Мемлекеттік тілді менсінбеу неден басталады?
Жаңалықтар
210
Әлеуметтік желілерде жазылып жүрген мәселе көп. Алайда жұрт тіл тағдырына қатысты жазбадан бейжай өтіп кетпейді, онда көтерілген мәселеге жүрдім-бардым қарамайды. Осыдан-ақ отызжылдық тәуелсіздігімізде мемлекеттік тіліміздің тұғырын тіктей алмағанымыз көптің жанына бататынын аңғаруға болады...
Әлеуметтік желіде қызу талқыланған сондай жазбаның бірі жақында азаматтық қорғау подполковнигі Бақыт Сырғабековтің Facebook парақшасында жарияланды. Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі 12-өрт сөндіру бөлімінің басшысы министрліктің «Пожарный и спасатель Казахстана» журналына ұжым болып жазылудан бас тартатындықтарын айтып, жазба қалдырған болатын. Басты себеп – журнал атауының, басылымның ішкі мазмұнының 70 пайыз орыс тілінде жариялануы.
«Журнал неге «Қазақстанның өрт сөндірушісі және құтқарушысы» деп аталмайды? №12 өрт сөндіру бөлімінде 1 қызметкер ғана орыс ұлтының өкілі, қалған 81 қызметкердің барлығы – қазақ. Министрліктегі қызметкерлердің 90 пайызы қазақ. Егеменді ел атанғанымызға 30 жыл болды, ТЖМ-нің құрылғанына 25 жылдан асты. Солай бола тұра әлі күнге дейін жетім баланың күйін кешіп жалтақтаймыз, құлдық көзқарастан арыла алмай келеміз. Тәуелсіз елдің азаматы ретінде ведомстволық журналға тек атауын қазақшаға өзгертіп және мемлекеттік тілде шыққан кезде ғана жазылатынымызды мәлімдедік», делінген жазбада. Желіде қызу талқыға түскен осы мәселеден кейін Б.Сырғабеков басшылық тарапынан өзіне және журналға жазылудан бас тартқан жеке құрамға қысым жасалып, іріткі салу және арандату фактілері болып жатқанын айтып, 19 қаңтар 2022 жылы тағы жазба қалдырған.
Сөзін Президент Әкімшілігі, Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік басшыларына бағыттаған ол: «Бөлім бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Б.Әбдірасыл таңертеңгілік саптық тарауда жеке құрамға «Журналға жазыласыңдар, ал жазылмағандардың тізімін жоғары жаққа беремін. Ертең сыйақыдан қағыласыңдар, аттестация тапсырғанда қиын болады. «Сопротивления бесполезно, все равно заставят!» деп жеке құрамға қысым көрсете бастаған. Қазақ тілі – Қазақстанда туып, Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін осы елдің патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Мемлекеттік тілдің қазақ жерін мекендеген барлық ұлттардың тілі екенін ұмытпауымыз қажет. Осыған орай 12-өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамына заңсыз қысым көрсетуді тоқтатқызуларыңызды сұраймын», дейді. Осы жазбадан кейін біз Б.Сырғабековтің өзімен сөйлесіп, айтылған мәселелерге қатысты сауалдарымызды қоймақ болғанбыз. Алайда ол «Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексіне» сәйкес басшылығының рұқсатынсыз БАҚ-қа сұхбат бере алмайтынын алға тартты. Соған қарағанда, ТЖМ басшылығы оған осы кодекстегі «Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның бұған уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады» деген қағидатты қатаң есіне салып қойса керек.
Жартасқа тіл жаңғыртқандай болмайық деп, сұрақтарымызды Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге жолдадық. Төтенше жағдайлар вице-министрі М.Күлдіков қол қойған ресми хатта «Пожарный и спасатель Казахстана» журналының биылғы қаңтар айынан бастап «Қазақстан құтқарушылары» атауымен шығарыла бастағаны туралы айтылады. Сондай-ақ хатта: «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің талаптарына сәйкес журналда ақпарат екі тілде жарияланады. Негізінен мемлекеттік тілдегі мақалаларға басымдық беріледі. Ал қызметкерлер арасында журналға жазылу еркін түрде жүргізіледі», делінген. Осы айтылғандарға көз жеткізу үшін журналдың 2021 жылдың соңында шыққан екі санын парақтап шыққан едік. Қараша және желтоқсан айларында жарияланған екі журналда 60-қа тарта материал жарияланса, соның жартысына жуығы қазақ тілінде екен. М.Күлдіков мәлімдегендей, «мемлекеттік тілдегі мақалаларға басымдық берілгенін» аса байқай қоймадық. Оның үстіне, басылымдағы басты мақалалар мен өзекті ақпараттардың дені орысша берілген.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ведомствода мемлекеттік тілде жүргізілетін құжат айналымының үлесі 92 пайызға жеткен. Ресми хатта мемлекеттік тілде іс жүргізетін өзге этнос өкілдерінің еңбекақысына үстемеақы қосылмайтындығы туралы да жазылған. Ал біздің әлеуметтік желідегі жазбадан кейін оның авторы мен 12-өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамына жасала бастаған қысымдар жөніндегі сұрағымызға М Күлдіков: «Бұған дейін де, Б.Сырғабеков әлеуметтік желіде жазба қалдырғаннан кейін де оған және жеке құрамға журналға жазылу бойынша ешқандай қысым көрсетілген жоқ. Сондай-ақ министрлікке осы мәселеге қатысты заңсыз іс-әрекеттер туралы шағымдар түскен емес», деп жауап берген. Керісінше, Б.Сырғабековтің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін бұған дейін 6 рет тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын, оған жарияланған «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасы бар екенін тізбелеп шыққан. Тіпті «Қазіргі таңда Б.Сырғабековке тікелей бағынысты 12-өрт сөндіру бөлімі қызметкерінің 7 қаңтар күні (Төтенше жағдай кезінде) алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйінде жол-көлік оқиғасына жол беру фактісі бойынша қызметтік тергеу аяқталды. Осы қызметтік тергеу аясында Б.Сырғабековтің жеке құрам арасында тәрбие және профилактикалық жұмысты ұйымдастыру бойынша лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілігі қаралуда. Нәтижесі әлі шыққан жоқ» деп, «Құқық қорғау қызметі туралы заңнаманың талаптарына сәйкес әрбір басшы өз қызметкерлері арасындағы қызметтік тәртіптің жай-күйіне, сондай-ақ сеніп тапсырылған бөлімшелердегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жауапты» екенін ескерткен.
«Отыз жыл жалтақтағанымыз жетеді» деп, басылымның орысша атауынан басталған талаптың соңы осылайша «тәртіптік жазаға» ұласып кеткен. Тіл тағдырын осылай тіліп айтпаса, талай мекеменің ащы ішектей созып жүре беретінін көз көріп жүр. Өткен жылдың соңында жарияланған осы жазбадан кейін айналасы бірер аптаның ішінде журналдың атауы толық қазақшаға өзгеріп шыға келген. Алайда осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді қажет етпей келген басылымның артында бүкіл бір ведомствоның тұрғанын естен шығармаған жөн. Оның үстіне еліміздегі «Тiл туралы» заңның 7-бабына сәйкес «Қазақстанда тiлдiк белгiсi бойынша азаматтардың құқықтарын кемсiтуге жол берiлмейдi». Жол берілмеуі керек...
Бану ӘДІЛЖАН
Пікірлер (0)