Kyzdar.net сайты әлі жұмыс істеп тұр: ІІМ себебін түсіндірді
Фотосурет: obk.kz
Бүгін Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов дауға іліккен Kyzdar.net сайтын Қазақстанда неге бұғаттау мүмкін болмай отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Қазақстан Германиямен және Интерполмен бірлесіп жұмыс істеп жатыр, себебі сервер иелері ел аумағынан тыс жерде орналасқан.

Біз Интерпол арқылы сұрау салдық. Жұмыс жүріп жатыр. Сервер де, сайт иелері де шетелде орналасқан. Сондықтан жұмыс Интерпол арқылы және Бас прокуратураның халықаралық ынтымақтастық департаменті арқылы жүргізіліп отыр. Біз бақылап, оны жабу үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл жерде құқықтық әрі халықаралық сипатта белгілі бір алгоритм бар. Сервер Қазақстанда тұрса, түймені басып жаба салуға болар еді, – деді Санжар Әділов.
Сондай-ақ ол сайтты жабу бір күндік жұмыс емес екенін атап өтті және қазақстандық тараптың шетелдік әріптестерімен тұрақты байланыста екенін жеткізді.
Еске сала кетсек, Kyzdar.net сайтына қатысты шу бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Порталды бірнеше рет бұғаттап, жапқанмен, ол қайтадан ашылып отырған. Қазір де сайт әлі қолжетімді. ІІМ түсіндіргендей, ресурстың әкімшілері үнемі мекенжайы мен домендерін ауыстырып отырады.
Бұған дейін сенатор, Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Марат Қожаев та Kyzdar.net сайтын бұғаттау мәселесіне қатысты пікір білдірген болатын.
Пікірлер (0)