Маман мәселе көтерді – Қосшыға көпсалалы аурухана ауадай қажет
Серік Мұратханұлы өңірдің медицина саласының кем-кетігін, олқы тұстарын толықтырып, артықшылығын бағалап жүрген санаулы қазақтың бірі. Білікті маман газеттің өткен санында «Медициналық инжинерия» тақырыбында сұхбат беріп, сүбелі ой қозғаған болатын.
Қосшы қаласының құрылғанына екі жылға жуық уақыт болды. Медициналық қызмет көрсетуі қалалық деңгейге сай емес деп айтуға себептер мен салдар көп. Атын Алатаудай асқақтатқанмен қаланың әлеуметтік деңгейі, инфрақұрлымы, экономикасы, медицина саласының дамуы тұраламау қажет. Қосшыдағы емхана тек медпункіттің деңгейінде қызмет көрсетпесе керек-ті. Емдеу мекемесінің атын алған клиникаға жүгінген науқастар көбінесе, Астананың сонау арғы шетіндегі облыстық ауруханаға жолдамамен кетеді. Ал міндетті медициналық сақтандыру негізінде медициналық аппараттар арқылы зерттеу жүргізуге жолдама алу қияметтің қиыны. Ондай мүмкіндік жоқ деуге де болады. Ресми емес санақтарға сенсек, Қосшы қаласында 60 мың жан бар деп есептеледі. Бірақ оның нақты санын ешкім білмейді. Ал оған Сарқырама қалашығын қосқанда халық саны шамамен 80-90 мыңға жетеғабыл. Шаһарда негізінен жеке жер телімдерінде салынған жер үйлер көп, сондай-ақ әрбір үйдің қарттары, жасы ұлғайған адамдары бар. Сондай-ақ бұл жерде көпбалалы отбасылар көбірек қоныстанған. Ал қарттар мен балалар медициналық көмекті өте қажет ететін топқа жатады. Қазір әлемдік өзгерістер мен дамуға сай ауруханаларға қоятын талаптар мен стандарттар да өзгеріп келеді. Аурухана адамды бас салып, операция жасауға не дәрілермен емдеуге арналған орын ғана емес, онда сондай-ақ басқалай оңалту шаралары да жүргізіледі. Сондай-ақ, физио және спорттық терапия әдістері арқылы халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру қажеттілігі де күн тәртібінде тұр. Жоғарыдағы жайттарды қортындылай келгенде айтпағым, Қосшы қала мәртебесін алған күннен бастап мұнда бірінші кезекте әлеуметтік нысан – көпсалалы қалалық аурухана салынуы керек еді. Оның ішінде емхана, клиникалық-диагностикалық зертхана, жедел жәрдем пункті болуы тиіс. Емдеу мекемесінің әкімшіліктен қажетінше көлемді жер алып, қаланың болашақтағы стратегиялық даму жоспарына сай қосымша корпустар салуға, аурухананың төсек орнын көбейтуге мүмкіндігі болуы керек. Сонымен бірге өз аумағында науқастар демалатын, серуендейтін, қалыпты дене-тәрбие қимылдарымен айналысатын алаңдары болуы шарт. Ал енді қалада жыл сайын жаңа шағын аудандардың қосылып жатуы, уақыт өткен сайын кеңейіп бара жатқан Сарқырама қалашығы Қосшыға көпсалалы арухана салудың күйіп тұрған мәселе екенін көрсетеді. Бұл жобаны қазір қолға алмағанымызбен, келешекте оның өзектілігі тіптен арта түсетін болады. Көпсалалы сапалы медициналық көмектің жоқтығынан Қосшы қаласының экономикалық әл-ауқаты бар әлеуетті кәсіпкерлері ыңғайлы тұрмыс іздеп Астана қаласына көшуді көбейтті. Жұмыс орындары қысқаруы мүмкін. Жаңадан туатын тың идеялары бар жандар кәсіпкерлікті жағдайы бар үлкен қалаға кетті. Бұл өз кезегінде жергілікті бюджетке түсетін салықты азайтады. Мемлекеттік бюджетті жоспарлауға кері әсерін тигізеді.
Жоғардағы кері әсерлермен бірге көпсалалы арухана ашылған жағдайда Қосшы қаласында тұратын әр саладағы медециналық мамандар өз қаласында, өз үйінің жанында жұмыс істейді. Сапалы қызмет көрсетуге құлшынысы артады, уақыты көбейеді. Жұмыс орын көбейеді. Егер көпсалалы аруханаға қарасты жедел-жәрдем қыз-меті жұмыс істесе, қала ішінде төтенше жағдайлар төмендеп, жедел жәрдем көмегінің тездігін арттырып, қаншама адам өміріне арашашы болуға болады. Емдеу мекемесіне клиникалық диагностикалық зертхана қызметі қосылса, жергілікті жұрт елордаға әртүрлі сынамаларын тапысыруғ үшін шұбырмайды. Бір жерден, бір орталықтан толық диагноз ала алады, ол халыққа қолайлы. Ең маңызды, қала халқы міндетті медициналық сақтандыруға төлеген ақшаларын әр жерде, әр клиникаға шашпай, Қосшының өзінде мемлекет кепілдендірілген медициналық көмекті ала алады. Көпсалалы ауруханада ақылы бөлімдер ашып, қажет еткен адамдарға алысқа бармай-ақ, сапалы ем көрсетіп, аурухананың техникалық және басқа да саласын дамытуға мүмкіндіктер жасауға болады. Одан бөлек, Қосшы қаласындағы мектептердің жетіспеушілгі, көп ауысымды оқытудың әлегі, жолдың және әлеуметтік нысандардың жоқтығы, әсіресе медициналық мекемелер қызметінің нашарлығы қала тұрғындарын әбден зарықтырды. Сондықтан да бірқатар адамдар өздері Қосшыда өмір сүріп жатқанымен, тіркеуге елордаға барып тұрады. Балаларын Астана мектептеріне беруге тырысады, сондай-ақ өздері де елорданың емханалары мен ауруханаларында ем-дом алғанды жөн санайды. Сөйтіп, жергілікті тұрғындар Қосшыны тек жатақхана ретінде пайдалануға мәжбүр. Бұл қаланың тұрақты жан-санын бағамдауға, стратегиялық даму жоспарын жасауға, әлеуметтік нысандарды жобалауға, инфорақұрылымдарды жақсартуға көп кері әсерін тигізеді. Тіпі қалаға әрі-бері сабылған адамдар Астана-Қосшы ортасында көлік кептелісін тудырып, жақын күндері ол да үлкен проблемаға айналуы әбден кәдік. Жоғардағы айтылған мәселелер ең негізгі және әзірше біздің ойымыздағы қажеттіліктердің бір тобы ғана. Ал көпсалалы аурухана салу арқылы әртүрлі әлеуметтік топтардың, мәселен, жүкті әйелдердің жағдайын жасау арқылы халықтың өз болашағына сенімін нығайтып, тұрғылықты жерлерінде тұрақтап қалуына, қалаға қамқорлықпен қарауларына игі әсер етеді. Осындай орнықтылық туған жағдайда кәсіпкерлер де спорт кешендерін, бассейндер, әлеуметтік орындар салуға өздігінен қаржы құя бастайды. Бұл өз кезегінде қала халқының жұмыспен қамтылуын арттырып, өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін күшейтеді. Қортып айтқанда, Қосшы қаласының болашағы – Қосшы қаласында көрсетілетін сапалы медициналық қызмет пен сапалы білім беретін мектептерге байланысты. Ал біз медицина саласынның маманы ретінде, егер көпсалалы аурухана жобасы әзірленіп жатқан жағдайда клиникалық инженерия, инженерлік жүйелерге, медициналық мекеменің жабдықталуына байланысты жобалардың дұрыс, өнімді, тиімді жобалануын ұсынуға атсалысамыз.
Серік Мұратханұлы «Ұлттық нейрохиругиялық орталық» АҚ-ның медициналық аппараттар мен жүйелер бөлімінің меңгерушісі.
Пікірлер (0)