«Маған қашан мүмкіндік береді?»: Қазақтың Қожасы өмірінің аз қалғанын сезген
Фотосурет: Qaz365.kz/Бауыржан Карипов
Бүгін Жазушылар одағында Қазақстан халқының еңбек сіңірген қайраткері, киносценарист, жазушы, философия ғылымдарының кандидаты Нұрлан Сегізбаевты жұрт ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды JANABASTAU/KZ ақпарат агенттігі Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Қоштасу рәсімі Дүниежүзілік кино күніне тұспа-тұс келді. Марқұммен қоштасу барысында сөз сөйлеген актер әрі кинорежиссер Болат Ғалымбетов бала күннен бірге өскен досының көкейінде орындалмай қалған армандары болғанын айтты. Ол Нұрлан Сегізбаевтың шығармашылығына жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбегеніне іштей қынжылғанын жасырмады.
Жасыратын несі бар?! Бізге кішкене ренжіді ғой. Себебі оған дұрыс көңіл бөлінген жоқ. Керемет-керемет сценарийлері іске аспай қалды. Ол өзінің өмірінің аз қалғанын сезді. «Маған қашан мүмкіндік береді?» дейтін. Сосын өзім де кино түсіре алмай жүргенімді айтатынмын, – деді ол.
Айта кетейік, Нұрлан Сегізбаев желтоқсан айының басында ғана Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған еді.
Жастық шақта қосылу керек еді. Қазір денсаулық керек. Біздің өмір қайғылы, – деген сол кезде шәкірттеріне жазған соңғы хатында.
Еске сала кетсек, Нұрлан Сегізбаев 26 желтоқсанда дүниеден өтті. Ол қазақ киносының алтын қорына енген «Менің атым Қожа» фильміндегі басты кейіпкердің рөлін сомдап, көрерменнің жүрегінде мәңгі сақталды.
Марқұм тірі болғанда, 28 қаңтарда 75 жасқа толар еді.
Пікірлер (0)