«Қытайдан қорықсақ, Айға не Марсқа көшіп кетейік»: Әкім Берік Уәли қатаң сынға қалды (ВИДЕО)

Жаңалықтар
view 105
news

Фото: видеодан скрин

Аягөзде өткен кездесу барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли Қытайдан келетін азаматтар мен инвесторларға қатысты туындаған алаңдаушылыққа түсініктеме берді, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Тұрғындардың бірі қонақүйлер мен қоғамдық орындарда қытай азаматтары көбейіп кеткенін айтып, олардың аймақта не себепті жүргенін сұраған.

Әкім бұған алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтты. Оның сөзіне сенсек, шетелдік, соның ішінде қытайлық инвестициядан қорқудың қажеті жоқ, керісінше, оны аймақтың дамуы үшін тиімді пайдаланған жөн.

Бүгінде әлемнің көп бөлігі Қытайдың инвестициясына мұқтаж. Біз мұндай мүмкіндіктерден өз еркімізбен бас тартпауымыз керек. Егер Қытайдан қорықсақ, айға немесе Марсқа көшіп кетейік, - деді облыс әкімі.

Білдей Абай өңірін басқарып отырған әкімнің бұл сөзі көпшілікке жақпай қалды. Солардың бірі – ұстаз, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы. Алтынсарин төсбелгісі иегері Ақмарал Шатемірқызы. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында әкімді сынап тастады. 

Абай облысының әкімі мен ауыл тұрғыны арасындағы диалогқа назар аудардым. Әкім мырзаның (сөздік қоры мол, көркем сөйлейтін, халқының жағдайын түсінетін мемлекетшіл әкім деп ойлаушы едім) «Қытайға қазақша сөйле деген сотталады», «Қытайлар келді деп, Айға не Марсқа көшіп кетпейміз ғой» деген жауабын қалай түсінуге болады? Жауабы мүлдем көңілге қонбады.

Ауыл адамының сұрағы – жеңіл-желпі эмоция емес, шынайы алаңдаушылық. Қытайлардың қаптап жүруі бәріміздің көңілімізді алаңдатуда: жер сатып алып жатқаны, аэропортта кішкентай баламен ұсталғаны, тілімізді місе тұтпауы, қазақ қыздарына үйленіп жатқаны, Шығыс Қазақстандағы алтын қазып жатқан аймақтағы таза су мәселесі, т.б., - деп жазды ол.

Ұстаздың пікірінше, қаржылық сауаты әртүрлі халық «инвестиция», «пайда», «үлес», «жоба» деген терминдерді толық түсіне бермейді. Сондықтан әкім мұндай сұраққа салмақты, нақты ақпаратпен жауап беруге тиіс еді.

Сондай-ақ ол халық әкімнен «Марсқа ұшуды» емес, нақты ақпарат пен ашықтықты күтетінін, ал Жер – жеке әкімдердің емес, қазақ халқының жері екенін еске салды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *