«Мейіріміне мұқтажбын»: Тұрсынбаева анасына қатысты өкінішін қазақы менталиттен көрді (ВИДЕО)
Фотосурет: видеодан скриншот
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Instagram-дағы парақшасында анасы Манат туралы жазба жариялап, оқырманды ойға қалдырды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Мені 9 ай 10 күн көтеріп, тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп тапқан анам – осы кісі. Аты – Манат. Бірақ мен қазақтың менталитетімен шешемді «шеше» деп атамаған адаммын. Әлі күнге дейін атымен айтамын. Соған қарамастан, іштей жақсы көремін, жүрегім елжірейді, іздеймін, мейіріміне мұқтажбын, – деп жазды ол.
Ақынның айтуынша, Қарақат Әбілдина орындайтын «Аяулы анам» әні дәл осы анасына арналып жазылған. Сондай-ақ марқұм әжесінің өзіне деген шексіз махаббатын өмір бойы ерекше қызғанышпен көрсетіп өткенін де атап өтті.
Бүгін Алланың қалауымен анамыз 68 жасқа толып жатыр. Алла бұл кісіні сүйеді. Себебі отбасынан да, балаларынан да тек жақсылық көріп отыр. 11 немересінің сүйікті әжесі, – деді Айнұр Тұрсынбаева.
Жазба соңында ол анасына ізгі тілегін арнап, иман байлығы мен ұзақ ғұмыр тіледі.
Ин ша Алла, бірге қажылыққа да баратын күн алыс емес. Маған ақылды сіңлілер, сабырлы бауыр туып бергенің үшін мың алғыс. Лайым, аналарымыз аман жүрсін! – деп жазды ол.
Пікірлер (0)