Наурызды жаңаша атап өтсек те философиялық негізін сақтау керек - мәдениеттанушы
Фотосурет: ашық дереккөзден
Бас мейрам – Наурызды көпшілікке тәптіштеп таныстырып отырған артық болар. Одан да ол туралы сөзді өз маманы айтсын. Осы ұстаныммен біз белгілі мәдениеттанушы, Наурыз мейрамын бір кісідей зерттеп-зерделеген азамат Серік Ерғалиға бірнеше сұрақ қойдық. Жауабы да қысқа-нұсқа болды.
– Серік мырза, сізді мәдениеттанушы ғана емес, наурызтанушы ретінде де жақсы білеміз. Оқырманға түсінікті болуы үшін кезінде Кеңес үкіметі «діни мереке» деп тойлатпай қоған сол Наурыз мейрамының қазақ қоғамындағы орны туралы айтып өтсеңіз...
– Наурыз – қазақ мәдениетінің ең көне қабаттарынан бастау алатын дәстүр. Бұл – бір ғана жыл басы емес, табиғаттың жаңаруы, тіршіліктің қайта түлеуі, адамның өз-өзімен және қоғаммен жаңаша келісімге келуі. Қазақ халқы Наурызды бүкіл әлемге ортақ табиғи циклдің өзгерісі ретінде қабылдаған. Сондықтан бұл мейрамда діни сипаттан гөрі мәдени-рухани мән басым. Тағы бір айтарым, 22 наурызды 14 наурызға ауыстырып, мереке етіп бекіту қажет. «Мүшелдік жыл басы» деген мәртебе беру керек дегенді мен бұрыннан айтып келе жатырмын.
– Жарайды ол мәселе уақыт еншісінде делік, ал бұрын «ескіліктің сарқыншағы» деп келген Наурызды қазір атап өту дәстүріне өзгеріс еніп жатыр ма?
– Әрине, еніп жатыр. Қалалық орта мен жаһандану жағдайында ұлттық мерекелердің бейнесі жаңаша сипат алады. Бұрын ауылдық жерде кең дастархан жайып, бір-біріне кіріп-шығу, өкпе-ренішті кешіру сияқты салттар маңызды болатын. Қазір соның бір бөлігі сақталғанмен, үлкен мегаполистерде Наурыз көпшілік шараларға, этнофестивальдерге, мәдени перформанстарға айналып келеді. Бұл – табиғи үдеріс. Ең бастысы, мерекенің рухани өзегі жоғалмауы керек.
– Маман ретінде Наурыздың негізгі нышандарына тоқталсаңыз. Бүгінгі жастар оны қаншалықты түсінеді?
– Наурыздың нышандары өте көп. Мәселен, Наурыз көже – тоқшылық пен молшылықтың нышаны, алты түрлі тағамды біріктіру – бірлік пен берекенің белгісі. Табиғатты ояту, өсімдік егу, ағаш отырғызу адамның табиғат алдындағы жауапкершілігін көрсетеді. Көрісу дәстүрі – әлеуметтік байланыстың маңызды механизмі. Жастар бұл нышандардың бір бөлігін біледі, бірақ мәнін терең түсіндіру жұмысы әлі де қажет. Мектеп бағдарламасынан бастап, медиа-ағартушылыққа дейін осы бағытты күшейткен жөн.
– Кейінгі жылдары Наурызды жаңа форматта тойлау жиілеп келеді. Бұл үрдіс дәстүрлі ұлттық мазмұнға кері әсерін тигізбей ме?
– Ұлттық мазмұн жоғалмайды. Егер біз оның тамырын сақтап, уақыт талабына сай бейімдей алсақ. Заманауи фестивальдар, сәулеттік инсталляциялар, этно-арт жобалар арқылы халқымыздың көне дүниетанымын жаңа ұрпаққа жеткізудің мүмкіндігі кеңейеді. Мерекенің рухы – бейбітшілік, ізгілік, мейірім. Бұл құндылықтар өзгермейді. Сондықтан Наурызды жаңаша атап өтуге болады, бірақ оның философиялық негізін сақтау маңызды.
– Жалпы, осы мейрамды ұлттық бірегейлікті нығайтатын фактор ретінде қарастыруға бола ма?
– Әрине. Наурыз – этностық шеңберден асып, азаматтық деңгейге көтерілген мереке. Қазақстанда тұратын барлық халық бұл мейрамды ортақ құндылық ретінде қабылдайды. Бұл – бірлік идеясын күшейтетін, көпұлтты қоғамды біріктіретін мәдени код. Наурызды дұрыс ұйымдастырып, оның мазмұнын тереңдетсек, бұл мереке азаматтардың құндылықтық тұтастығын қалыптастыратын маңызды құралға айналады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ерік ЕЛЕУСІЗ
Пікірлер (0)