында 1-орынды иеленді. Оның құрамасының «Aq Zhol – жүргізушінің жағдайы мен мінез-құлқын бақылау жүйесі бар екі камералы бейнетіркегіш» жобасы қазылар алқасының тарапынан жоғары бағаланып, 400 мың теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды. Асылхан Қали аталған байқаудағы ақтық кезеңге өткен жалғыз мектеп оқушысы болды. Ол Назарбаев Университетінің, Астана IT университетінің, Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенттерімен бәсекелесіп, басым түсті. – Біздің құрылғымыз көлік жүргізіп келе жатқан адамды ұйықтап кетуден, түрлі сыртқы факторларға назар аударуынан сақтап, ескертіп отырады. Осылайша, жол апаттарының алдын алу мүмкіндігі туады. Бұл жобаны жасап жатқанымызға, шамамен, 230 күн болды. Өз құрылғымызды әрдайым дамытып, оның мүмкіндіктерін кеңейтіп отырамыз, – дейді Асылхан. Асылхан Қали мектеп оқушыларынан құралған тобының атауын да «Aq Zhol» деп қойған. Оның құрамында қазіргі таңда 13 оқушы бар: – Мен бірлесіп жұмыс істеудің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Бір команда болып жұмыс істеу арқылы біз мақсатымызға 13 есе тез жетеміз. Ең бастысы – бәріміз де бұл әлемді жақсы жаққа өзгертуге қауқарлы жобалар жасап, үлкен құндылық беріп жатырмыз. Асылханның айтуынша, олардың қатарына қосылу оңай емес, қатаң іріктеу жүргізіледі. Үміткер әуелі сұхбатқа шақырылып, кейін тағылымдамадан өтеді: -– Қатарымызға оқушыларды шақырған кезде, оқушылар өздері ниет білдіргенде, құндылықтарымыздың сәйкестігіне бірінші кезекте мән береміз. Себебі құндылықтар сәйкес келмесе, жоба сәтсіз болуы мүмкін немесе оның жарты жолдан тоқтап қалуы да ғажап емес. Зияткерлер қатарын көбейтіп, жобаларын әрі қарай жетілдіре беруге ниетті. Олар дербес бейнетіркегіш саласында көшбасшы болып, нарықты жаулауды көздеп отыр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *