Нұрай Серікбай ісі: Алғашқы сот отырысы 21 шілдеде өтеді
фотосурет: әлеуметтік желіден
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысының күні белгілі болды. Бұл туралы Janabastau.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаровтың мәліметінше, істі алдын ала тыңдау 2026 жылғы 21 шілде күні сағат 10:00-де мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта өтеді.
Алдын ала сот тыңдауында істің негізгі қарауға дайындық деңгейі бағаланып, дәлелдемелерді зерттеу тәртібі айқындалады. Сонымен қатар сот процесінің алқабилердің қатысуымен өтетін-өтпейтіні туралы шешім қабылданады.
Еске салсақ, биыл қаңтар айында Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайға пышақпен шабуыл жасалып, ол оқиға орнында көз жұмған болатын. Тергеу мәліметінше, күдікті бұған дейін қызды ұзақ уақыт бойы қудалап, тіпті алып қашқан. Осыған байланысты құқық қорғау органдары адам өлтіру және сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Кейінірек, шамамен үш ай өткен соң, 28 жастағы күдіктінің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық денсаулық орталығына ауыстырылғаны мәлім болды. Осы жағдайдан кейін марқұмның жақындары күдіктінің психикалық жағдайына қатысты анықтама алып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып кетуі мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірді.
Алайда Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша айыпталушының есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. Оның айтуынша, қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары аяқталу кезеңіне жеткен.
Пікірлер (0)