Қадірлі оқырман, «Жаңа бастау» редакциясы сіздердің назарларыңызға қасиетті де киелі поэзияның босағасын жаңа аттаған жас ақын Оралбек Нүрүштің өлеңдерін ұсынады. Оның мөп-мөлдір, тұнық, тап-таза жан әлеміне қош келіпсіздер!
Балалық
Кеше ғана аяқты шала басып,
Жүруші едім әкеме жағаласып.
Әкеме еріп жылқыға барғанымда,
Құтыратын жирен тай ала қашып.
Тастағым кеп бойымнан балалықты,
Мен дарыттым ойыма даналықты.
Әрқашан да қасымнан табылатын,
Ең қадірлі асыл жан, Ана-мықты.
Мектеп кезі. Қоңырау… Ұмытпаспыз,
Сол кездердің қадірін дым ұқпаппыз.
… Сыныпта ылғи күлімдеп отырушы еді,
Мен сүйетін сыныптас қыз.
Одан бері:
Күрең күзде жапырақ күбірледі,
Қыс та өтті, жаз сыры «бүгілмеді».
Сыныптағы мен сүйген сол арудай,
Талай Көктем күлімдеді.
Жылдар жүйрік асудан барады асып,
Қол бұлғайды күндер де қабағы ашық.
Балалығым кетіпті баяғыда,
Жирен тайдай ала қашып…
***
Түнгі аспанға,
Сырымды айтам жанымды мұң басқанда,
Сосын тағы сұраймын жұлдыздардан,
Айналсын деп тағдырым жыр-дастанға.
Жұлдыздарым,
Қалтыратып барады түнгі ызғарың.
Сен де күліп тұрсың ғой миығыңнан,
Кетерсің-ау ұмытып күндіз бәрін.
Өмір — Арман,
Ғайып болып кеткендей бүгін алдан.
Алдамшы жас көзінен мөлдіреген,
Баяғыда сұлудан көңіл қалған.
Түнде менің,
Өкінішке толады күнделігім.
Қазір өртеп, лақтырсам… Таң атқанда,
Қырға біткен көктемдей гүлдер едім.
Солай…
***
Мен ол түні ессіз болдым,
Күшсіз болғам жоқ бірақ.
Сырын таппай шексіз жолдың,
Санамда жүр көп сұрақ.
Иә, сол түні мына басқа,
Ойлар келіп не түрлі.
Біреу мені арбаған да,
Қарғаған да секілді.
От лаулаған сезімдерді,
Төзімдерді тауысып,
Одан бері күндер өтті,
Жылдар өтті ауысып.
Қасымда сен гүлдей жайнап,
Жүруші едің нұрланып.
…Бармағымды тістеп қалдым,
Бақытымнан құр қалып.
Аңсап сені құлазыдым,
Тауым талай шағылды.
… Сен ұмытып кеттің бе екен,
Ең бақытты шағыңды?!
Өлең!
Мендік көңіл күз келсе гүлденеді,
Қуантады, мұңайтып бірде мені.
Қоңыр кеште ат мінген сүйкімді қыз,
Мені ынтық қып о, тоба, күлген еді…
Күз келгенде жүрегім тебіреніп,
Тебіреніп, сүйеді ебі келіп.
Қос жанарым ғашық боп қалды тағы,
Сені көріп.
Айдай аппақ жүзің де ұнайды шын.
Анаааау жұлдыз секілді шырайлысың.
Өтінемін жоғалып кетпеші енді,
Құдай үшін.
Ауылым сағындырып…
Қаладамын.
Ауылдың да жүрегін жараладым.
Санамдағы аңсауды ауыл жайлы,
Ақ қағазға түсіру, бар амалым.
Қалың тұман көңілді тұмшалаған,
Сағыныштан құс қанат жыр самғаған.
Қайғы-мұңсыз өсірген, қайран ауыл,
Боларсың ба тым алыс мұнша маған?!
Туған ауыл жуған жер жөргегімді,
Саған барар жүректе жол бөгелді.
…Түс көремін. Түсімде жүрем ылғи,
Торғын белде желдіртіп торы дөненді.
Сұлулығы даланың қандай ұлы, ә?!
Самал желі бақ беріп маңдайыма.
…Қой кезекте ерекше күй кешемін,
Қой бүлдірген лақтырып таңдайыма.
Арман атты тұлпардың жетегінде,
Тағдырдың белесіне жетемін бе?
Құрысыншы, жазамын осы өлеңді,
Содан кейін ауылға кетем мүлде.
Оты сөніп кеудемде балалықтың,
Балалықтың бал шағын қалада ұқтым.
Ұзағалы мен сенен, қайран ауыл,
Жүдеп жүрген көңілі қалалықпын!..
***
Туған ауыл. Тамыз айы. Барқыт түн,
Барқыт түнге үлкен үміт артыппын.
Ай нұрланып, жұлдыздары жымыңдап,
Мен келді деп төгіп жатыр сарқытын.
Сағынышым алаулайды, маздайды,
Көңілімде жоқ емес қой аз қайғы.
Құс әнімен тербетіліп тұла бой,
"Құс жолына" ұшып кете жаздайды.
… Маған қарай жүгіріңдер, толқындар,
Иә, сендерсіз мына миым солқылдар.
Толқып тұрып өлең оқып берейін,
Дәл сендердей өлеңімді кім тыңдар?!
Жүрегімді мазалайды күйік бір,
Мен де бұрын болушы едім сүйікті ұл.
Ауыл, сені сағынғаннан ыстық жас,
Жанарымнан сүмбіледей құйып тұр.
Ауыл түні тыныш соооондай өзгеше,
Басып қайттық сағынышты біз кеше.
Ауыл жаққа жіберіңдер бәрін де,
Кей адамдар бақыттарын іздесе…
***
Ауыл жайлы тағы да мына өлеңім,
Қамшысындай әкемнің жыр өремін.
Тар қаланың көшесі жалықтырды,
Содан болар бұл күнде жүдегенім.
Қарашада ұнайды мынау ғалам,
Қарашықта ақ ұлпа қылаулаған.
Қарашы, әне, бір ыстық сағыныш бар,
Қанатында тырнаның тыраулаған.
Қанатында тырнаның тыраулаған,
Күндер өтіп, ақырын түн аунаған.
Қиқу-қиқу әндеткен құстарымен,
Қимай-қимай қоштасып тұр-ау далам.
Күңіреніп келеді кешкі бұлт та,
Жарқ-жұрқ етіп көрсетпей еш қылық та.
Жалғыз қалған адамдай мұңға батып,
Қарсақ отыр шоқиып ескі жұртта.
Ескі жұртта шоқиып қарсақ отыр,
Күз келді деп баршаға жар сап отыр.
Тар қалада шымырлап тұла бойы,
Ауыл, ұлың өзіңді аңсап отыр.
Неткен ғажап туған жер күнін жырлау,
Неткен ғажап туған жер түнін жырлау.
…Қарашада қамыққан мендік көңіл,
Қоңыр күздің кешіндей бұлыңғырлау.
***
Қала. Түн. Ойларымның сабылысы,
Ай нұры жанарыммен шағылысып.
Дүрбелең тіршілігім тынышталып,
Барады көше кезіп сағынышым.
Бұл қала қоймады рас, жанды ұғына,
Талай жыл қаңғыдым да.
Есіме есім кеткен кез оралса,
Өкпелеп қалам кейде тағдырыма.
Анау бақта қайыңдар күрсінеді,
Ақыннан жапыраққа жыр сіңеді.
Ең алғаш келгенімде бұл қалаға,
Паңданып күзгі қайың «кімсің?» деді.
О, тоба, олар неге күрсінеді?!
Ғашық боп Көкшетаудың аруына,
Ғашық боп нөсерлеген жауынына.
...Мерген ағам айтады ылғи маған,
«Өлең арнай берме,– деп,– ауылыңа».
Құстардың қанатында ауыр қайғы,
Мен қалай өлең жазбайм ауыл жайлы?
Жел қуған бұлтпен бірге ере кетсем,
Үстіне ауылымның дамылдаймын.
P.S
Көкшетау. Көңілімде өлмес үміт,
Жүрекке махаббатпен гүлді өсіріп.
Жапыраққа айналған өлеңдердей,
Барады сағынышым түнге сіңіп.
Көктем келсе…
Ой, керемет ауылдағы тіршілік,
Ертесімен күн шығады ұмсынып.
Дала қазір жұмақ баққа айналған,
Әр қырына алуан-алуан гүл шығып.
Жылқылар жүр көркі болып аңғардың,
Жылқы бақтым, мен осыны аңғардым.
Көк биесі құлындаған көршінің,
Кеше барып сүйіншісін алғанмын.
Бақторымның* қимылдары ұнамды әр,
Қамшысыз-ақ жорғалар да сылаңдар.
Қасқа айғырдың үйіріне қоқаңдап,
Осқырады көкке тойған құнандар.
Азулы айғыр құнандарға атылып,
Жаясына азу тісін батырып,
Қуып шығып үйірінен біржола,
Емін-еркін жайылады ақыры.
Сосын құстар…
Жылы жақтан келген құстар ән салар,
Иә, оларға мендік көңіл тамсанар.
Шапағатқа бөлеп жатқан даланы,
Шынымен де табиғатқа әнші олар.
… Ауыл іші. Алма ағашы бүр жарып,
(Қаз бүреді балапанын қызғанып).
Мөңірейді іңір түсе Ақмаңдай**,
Ә, шамасы, желіндері сыздады.
Мол бақытқа бір кенеліп қаласың.
Еркелетіп отау құрған баласын,
Сиыр сауып, сүт тартуды бір кеште,
Келініне үйретеді Анашым.
Немересін мойынына мінгізіп,
Тәй-тәйлатып жүргізіп,
Әкем де тұр өң келбеті нұрланып:
«Немерем де бір қызық»
P.S
Көше бойы жылулық,
Ойын қуған балаларда — сұлулық.
Мен қалаға кетіп бара жатырмын,
Кері қарай бұрылып…
*Бақторы — астымдағы жорғам.
**Ақмаңдай — сиыр.
***
Аяулысы он сегіз мың ғаламның,
Одан асқан жанды, сірә, табар кім?!
Жұлдыз санап тал бесікте тербеткен,
Жылы сөзі қандай тәтті Анамның.
Бала күнде ойнап жүріп жығылсақ,
Елжіреуші ең, тасқа басым ұрылса.
Білесің бе, аяулы ана, әлі сол,
Құлыншағың — ұрыншақ.
Аспандағы жұлдызымсың, айым да,
Иә, тәңірім, мені анамнан айырма.
Өздеріңе бір пайдасы тимеген,
Бұзық ұлды жүрсіңдер ме уайымдап?..
Сендік көңіл мөлдіріндей бұлақтың.
Іңгәләсәм мені талай уаттың.
…Түні бойы есерсоқ боп еліріп,
Мен ақымақ сені талай жылаттым.
Күйбең тірлік құрып кетсін, құрысын,
Дегеніммен «Анажаным — Ұлысың».
Мен өзіңе бір сыйлық та сыйламай,
Жұмыс істеп жүрмін сонда кім үшін?!
Әр сөзіңді жүрегіме ем қылып,
Жүре берші көз алдымда сен күліп.
Сағынғаннан өлең ғана жазады,
Тентек ұлың терезеге телміріп.
***
Менің,
Өлең жазғым келеді осы оқталып,
Шумақтардың әр жолына шоқ дарып.
Түн баласы жындануға шақ қалып,
Түлкі-ғұмыр тірліктен де бақ тауып.
Мына жұртқа бар сырымды ақтарып,
Мың жаладан бір-ақ сәтте ақталып.
Өткен күннің өкінішін ұмытып,
Кеудемдегі қасқыр рухты ұлытып.
Қарызымның бәрінен де құтылып,
Көңілдегі қайғы-мұңды ұшырып.
... Иә, жұбатып бойжеткенді жылаған,
Жүрегімді тазартамын күнәдан.
Ертең, әлде, бірсігүні тұра тұр,
Мен осылай өлең жазам сұрапыл!
Оралбек Есімұлы Нүрүш 1998 жылдың 3 сәуірінде СҚО, Уәлиханов ауданы, Өндіріс ауылында дүниеге келген. 2014-2018 жылы Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжін, 2018-2021 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Қазір М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері. Облыстық, аймақтық, қалалық жыр мүшәйраларының жүлдегері.
Пікірлер (0)