Құт мерекем – әз Наурыз!

Редакция таңдауы
view 133
news

Құт мерекем – әз Наурыз! «Наурыз – көнеден келе жатқан мереке. Қыстан аман шыққан халық Наурызды асыға күтеді. Барлық қуаныш пен жақсылықтың бастауы болсын», – деп тілек білдіріп жатады. Наурыз мерекесінен балалар да шет қалмады. Ұлық мерекені балабақшадан атап өтудегі басты мақсат – салт-дәстүр, Наурыз құндылықтарын дәріптеу. Бұл – бала тәрбиесіндегі басты қағида. Осындай игі шара 18-наурыз күні «Бақ берекем құт мерекем – әз Наурыз!» деген атаумен Қосшы қаласындағы «Амина-2011» балабақшасында өткізілді. Мерекелік іс-шараға қонақ болып Білім бөлімінің әдіскері Мейірманова Г.К. және Қосшы қаласы балабақшаларының меңгерушілері мен тәрбиешілері қатысты. Құттықтау сөзімен ашылған шара көңілді ән мен мың бұралған бишілердің биімен жалғасты. Шағын орталықтың кішкентай бүлдіршіндері өю-өрнектеп тігілген, көздің жауын алатын киімдерді киіп, «Көжектер», «Батырлар», «Домбыра», «Бәйге», «Аққу», «Гүлдер» биін билеп, ән салып, ұлттық ойындар көрсетіп, көрермендерді таң қалдырды. Сонымен қатар Наурыз мерекесіне арналған ұлттық нақыштағы бейнеленген киіз үйдің ішіне қазақтың кебежесін, шымылдығын, ат әбзелдерін, ыдыс-аяқтарын қойып безендіріп, дастархан жайылып, арнайы дайындалған. Мерекелік шараның сәнін келтірген Глеб пен Марияның айтысқа шыққан кезі болды. Балалардың қадамы бәрімізді қуантып, іштей тілекші болып отырдық. Тәрбиешілері де өнерлі екендіктерін көрсетіп, «Наурыз» атты биімен баршамызды тәнті етті. Балабақша меңгерушісі бүгінгі шара қонақтарын, ата-аналарды, балабақша ұжымын, кішкентай бүлдіршіндерге ақ тілегін айтып құттықтады. Мерекеге келген ата- аналар дән риза болып, өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жатты. Шара соңында қонақтар арнайы дайындалған наурыз көжеден дәм татып, баталарын берді. Ерден Нұрахмед

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *