Мәжілісте Құрылтайда көтерілген мәселелер бойынша Парламенттік тыңдалым өтеді
Фотосурет: ашық дереккөзден
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жалпы отырыста Ұлттық Құрылтайда айтылған мәселелер бойынша Парламенттік тыңдау өткізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды janabastau.kz.
Жуырда ғана Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтті. Онда мемлекет басшысы еліміздің рухани және идеологиялық, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық бағдарларын айқындап берді. Президенттің көтерген келелі мәселелері мен сөйлеген сөзін бағдарламалық құжат ретінде қабылдауға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзекті проблемаларға тоқталып, оларды шешудің стратегиялық және шұғыл тәсілдерін атап көрсетті. Соның ішінде депутаттарға бірқатар міндет жүктеді. Біз енді соларды орындауға жедел кірісуіміз керек, - деді Мәжіліс төрағасы.
Дін мәселесі де аса өзекті. Осы саланы реттеудің құқықтық негізін дәстүрлі әдет-ғұрпымыз бен құндылықтарымызға, зайырлы мемлекет қағидаттарына сүйене отырып, қайта қарау қажет екенін жеткізді.
Сонымен қоса археология, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік наградалар саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысы күтіп тұр. Мәселен, кейінгі күндері қоғам қызу талқылап жатқан герб мәселесі өзекті болып отыр. Шынтуайтында, аталған мәселенің талқыға түсуі – қоғамдағы пікір алуандығының көрінісі. Қолданыстағы гербтің бейнесіне байланысты жастар, қоғам белсенділері тарапынан көтерілген ұсынысқа президентіміз құрылтайда өз пікірін білдіріп, ортақ, байыпты шешімге келуге шақырды. Мемлекет басшысы осылайша герб мәселесін ашық талқылауға шығарып отыр. Бұл ретте жалпы жұртшылықпен бірге, мемлекеттік символиканы зерттеп жүрген геральдика саласының кәсіпқой мамандарының ұсыныстары жете талқылануы қажет. Біздің герб сан ғасырлық тарихымызды таңбалайтын, мемлекетіміздің айбынын асыратын, халқымыздың асқақ рухын айшықтайтын негізгі символ болуы керек. Ең бастысы, еліміздің болашаққа ұмтылысын бейнелейтін бірегей атрибутикасына айналуы тиіс. Бұл, әрине, қоғам мен арнаулы комиссияның құзыретіндегі мәселе. Әріптестер, президент белгілеп берген бағыт-бағдар бәріңізге түсінікті деп ойлаймын, - деді Қошанов.
Палата төрағасы Президент депутаттардың бастамасымен әзірленген лудоманияға қарсы күрес жөніндегі заң жобасын осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырғанын атап өтті. Есірткіні өндіру мен тарату, вандализм сияқты проблемалардың шешімі заңнамалық деңгейде реттеуді талап етеді.
Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде Парламенттік тыңдау өткізуіміз қажет деп санаймын. Себебі келелі жиында айтылған нақты ұсыныстарды орындау бойынша мақсат-міндеттерімізді бірге айқындауымыз керек, – деп қорытындылады сөзін Е.Қошанов.
Пікірлер (0)