Мұнай ақшасы бітті: Билік неге халыққа ұнамайтын шешімдерді қабылдап отыр
Коллаж: egemen.kz
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Қазақстандағы қазіргі экономикалық ахуалға қатысты пікір білдірді. Бұған Премьер-министр Олжас Бектеновтің Президент Тоқаевқа берген есебі себеп болған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz-ке сілтеме жасаған JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Тоқаев Премьер-министрге бірқатар нақты міндет жүктеді
Әбішевтің пайымынша, қазіргі министрлер кабинеті соңғы жылдардағы ең ауыр әрі күрделі шешімдерді қабылдауға мәжбүр.
Соңғы жиырма жылда Қазақстан экономикасы мұнайдан түскен қаржыға әбден масайрап алды. Қандай да бір қиындық туындаса, дереу ақшаға көміп, бюджетті оңды-солды шашып келген едік. Қаржының біразы әлеуметтік қолдауға, тағы бір бөлігі популистік әрі жемқорлыққа бейім жобаларға кетті, – дейді саясаттанушы.
Сарапшының сөзінше, дәл қазір осы модель тығырыққа тірелген. Мұнайдан түскен табыстың маңызы әлсіреп, сыртқы және ішкі қысым артқан. Бүгінде мұнайдың 60 доллар шамасындағы бағасы 2002 жылғы 30 доллармен салыстырғанда, шынайы сатып алу қабілеті жағынан әлдеқайда төмен.
Мұның үстіне әлеуметтік шығындардың шарықтау шегі, ковидтен кейінгі тұрақсыздық, әлемдік санкциялық текетірес және жаһандық қайта бөлісу процесі қабаттаса түсті, – деп есептейді Әбішев.
Үкімет әрекеті қатал...
Оның айтуынша, қазіргі үкіметтің әрекеті қатаң болғанымен, бұл экономикалық заңдылық. Тариф пен бағаның көтерілуі тек инфрақұрылыммен ғана емес, экономиканың іргелі мәселелерімен де байланысты. Бағаның жалпы өсуі мен табыстың баяу артуы халықтың өмір сүру деңгейі мен еңбек өнімділігінің арасындағы алшақтықты көрсетіп отыр.
Табыс жайлап өскенде, бағаның қарқындап кетуі – экономиканың көрінбейтін қолы. Бұл еңбек өнімділігінің артта қалғанын білдіріп, қоғамды тынымсыз еңбекке итермелейді, – дейді сарапшы.
Осы жағдайды ескере отырып, Әбішев билік екі жолдың бірін таңдауға мәжбүр деп есептейді.
Не нарық заңдарына қарсы шығып, дисбалансты ұлғайтады, не қиын әрі халыққа ұнамайтын шешімдерді қабылдап, жағдайды тұрақтандырады. Қазір билік субсидияны күрт қысқартып, экономиканы нарық талаптарына сай реттеуге тырысуда. Бұған қоса, әлеуметтік міндеттемелерді орындай алу үшін бюджетке түсетін салық көлемін де арттыру қажет.
Үкімет экономикадағы субсидияларды жылдам қысқартып, нарықтық принциптерге көшуге мәжбүр. Сонымен қатар әлеуметтік міндеттерді орындай алу үшін бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында салықтарды көбейту қажет болып отыр, – дейді Әбішев.
Масылдық заманы келмеске кетеді
Саясаттанушы әлеуметтік саясаттың өзгергеніне де тоқталды. Қазір билік жаппай қолдау үлгісінен бас тартып, көмекке шынымен мұқтаж топтарға ғана көңіл бөлуге көшкен.
Толыққанды даму үшін тек бюджеттік емес, жекеменшік, соның ішінде шетелдік инвестицияның да орны бөлек, – дейді сарапшы.
Әбішев қоғамдағы қайшылыққа назар аударды. Билік шетелдік инвесторлармен белсенді келіссөз жүргізеді. Ал ел ішінде инвесторларға қойылатын талаптарды күшейтіп, бақылауды арттыру және сонымен қатар салықты көтермеу керектігі жиі айтылып жүр. Сарапшы бұл талаптар өзара үйлеспейтінін алға тартты.
Сөз соңында Әбішев экономикалық реформалар құқықтық тәртіп орнамайынша іске аспайтынын ескертті.
Бизнесті рейдерлік пен бюрократиялық қысымнан, адал емес бәсекеден қорғау қажет. Әлеуметтік-саяси қысымнан да бизнеске қауіп төнбеуі тиіс, – деген саясаттанушы бұл мәселе 2026 жылдың басты міндетіне айналатынына сенім білдірді.
Пікірлер (0)