Көрші ел президенті заңға өлім жазасын енгізетін болды

Жаңалықтар
view 60
news

Фотосурет: pinterest.com

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров балаларды зорлау мен жыныстық зорлықтан болған кісі өлімі үшін өлім жазасын енгізуге қатысты заң жобасын дайындауды тапсырды. Қоғамды дүр сілкіндірген 17 жастағы қыздың қатыгездікпен өлтірілуінен кейін осындай шешім қабылданған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, Садыр Жапаров заңға өзгерістер енгізуді Президент әкімшілігі құқықтық қамтамасыз ету басқармасының жетекшісі Мұрат Укушевке жүктеген.

Әңгіме балаларды зорлағаны үшін, сондай-ақ әйелдерді зорлап, артынша өлтіргендерге өлім жазасын енгізу туралы болып отыр. Президент Садыр Жапаровтың айтуынша, әсіресе балалар мен әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар жазасыз қалмауға тиіс, – деп жазды Асхат Алагөзов.

Мұндай шешімге себеп болған оқиға – Қаракөл қаласында 2008 жылы туған оқушының аса қатыгездікпен өлтірілуі. Қыз бала 27 қыркүйекте жоғалып, оның денесі екі күннен кейін Жел-Арық ауылы маңынан табылған. ІІМ дерегінше, жасөспірім зорланып, тұншықтырылып өлтірілген. Күдікті – 1984 жылы туған, бұрын сотталған ер адам. Ол Бішкекте ұсталды.

Бірыңғай қоғамдық талқылау порталында да өлім жазасын қайтару жөнінде азаматтық бастама көтерілді. Онда кәмелетке толмағандарды өлтіру, аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру, сондай-ақ жыныстық зорлықпен байланысты қылмыстар үшін ең жоғарғы жазаны қолдану ұсынылған.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *